Алматыдағы ғибадат орындары бір-бірінен көлемі, сыртқы бейнесі арқылы ерекшеленеді. Бірақ солардың ішінде сыртқы бейнесі өзге мешіттерге ұқсамайтын жаңа ғибадат орны бар. Ол – Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт. Zakon.kz Рамазан айына орай Алматыдағы мешіттер туралы мақалаларды жалғастырады.
Осыған дейін Алматы Орталық мешітінің тарихы туралы және әл-Хамид мешітінің ерекшелігі жайлы жаздық. Ал осы жолы мегаполистегі ең жаңа Абай Құнанбайұлы атындағы ғибадат орнының ерекшелігіне тоқталамыз.
Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт 2021 жылы ашылды. Оған дейін бұл орында шағын «Әмин» мешіті болды. Шамамен 300 шаршы метр болатын шағын «Әмин» мешіті 1991 жылы Хабибулла қажы ақсақалдың жергілікті жамағатты жұмылдыруымен тұрғызылған. Содан бері «Әмин» мешіті 28 жыл бойы Алматы тұрғындарының игілігі үшін қызмет етті.
2015 жылы мешіт толықтай жөнделіп, екі жағына мұнара, ортасына үлкен күмбез қойылды. Сол кезде мешіт кіре берісінде имам бөлмесі, діни сауат ашу курсына арналған сынып болған еді.
Сурет: ҚМДБ-ның ресми сайты
Осы жылдың мамыр айында жаңа мешіттің құрылысы басталды. Ғибадат орны екі жыл бойы салынды. Ал 2021 жылдың Рамазан айында, қасиетті жұма күнімен тұспа тұс жаңа мешіт жамағат игілігіне берілді.
Сурет: ҚМДБ-ның ресми сайты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толуына байланысты Бас мүфтидің бастамасымен 30 құдық, 30 көпір, 30 шәкіртке шәкіртақы беру, 30 мың түп ағаш егу, 30 мешіт құрылысын жүргізу және 30 мешіт есімін ауыстыру сынды шаралар қолға алынған еді. Осы орайда 60-тан аса жергілікті ақсақал мен ел ағалары қатысып, бір ауыздан «Әмин» мешітінің атауын «Абай Құнанбайұлы» деп өзгертуге келісім берген. Бұл келісімді ҚМДБ-ның бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы және Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Ахметжанқызы да мақұлдады. Осылайша Жетісу ауданындағы Әлихан Бөкейханов көшесі 484 мекенжайындағы «Әмин» мешітінің атауы «Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт» деп өзгертілді.
Мешіттің ерекшелігінің тағы бір тұсы – оған Абай Құнанбайұлының аты берілуі. Абай атамыз қазақ халқының абыройын әлемге танытқан үлкен тұлға екені баршаға белгілі. Абай атамыз медреседе оқыған, Қажы Құнанбай атамыздың тәрбиесін көрген. Сондықтан Абай атамыздың атын мешітке беру арқылы оның жолын, өмірін, өсиетін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсат етілді.Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы
Ерекше ғибадат орнының дизайнын Орталық Азиядағы ең үлкен Әзірет Сұлтан мешітінің сәулетін жасауға үлес қосқан және еліміздегі бірнеше мешіттің сызбасын жасаған архитектор Қайрат Оралбаев жасады.
Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі
Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі
Абай Құнанбайұлы атындағы мешіттің жалпы көлемі – 1300 шаршы метр. Мешіт екі қабаттан тұрады. Балконы да бар. Мұнда бір мезетте 2000-2500 адам құлшылық жасай алады.
Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі
Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі
Мешіт ауласында Медресе және көлік тұрағы салынған. Мешіт медресесі жергілікті тұрғындар мен оқушылардың келіп-кетіп білім алуына, сауат ашуына арналған. Мұнда жазғы демалыста мектеп оқушыларына лагерь ұйымдастырылады. Медреседе 50 ер бала және 40-қа жуық қыз баланың бір мезетте білім алуына мүмкіндік бар.
Сурет: Абай Құнанбайұлы атындағы мешіт әкімшілігі
Биыл Рамазан айында мешітте күнде 300 кісіге арнап ауызашар ұйымдастырылып жүр. Сонымен қатар мұнда күнде құран хатым оқылады.