Қазақша атаулардың шығу тегі туралы небір қызықты ақпараттар көп. Күнделікті өмірде қазақ тілді азаматтар апта күндерін орысша қолдануға үйреніп кеткен. Сондай-ақ, көпшілік қауым апта күндері атауларының шығу тегін білмей жатады. Өткен жолы ай атауларының шығу тегіне тоқталсақ, бүгінгі материалымызда апта күндерінің атауларына шолу жасаймыз.
Алдымен апта күндерінің атауларына бір тоқталайық: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі. Ерте замандарда қазіргідей жаңа апта дүйсенбіден басталмай, жексенбіден басталып отырған. Жеті күн атауының ішінде жұмадан басқасы бір-біріне ұқсайды. Ал жұма күнінің атауы араб тілінен енген.
Қалған алты күннің атауы парсы тілінен енген. Бірақ өте ертеден қалған Иран жазбаларында бұл атауларды кездестіре алмаймыз.
Жеті күннің парсыша атауының алтауында «шембе» сөзі кездеседі.
Ғылыми мәліметтерге сүйенсек, парсы тіліндегі «шәмг-чирағ» қос сөзі қазақ тіліне еніп, «шамшырақ» болып кеткен, мағынасы - «жарық көзі», «сәуле шығатын нүкте». Жоғарыдағы «шембе» осыған жақын. Бұл сөздің төркіні әріде, Орта Шығыс халықтарының көне тілдерінде жатыр. Шумерше Күн - «Шамму», көне еврей тілінде аспан - «Хамму», вавилонша Күн - «Шамаш», көне сирия тілінде Күн - «Шәмші», арабша Күн - «әш-Шәмсі».
Сондай-ақ, «шембе» сөзі Қос өзен халықтарының бірінің (мәселен, Сирия) тіліндегі сөз болуы керек. Алғашқы тұлғасы «шәмме», «шәммі», «шәмму» болуы мүмкін. Қалай болған күнде де «шембе» сөзінің мағынасы - «жарық шығаратын аспан денесі», ол Күнді де, Айды да, жұлдыздар мен планеталарды да қамтиды. Бұл ұғымның аспан «құдайларына» тікелей қатысы жоқ. «Шембені» қазақ тіліне бір ауыз сөзбен аудару қиын, орысша «светило» («небесное светило») деуге болады.
Аптадағы жеті күннің бесеуінің аты «шембе» сөзінің алдына бір реттік сан есім қою арқылы жасалған. Мұндай сан есімдер бесеу: «йек», «дө», «се», «чехар», «пендж». Бұлар үнді-европалық тілдердің көпшілігіне ортақ. Үнді-европалық тілдерге үнді, иран, славян, герман, роман халықтарының т. б. тілдері жатады. Үнді тілдерінің көнелерінің бірі - санскрит ежелгі Үндістанның әдеби тілі, бұл тілде бірталай кітаптар жазылып қалған. Қазір практикада қолданылмайды. Көне парсы тілі санскритке жақын болған. Европалық тілдердегі көптеген сөздің түбірлері санскритте де ұшырасады.
«Бір» сан есімі санскритше және көне парсыша - «ека». «Жексенбі» атауындағы «йек» - осының аздап өзгерген түрі.
«Дүйсенбі» атауының «дө» бөлігі - «екі» сан есімі, ал санскритше - «дви», латынша - «диви», көне парсыша - «ду», орысша, полякша, болгарша, чехша, серб-хорватша - «два», румынша - «доуа», грекше және латышша - «дуо», ағылшынша - «ту» т.б.
Сейсенбі атауының «се» бөлігі «үш» санын білдіреді, көне парсыша алғашқы тұлғасы - «сірәй».
дүйсенбі - дө = шембе - до шінбе
сейсенбі - се = шембе - се шінбе
сәрсенбі - чехар = шембе - чеһар шінбе
бейсенбі - пендж = шембе - підж шінбе
жұма - джома - жұмға
сенбі - шембе - шінбе
жексенбі - йек=шембе - иік шінбе
Осылайша, апта күндерінің парсы тіліндегі атаулары кейіннен қалыптасқандығын білуге болады. Күн аттарындағы «шембе» сөзі - ежелгі Вавилон жерін мекендеген халықтардың сөзі, мағынасы - «жарық шығаратын аспан денесі», жалпылама атау, Күн, Ай, планета немесе жұлдыз екендігі айқындалмаған, әйтеуір солардың бірі.
Күн аттарындағы бес түрлі сан есім - үнді-европалық тілдердегі өздеріне сәйкес есімдердің нұсқалары. Апта күндерінің бұл атаулары планеталарға тәуелсіз, шартты түрдегі атаулар.
stan.kz