Шымкентте 21 жастағы орыс жігіті ислам дінін қабылдап, сүндетке отырды (фото)
Шымкентте 21 жастағы орыс жігіті ислам дінін қабылдап, сүндетке отырды (фото)

Шымкентте ұлты орыс жігіт Ислам дінін қабылдады. Мұсылмандықтың алғышартын орындаған азаматты мешіт имамдары кіші қажылыққа алып барыпты.

өзге ұлт өкілінің өз өмірінде мұндай бетбұрыс жасауына не түрткі болды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

“Үйіміздің жанында мешіт болған, таңертең азан шақырған кезде жаныммен ләззат алатынмын”.

21 жастағы Николайдың – ұлты орыс. Ол Путилиндер отбасының тұңғыш перзенті. Ер жетіп, есі кіргенде ата-анасы Христиан дінінің белгісін мойнына тағып беріпті. Бірақ, белгісіз себептермен түсіп қала берді дейді. Ал сөйтіп жүргенінде мешіттегі азанның дауысы оның жүрегін елжіретіп, жан-дүниесіне ерекші бір ләззат сылапты. Осы жағдай мұсылмандыққа бет бұруына септігін тигізген. Сөйтіп, бар-жоғы бір айдың ішінде Ислам дінін қабылдауға шешім қабылдапты.

“Библияны адам жазған, қанша жылдан бері адам қолымен жазылған. Ол жерде қаншама рет қателіктер де болуы мүмкін. Бірақ, кеше мен Мединада Құран қарадым. 1000 жыл бұрын жазылған Құрандар да тұр. Қазіргімен салыстырсақ, екеуі бірдей” – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Николай Путилин.

Ұлының өзге дінді қабылдайтынын естіген ата-анасы алғашқыда естерінен танып қала жаздапты. Бірақ, көп ұзамай келісімін берген. Содан кейін, Николай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мақұлдаған діни кітаптарды оқып, мұсылманша сауатын аша бастаған. Оның үстіне, бұл шешімін әріптес ағасы да қолдаған екен. Сөйтіп, мешітте дін исламды қабылдаған. Ал, имамдар оған Кіші қажылықтың жолдамасын сыйға тартыпты. Жуырда Мекке мен Мединеде болып, мұсылмандықтың бір парызын орындап қайтты.

“Мекке-Мединедегі адамдарды көрген кезде, олардың мейірімділігін көрген кезде… Бір-біріне жамандық істемейді, шыбын өлтіретіндей әрекет жасамайды, содан кейін менің ішкі дүнием шынымен ауысып кетті” – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Николай Путилин.

Николай қағбаны 50 рет айналып, Кіші қажылық амалдарының барлық шарттарын орындап келіпті. Енді Құран кітаптарын оқып, сауатын жетілдірмекші. Әрбір жұма намазды қалт жібермеуге тырысады. Ал, исламды қабылдаған кезде бірден сүндетке отырған. Облыстық мешіттің наиб имамы Мұсабек Ақпанберді әлемді бейбітшілікке, мейірімділікке үндейтін ислам – Алланың ақиқат жолы әрі оған бет бұрған кез келген жан күшпен емес, өзінің ақыл-парасатымен, терең пайымымен түсіну керек дейді.

“Енді бізде санамызды сіңіп қалған мұсылман болудың бір белгісі, сүндетке отырғызуды деп біліп жататын жағдайлар бар. Бұл жәй ғана белгі, бұл өзге діни наным-сенім көзқарастағы адамдарда тазалық үшін сүндетке отырғызатын жағдайлар кездеседі. Ал, жалпы мұсылмандығымызды дәлелдейтін нақты әрекетіміз – Алланың жалғыз екенін, оның соңғы Елшісі Мұхаммед (с.а.у.) екенін тілмен айтып, жүрекпен бекітуіміз қажет” – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оңтүстік Қазақстан облысындағы өкіл имамының орынбасары Мұсабек Ақпанберді.

Бүгінде Ислам дінін қабылдаған жігіт жергілікті телеарнада тілші болып жұмыс істейді. Түрлі тақырыпта қалам тербеп, халықтың әлеуметтік мәселесін шешуде тер төгіп жүр.

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 ай бұрын 836
0 пікір
Блог туралы
0
581545 248 437 2366 167