Ұрланған сәбіз немесе мен қалай аш қалдым?!
Ұрланған сәбіз немесе мен қалай аш қалдым?!

1998 жылдың жаз мезгілі. Мысыр елінде үш жарым жылдан аса уақыт болып, елге алғашқы келіп тұрған бетім. Бәрі таңсық, бәрі өзгеріп кеткен. Он алты жасар бала күйінде кеткен едім. Санамда үш жарым жыл бұрынғы суреттер ғана сақталған. Кішкентай іні-қарындастарымды көріп танымай тұрмын. Бәрі бір түнде өсіп кеткендей.

Отбасында он ағайындымыз. Олардың арасында ол кезде дінге бет бұрып, бес уақыт намазға тұрған ешкім жоқ еді. Ұзақ уақыттан бері мені көрмеген олар да мауқын басалмай жүр. Әсіресе шешем байқұс мен қай бөлмеге кірсем, сол жерден табылады. Ұйықтасам жаныма келіп байқатпай қарап тұрады.

Кеш ауа алдымдағы екі үлкен ағам шөп шабыстан оралды. Амандасып, қал жағдайымызды сұрасқанымыз сол еді, қалталарынан қып-қызыл ірі-ірі сәбіздерді шығара бастады. Мен: "Бұларды қайдан алдыңдар"- дедім. Ол екеуі жымыңдап: "Тауда бәленшелер сәбіз егіпті, үлкен болып жайқалып өсіпті. Сол жерден тамаққа қатқанға деп бірнешеуін жұлып алдық" - деді қисық еш нәрсе жасамағандай кейіппен. Мен де қарап қалмадым бірден: "Рұқсатсыз біреудің затын алу харам" дедім. Екі ағам да ештеңе түсінбеген кейіппен маған бажырайа қарап тұрды да: "Бізде ала береді. Онда тұрған несі бар"- деді. Осымен әңгіме тәмам болды. Әлдене уақыттан кейін кешкі ас та дайын болды. Дастарханда ұзақ жылдардан кейін бас қосып, төрт көзіміз түгел жайғасып отырғанымыз осы. Буы бұрқырап ыстық ас құйылды. Алдыма қойылған тамаққа үңілдім. Ішінде туралған қып-қызыл сәбіздер жүр. Жүрегім зірк ете қалды. Тағатсыздана: "Мынау бағанағы сәбіз бе?"- дедім. Бәрі үнсіз. Үнсіздікті "иә" деп үлкен ағам бұзды. "Онда мен іше алмайды екенмін, кешірерсіздер"- дедім де дастарханнан тұрып кеттім.

Сабыр сақтап отыра беруге де болар ма еді?. Бірақ төсектен тауып алған бір тал құрманы жеп қойғаннан кейін садақадан келген құрма болуы мүмкін деген күдікпен түні бойы дөмбекшіп ұйықтай алмай шыққан Алла елшісі есіме түсті. Қызметшісінің әкелген дәмінен ас татып, артынан оның харам табыс екені анықталғаннан кейін қос қолын аузына салып құсуға әрекет жасаған Әбу Бәкірдей сахабаның оқиғаларын оқып, бойға сіңіріп келген маған дастарханда одан әрі отыра беру қиын еді. Оның үстіне үлкен ағам: "Молдакеңнің құрсағы тоқ шығар, көресіңдер қарны ашқанда жалмаңдап өзі ақ жейді" - деп салды. Шешем "ішсеңші" - деп неше рет ұсынып көріп еді, онысынан нәтиже шықпады. Мен тұрып кеткеннен кейін кім не дегенін білмеймін. Бірақ үлкен ағамның өзін ақтап тағы да бір нәрселер дегені сөзсіз. Сол түні аш ұйықтадым. Таңғы асқа шешем кешегі астың дәмді жерінен, үлкен жілікті үстіне қойып қайтадан ұсынды. Мен тағы да бас тарттым. Мұны көрген екі ағамның өздерін біртүрлі сезініп отырғаны байқалды. Аз үнсіздіктен кейін екеуі де кешірім сұрап, "Сені аш қалдырдық. Бұдан кейін қайталанбайды молдеке"- деді де құшақтап, бетімнен сүйді. Менің іс-әрекетім олардың ар-ожданын оятты білем. Менің қалжыңдап отырмағанымды, бас тартуымның ішкі иманымның серпілі екенін ол екеуі де түсінді.

Кейде бір ғана іс-әрекет айтылған құрғақ уағыздан әлде қайда әсерлі болады. Бірнеше жылдан кейін Құдайға шүкір отбасы мүшелерінің көпшілігі намазға келді. Әлгі сәбіз ұрлағыш ағам қаладағы бір нан пісіретін кәсіпорынға күзетші болып жұмысқа тұрды. Кәсіпорындағы жұмысшылар үйлеріне қайтарда тәтті тоқаш, печенье дейсіз бе, жоқ ұн, қант, кәмпит дейсіз бе, бәрін сөмкелеріне тығып, сыртқа шығаратын көрінеді. Олармен есік аузында тексеріп тұрған күзетшілер бөліседі әрине. Бірақ ағам ешнәрсені қолына ілмейді. Үйге бір түйір ұрлық зат әкелмейді. Сөйтіп жүріп әлгі жердегі ұрлыққа шыдай алмай ол жұмысын тастап тынды.

Мұны көргенде мен баяғы ұрланған сәбізді еріксіз еске түсірдім.

Айгүл Орынбектің facebook парақшасынан

Abai.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
3 ай бұрын 424
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167