Астанада бір мешіт 1549 отбасыға ет таратты. Сіздерде ше?
Астанада бір мешіт 1549 отбасыға ет таратты. Сіздерде ше?

«Раббың үшін құрбан шал!» акциясының қорытындысы: 1549 отбасыға ет таратылды (ФОТО)

Исі мұсылман қауымы үшін қасиетті саналған Құрбан айт мерекесі де аяқталды. Раббысының разылығы үшін құрбандық шалып, құлшылық жасағандардың бұл мерекені енді бір жыл бойы сағына күтері анық. Мерейлі мерекенің мейірін сезінген мұқтаж жандар да бұл күндерді мейірлене еске алатын болады.

Үш күн бойы қазақ даласында тойланған Құрбан айт мейрамы  өте шыққанымен, айт күндері атқарылған шаруалар аз болмады. Қасиетті күндері тұрмысы төмен отбасылардың қазанында ет қайнап, материалдық көмек қана емес, мейірімге де қаталған жандар мерекенің шуағын сезінді.

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті жыл сайын осы мерекеге орай «Раббың үшін құрбан шал!» акциясын ұйымдастырып келе жатқанына биыл төртінші жыл. Биылғы жылы акция аясында жалпы саны 46 ірі қара жиналып, құрбандық малы «Алтын таға» мал базарында сойылды. Бұдан бөлек, аталмыш мал базары мен Метро сауда орталығында арнайы ет қабылдайтын көліктер қойылып, құрбандық еті жиналды. Осылайша, жалпы салмағы 10 тонна 843 кг ет жиналып, 1549 отбасыға бөлініп таратылды.

Ұлық мерекенің бірінші күні басталған басты рәсіміне ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, батасын арнады. Сондай-ақ, «Раббың үшін құрбан шал!» акциясының қатысушыларына арналып жайылған арнайы айт дастарханынан дәм ауыз тиіп, қайырымдылық шарасына қосылған жамағатқа ізгі тілегін айтып, дұға жасады.

Айта кетейік, биылғы жылы бірінші рет аталмыш мал базарындағы баға тұрақтандырылып, құрбандық шаламын деушілерге жағдай жасалған болатын. Діни басқарма ұсынған бұл бастамаға қолдау көрсеткен «Алтын таға» мал базарының директоры Айдар Сағадиұлын Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Алғыс хатпен» марапаттап, арнайы сыйлығын табыстады.

Құрбан айт мерекесінің бірінші күні басталған құрбандық шалу рәсімі келесі күні де жалғасып жатты. Ал, сойылып,сөмкелерге бөлініп салынған құрбандық еттері қасиетті айт мейрамының екінші күні Елорда маңындағы елдімекендерге таратылды. Дәлірек айтсақ, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Жаңажол және Оразақ ауылының тұрғындарына 210 пакет құрбандық еті мен арнайы азық-түлік пен балаларға арналған тәтті тағамдар толтырылған айттық сөмкелері үлестірілді.

Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мешітінен көмек сұраған 22 мекеме мен қоғамдық ұйымдарға – 423 пакет, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне –150 пакет, мешітке келіп, өтініш білдірген мұқтаж жандарға – 515 пакет құрбандық еттері таратылды. Бұдан бөлек, акцияға қатысушыларға құрбандық етінің үштен бір бөлігі, яғни 251 пакет ет берілді.

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
9 жыл бұрын 3820
1 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167