Әл-Фарабидің химия саласына қосқан үлесі
Әл-Фарабидің химия саласына қосқан үлесі

Әл-Фараби еңбектерінде жаратылыстану ғылымдары 8 бөлімнен тұрады.

Тарихқа көз жүгіртсек, Әбу Насыр әл-Фараби заманында орын алған әртүрлі саяси, әлеуметтік және мәдени іс-шаралар ғалымның дүниетанымының қалыптасуына үлкен септігін тигізген. Барлық ғылым жүйесіне үлкен мән берген Шығыс ойшылы Әл-Фараби жаратылыстану-химия ғылымдарын да жоғары деңгейде зерттеді. Әлемнің екінші ұстазы деп танылған Әбу Насыр әл-Фарабидің химия сынды күрделі салаға қандай үлес қосқанын білу үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Ахатаевты әңгімеге тартқан едік.

«Философия тасы» талайдың арманы болды

Қазіргі химияның арғы тарихы – алхимия десек, ол орта ғасырларда кең таралған ілім. Сол замандарда химияның өзінде қалыптасқан теория болмағандықтан, ол жалпы ғылымдағы үстем теорияның ықпалында болған. Ерте кезде «алғашқы ұстаз» атанған Аристотельдің (біздің жыл санауымыздан бұрынғы 384-322 жылдар) ілімі үстем болған. Яғни, Аристотельдің ілімі бойынша мән затта емес, оның қасиеттерінде, заттың қасиетін өзгертсе, зат өзі өзгереді дейтін. Заттарды өзгертуші «квинтэссенция» деген бар деді. Аристотельдің бұл ілімін шіркеу қолдап, оны мүлтіксіз, Құдай сөзіндей деп халыққа танытты.

Ертедегі Египетте, Қытайда, Үндістанда және Месопотамияда құнды заттардың бағасын өлшеуіш – алтын болды. Қолында алтыны бар адам басқа зат ұстаушыға да, зат істеушіге де үстем болды. Сол заманда Александрияда Аристотель ілімінің әсерінен, жай металдарды алтынға айналдыруға болады деген ұғым туды. Ол үшін квинтэссенцияның бір түрі – «философия тасын» табу керек болды. «Философия тасы» алтын жасағаннан басқа кәріні жасартады, ауруды сауықтырады, тағысын тағы деп ойлады. Сондықтан, ол кездегі химияны кәсіп етушілердің барлығының арманы «философия тасын» табу болды.

Әл-Фараби – Алхимияны құптаған алғашқы ғалымдардың бірі

Египетті және басқа шығыс елдерін арабтар жаулап алған соң (641 ж.) олардағы химиялық білімнің біразы арабтарға көшті. Арабтар ол кездегі химиялық білімді біршама байытты. Олар азот қышқылын, бірнеше тұздарды, басқа жаңа заттарды ашты. Яғни, олардың Гебер Джафар Йбн Хайан (721-815 ж.), Әбубәкір Мухаммед әл-Рази (866-925 ж.) сияқты атақты ғалымдары болды. Арабтар химия деген сөзге жұрнақ қосып алхимия деп өзгертті. Алхимия дәуірінде, әртүрлі уақытта практикалық химиямен айналысушылар болған. Дегенмен, ол сол кездердегі сиқыр әлемі мен астрологияға қарағанда белгілі бір ғылыми материалдардан құралатындығымен өзгеше бола бастады. Ғылым тарихында айтылып

жүргендей, қазіргі ғылыми химия алхимиядан кристалданып шыққан деуге болады. Бірақ, алхимия сенімді ғылыми фактілер мен дәлелдемелерге сүйене алмауымен дұрыс қолдау таппаған.

Сондықтан, Ибн Сина, Омар Хайям, Ибн Халдун және т.б. сияқты прогрессивті ойшыл-ғұламалар алхимиктерді сынға ала бастады. Бірақ, ең алғашқылардың бірі болып, алхимияның шынайылығы мен теріс жақтарын ажыратып, түсіндіруге тырысқан ғалым әл-Фараби болды.

Әл-Фарабидің химия туралы трактаты

Әл-Фараби өзінің «Химия өнерінің қажеттілігі туралы» деген трактатында: «Бұл өнерде қателіктің екі түрі ажыратылады: біріншісі – қабылдамау және бұрмалау, екіншісі танып, мойындай отыра, асыра айту мүмкіндіктері. Олардың екеуі де қателеседі» деген ой айтады. Ғұламаның айтуынша, бұл өнерді сипаттаушы адамдар, оған тең дәрежедегі данагөйлерге ғана түсінікті болу үшін оған құпия мағына беруге тырысты.

Әл-Фарабидің пікірінше, белгілі бір зерттеу объектісі бар ғылым әрі арзан металды қымбат металдарға айналдырудың сиқырлы өнері – алхимияны жаратылыстанудың құрамдас бөлігі ретінде қарастырған жөн. Жаратылыстану ғылымдары немесе физика, химия – бұл табиғат жайлы ғылым, оның негізгі қағидаттары мен бөліктері туралы, табиғат денелеріне қарым-қатынас пен өзара әрекеттестікке тән табиғи денелер мен элементтерді қарастырады.

Әл-Фараби еңбектерінде жаратылыстану ғылымдары 8 бөлімнен тұрады.

Табиғаттағы, жалпы барлық қарапайым және күрделі денелердің бастауын зерттеу;

Күрделі денелер құрайтын қарапайым денелерді және олардың бөліктері мен элементтерін зерттеу;

Табиғи денелердің бар-жоғын, олардың пайда болуы және жойылуын зерттеу;

Күрделі денелер компоненттерінің қасиеттерін, өзара әсерлесу екпіндерін зерттеу;

Күрделі денелерді, әртүрлі бөліктерді байланыстырудың табиғаты мен әдісін зерттеу;

Ұқсас емес бөлшектері бар, бірақ күрделі денелерді біртекті етіп біріктіретін нәрсені зерттеу, мысалы, минералдар;

Өсімдіктерді, олардың жалпы қасиеттерін, сорттарын және олардың әрқайсысына тән белгілерін зерттеу;

Жануарларды, олардың жалпы қасиеттерін, түрлерін зерттеу, олардың әрқайсысының психикалық күші мен өзіне тән белгілерін зерттеу.

Осылайша, ғұлама ғалым, әлемнің екінші ұстазы – Әл-Фараби бабамыздың теория мен практика арасындағы байланыс туралы керемет ойлары ғылым тарихында, оның ішінде, химия тарихында үлкен рөл атқарып, өзіндік орнын ала білді.

Skifnewskz 

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
2 ай бұрын 730
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167