Тамаданың тағдырын ойлағанда...
Тамаданың тағдырын ойлағанда...

«Есек кәртейсе жорға болады, ұры кәртейсе молда болады» демекші, осы мені үнемі ТАМАДА қартайса кім болады деген сұрақ мазалайды. Бір қарағанда мәнсіз ой секілді. Бірақ түбіне тереңірек бойласаң, әсіресе бүгінгі қазақ қоғамы үшін аса маңызды екенін аңғарасың. Сол үшін бұл жазбаны сабырмен оқуларыңызды сұраймын. Бұған біраз тамада достарым ренжуі мүмкін, өкпелесе өкперелі түс...песін. Біздікі талқыға салу...

Сонымен тамада қартайса кім болады? Жалпы осы тамада болатындар кімдер? Осы сұраққа жауап берелік әуелі. Тамада болу да өнер. Бірақ ең сүйкімсіз, ең бір қадірсіз өнер. Ешкім жетіскенінен тамада болмайды. Бәрінікі қу құлқынның қамы. Тамаданың басты міндеті әлдеакімдердің көңілінен шығу. Қалай болса да, той иесінің әрі тойға жиылған қауымның алдында сайқымазақ ойын көрсету. Өзінің бағасы сайқымазақтығына қарай өлшенеді. Жұртшылықтың көңілінен шығу оңай болсын ба? Күлдіру үшін не істемейді дейсіз. Ойдан-қырдан өтірік құрастырып, әзіл-оспақ әзірлеп, тост айтушылар мен той иесін жөнді-жөнсіз мақтап, күн кешеді. Мұнда өзіндік ұстаным деген жоқ. Сіз жалдамалы құлы секілдісіз. Қалайда көптің көңілінен шығу басты міндет екенін ұмытпайсыз. Ең аярлығы, тойда ұзақ уақыт тамада болғандардың аузының дуасы кетеді. Олар әрқашан жалған мақтауға, көпіртіп өтірік лепіре сөйлеуге, қалайда біреудің көңілінен шығуға ұмтылып тұрады болмаса керісінше, біреуді жамандап, өсекші жеңгейлер секілді бірді бірге жағыстырып, шағыстырып өмір сүруді дағдыларына айналдырады. Сенбесеңіз, тамадаларға назар салыңыз айналаңыздағы. Сөзінің де, өзінің де мағынасыздыққа мейлінше берілгіш екенін байқайсыз. Олар қай ортада жүрседе, өздерін тамада ретінде сезінеді. Жағымпаздық, іштарлық, тоғышарлық көздерін көлегейлеп тастағаны соншалық, өзінің осы бір мағынасыз кәсіптің кәнігі құлы екенін мақтан етуден арланбайды. Тамадалыққа бейімдердің көбі тіл мен жағына сүйенген, мектепте жүргенде бірер кітап оқыған, университетте КВН-ге қатысқан яки журфак пен филфакты жағалаған немесе содан білім алған, өнер саласындағы әлдебір мамандықты қудит-судитпен бітіргендер... Жол-жөнекей қосылғандары қаншама? Олардың телеарнада, радиода тыңдармандары мен көрермендері көп, тым құрығанда агентте үш қыз, фейсбукта төрт жақтасы бар...
Егер әлдебір әртістер тамада болмасын деңіз. Мейлі әншісі, мейлі актері болсын, олардың өнерінде береке, ой саларлық салмақтылық болмайды. Жылтыңдап, эфирден түспеуге құмартады. Олар өнерді танымалдыққа жұмсайды. Сондағы мақсаттары біреу: тойда өтімді тамадаға айналу. Басты орынға өнерді емес, тойды қояды. Тамада болу үшін, яки тойда ән айту үшін. Қазір екі актердің бірі тамада, үш әншінің екеуі тойшыл. Мәселен Нұржан Төлендиев секілділерді алайық. Жанып тұрған актер. Егер дұрыстап тәрбиелеп, бағын ашар болсаңыз, Джерар секілді жер жармаса да, ұлтқа қажетті өнер иесінің біріне айналар еді. Қазіргісі жүрдім-бардым,бүгін бар, ертең жоқ өтпелі мазмұнда. Бірақ олар ондай биікке ұмтылмайды. Керісінше, жалған да мәнсіз бағдарламалар мен тойларға үйір. Бір кем дүниенің бірі осы.
Егер ақын тамада болса, құрыды дей беріңіз. Олардың жазған жыры арзан ұйқасқа, жеңіл әзілге, жаттанды тақпақшылдыққа құрылады. Менің бір ағам бар. Өзі әдеби ортаға танымал ақын. Бірақ соны көрсем, мағынасыздыққа толы сөздері мен жалынсыз, жадау жүзін көріп, тезірек құтылуға асығасың. Ал ол болса, түкке тұрмайтын арзан ойларын жерден жеті қоян тапқандай күлкілі етіп баяндағанына мәз болып тұрады қашан көрсең. Сөздері де, күлдіргілері де жаттанды, жауыр болған дүниелер. Мұндай достарымыз жетерлік. Тізесі шыққан, әр тойда жыртыс секілді жыртылып жататын әзіл сымақтарын келсін-келмесін айта береді, айта береді...
Егер жазушы тамада болса, құдай төбесінен ұрды дей беріңіз. Олардың жазған дүниелерінде тұщымды ештеңе болмайды. Тақырыбы, ойы тәп-тәуір болса да, ол толық қанды әңгіме жазу қабілетінен айырылары мұнда тұрған іс. Жазған бірер жақсы дүниесі кезігіп қалады. Бірақ олары алғаш бастаған кезінде жазған болуы мүмкін. Қалған дүниелері арзан күлкіге шүпілдеген, ауылдың баяғыдан айтылып келе жатқан, құлағымыз жауыр болған тақырыбын айналсоқтауға әуес. Прозасы проза секілді, әңгімесі әңгіме секілді бірдеңе. Дүмбілез. Бірақ толыққанды шығарма немесе әңгіме емес, езу тартуға болар, бір оқысаңыз, ойыңыздан көбіктей тез өшер толымсыз туынды екенін байқау қиын емес. Менің бір досым бар, өзі мықты тамада. Жазғандары күлкі шақырады. Бірақ толымды ештеңе жоқ. Бір қызығы, оны әлеуметтік желілердің оқырман сияқтылары ауыздарынан сулары ағып, тамсана мақтап жатады. Өзіне де керегі сол. Агенттегі әлгі бір үш қыз бен фейсбуктегі төрт жігіттің көңілі үшін, солардың мақтауы үшін жазады не жазса да. Тамадалық дегеніміз сол, ең бастысы әлдекімдердің көңілінен шығу ғой. «Сұмдық, осыны қайдан таптың, недеген пәлесің?» деген толып жатқан мақтаулар үшін, ойына келгенін тізіп, астына әңгіме деп жазып қояды. Мұндай өлермендігіне, көңілден шығу үшін барын салатын «еңбекшілдігіне» қарап, қарадай аяйсың.Кафканың «Ашығу өнері» деген әңгімесіндегі бар күшін жұртшылықтың көңілінен шығуға, сөйтіп өзіне аяушылық пен батыл екен едйтін лепесті бұруға тырысатын әлгі бір сайқымазақ кейіпкеорі секілді, бейне.
Егер тамадаңыз саясаткер болса, онда өнер емес, тұтас қоғам зиян шегеді. Өкініштісі сол, қазіргі саясаткерлер мен билік мінбелеріндегілердің көбі тамадалар. Олар әлдекімнің көңілінен шығу үшін барын салады. Оларға халықтың көңілінен шығу міндет емес, тек әлдекімнің көңілінен шығулары керек. Байқайсыз ба, соңғы кездері бұл тіптен қалыптасқан үрдіске айналып бара жатқандай. Бір кісінің көңілінен шығу үшін жөнсіз, қисынсыз мақтау етек алғалы көп болды. Әй дейтін ешкім жоқ. Жағымпаздықтың жарысы, өтірікшілдіктің асқан озық үлгісі қалыптасты. Бірінен бірі өтеді. Бәрі өздерін тойда жүргендей сезінеді. Саяси тойлардың сандырағы мен қарапайым тойларыдң сценарийі жіті бақыласаңыз, бір анадан туғандай ұқсас екеніне көз жеткізесіз. Той иесінің көңілінен шығу үшін маймыл болуға әзір. Шынлдығында, маймыл болу тамадалықтың ең басты принципі деуге болады. Сайқымазақтың мұнан өткен сорақылығы болмас. Менің бір жақсы көретін ағам бар. Депутат. Бұрын салиқалы ойларымен ұнаушы еді.Әлде өзім солай деп сезінген шығармын. Өзін еркін пікірдің иесі сезінетін. Қазір барып тұрған суайттың өзі. Тамадалардай мағынасыз сөйлей береді. Елді күлдіргісі келетінін қайтерсіз сөйте тұрып. Қоспайтын жерге, бір кісінің атын қосып, әлдебір ауылдағы момын тұрғынның ешкісі егіз тапса да, сол кісінің арқасында буаз болып, егіз лақ тапқанын шімірікпестен айтып тұрады. Күлу былай тұрсын, аяғаннан жылағың келеді.
Қорыта айтқанда, тамадалықта ауру секілді. Күлдірем деп бүлдіріп, ел арасына рушылдық пен жершілдіктің, талғамсыздықтың ұрығын сеуіп жүргендей сезіледі маған. Сіз қалай ойлайсыз? Айналаңызда тамада бар ма, бар болса іс-әрекетіне, сөйлеу мәнеріне, айтқан әңгімесіне зер салыңызшы, Сіздің көңіліңізден шығу үшін өтірік жағымпазданып, болмаса әлдебір кісіні өтірік мақтап яки тағы да сіздің көңіліңізден шығу үшін жерден алып, жерге салып, әйтеуір біреудің көңілінен шығуға талпынып тұрған жоқ па? Егер солай болса, абайлаңыз, дерт жұқпалы, сізде мағынасыздыққа өз өзіңізден жұтылып кетпеңіз...
Тамада қартайса кім болады екен? Бұл – маңызды сұрақ...

Тоқтарәлі Таңжарық, ақын, журналист

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
1 ай бұрын 402
1 пікір
  • Бар ғой, бар..бүлдіретін де, күлдіретін де, ойландырып, жылататын да тамадалар бар. Жəне бəрі асаба болуға асық, ең оңай əрі мол табыс көзі болса керек олар үшін. Алаңдауыңыз орынды
    1 ай бұрын
Блог туралы
0
191398 236 405 2158 160