АЛТЫН АҚША ОРНЫНА ЖҮРЕ МЕ?
АЛТЫН АҚША ОРНЫНА ЖҮРЕ МЕ?

Әлемде жаңа бір қаржы дағдарысының шеті қылтиып келеді. Өйткені, АҚШ долларына тәуелділіктен құтылу үшін көптеген алпауыт елдер алдағы уақытта сауда-саттықта есеп айырысуды тек алтынмен жүргізуге ұмтылуда. Бұған алтын қоры мардымсыз мемлекеттер қалай қарайды? Ең бастысы, АҚШ ондайға жол бере ме? Әрине, жоқ. Демек, алдағы уақытта алтын мен доллар ортасында үлкен тартыс туары хақ. Ал мұның кесірі әлемді жаңа бір қаржы дағдарысына алып келері хақ. 

Мәселен, немістің Die Welt газетінің есептеуінше Ресейдің алтын қоры тек ақпан айында 9,3 тонна алтынмен толықтырылған? Жалпы, қазіргі күні Ресейде 1650 тонна алтын бар. Сол секілді Германия да жанталаса алтын қорын көбейтуді қолға алып жатыр. Сондай-ақ, АҚШ-та сақтаулы тұрған алтындарын өз еліне қайтаруға күш салуда. Бұл додадан Қытай да кенже қалмауда. Демек, алдағы уақытта бұлардың барлығы сауда-саттықты тек алтынмен жүргізуі мүмкін. Онда доллардың күні қараң деуге болады. Бірақ, АҚШ билігін жаңадан қолына алған Трамп өзінің оңай шағылар жаңғақ емес екенін көрсетері белгілі. Ең бастысы – ол өзінің сауда саласындағы (жалпы барлық сала бойынша) бірден-бір қарсыласы Қытайға жол бермеуге тырыспақ. Яғни, Трамптың Қытай тауарларына 45% салық салуға шақыруы – соның бір көрінісі. Егер осы екі алып елдің арасында «сауда соғысы» басталатын болса, оның зардабы өзгелерге де тиері анық. Сарапшылардың есебінше, алдымен АҚШ экономикасы зардап шекпекші екен. Әсіресе, АҚШ-тың Apple, Boeing, Wal-Mart секілді ірі корпорациялары бәсекенің құрбаны болмақ. Мәселен, Apple жыл сайын Қытай тұтынушыларына 130-140 миллион айфон сатып келген. Ал АҚШ-тың өзінде ол смартфонды жылына небәрі 100 миллион адам ғана алады екен. Демек, айырмашылық үлкен. Қытай секілді ірі тұтыну нарығын жоғалтатын болса, Apple-дің болашағы бұлыңғыр болмақ. Сол секілді ұшақ жасайтын Boeing компаниясы да Қытайсыз күн көруі қиындап кетпек. Өйткені, қытайлар соңғы жылдары бұл компанияға 6810 ұшаққа тапсырыс берген. Егер Трамп «сауда соғысының» көрігін қыздыратын болса, Қытай жағы берген тапсырыстан бас тартары белгілі. Онда АҚШ ұшақ құрастыру саласында жұмыс істеп жатқан 150 мың маманды амалсыз қысқартуы керек. Мұның арты әлеуметтік жарылысқа әкелері анық. Сондай-ақ, компания қоржынға түскелі тұрған 1 триллион доллардан қағылмақ. Ал Қытай АҚШ нарығын жоғалтқанымен арзан тауарын өткізетін Азия, Латын Америкасы және Африка секілді нарығы бар. Ұтылары шамалы. Жалпы, бұл алда болуы мүмкін АҚШ пен Қытай арасындағы дау. Ал оның алдын алу үшін Қытай, Ресей, Иран және де бірқатар елдер АҚШ-тың сауда саласындағы ықпалын әлсірету үшін һәм долларға деген тәуелділіктен құтылу үшін алтынды пайдаланбақ. Әрине, мұның алдында бұл елдер екіжақты сауда келісімдерін ұлттық валюта арқылы жасамақ болып та келіскен. Бірақ, ұлттық валюталардың бағамы әр елде әртүрлі болғандықтан, бұл үлкен кедергі еді. Осының бәрін таразыға тартқан экономистер ең дұрысы алтынмен есептесу дұрыс деп тапқан секілді. Егер осы мәселе алдағы уақытта түпкілікті қолға алынатын болса, онда еліміздің алтын қоры оған жеткілікті ме? Бізге қайтпек керек? Нақты деректерге қарасақ, Қазақстан алтын қоры жағынан әлемде 21-орында екен. Былтырғы дерек бойынша 240 тонна алтын бар көрінеді.

Жангелді ШЫМШЫҚОВ, 
экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Елімізде алтын кеніштері жеткілікті. Одан өндіріліп жатқан алтын баршылық. Қазір соның бәрін өңдеп, өз елімізде қалдырудамыз. Жалпы, алтын өте өнімді активтердің қатарына жатады. Сыртқы қарызды да алтынмен жабуға болады. Бүгінгі күні Ұлттық банк елімізде өндірілген алтынның бәрін сатып алуда. Өйткені, сыртқы экономикалық қауіпсіздікті осымен қамтамасыз етудеміз. Дегенмен, доллардан құтылу үшін елдің бәрі алтынмен есеп айырысып кетеді деу қате пікір. Мәселен, кезінде Ливия басшысы Муаммар Каддафи «Алтын динар шығарамыз. Мұнайды тек алтынмен ғана сатамыз» деген еді. Бірақ, арты не болды? Осындай тірлік жасаймын деп мерт болған жоқ па? АҚШ оңайшылықпен ондайға жол бермесі хақ. Әрине, Қытай, Ресей секілді алыптардың мүмкіндігі бар. Бірақ, әңгіменің айтылуы бар да, оның іске асуы тағы бөлек. Сондықтан, сауда-саттықты тек алтын арқылы жасаймыз деу, әзірге жүзеге аспайтын дүние. Бізде де солай. Еліміз үшін доллардан құтылу мүмкін емес. Біз қанша долларсыздану саясатын ұстануға тырысқанымызбен бәрібір экспорт-импорт доллармен жүргізілуде. Теңге ондай құдіретті деңгейге көтеріле алған жоқ.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

aikyn.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 3142
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167