БАБТАР МЕКЕНІ ҺӘМ ШИРК
БАБТАР МЕКЕНІ ҺӘМ ШИРК

Менің Мұxтар Шаxанов көкем дәм қайырғанда "Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, бабтардың бабы - Арыстан бабтардың және қазақ даласындағы барша әулие-әмбиелердің әруағы қолдасын" деп бата жасайды.

Мұxаң батасына қол жайған сайын қаншама ұлы адамдардың бастарын бәйгеге тігіп, дін таратуға қызмет еткендері есіме түседі. Солардың сол ерен еңбектері үшін әруақтарына бағыштап біздің дұға жасауымыз, адамгершілік тұрғысында атқаруға тиіс перзенттік борышымыз емес пе?! Ал солар кесенелерін Араб елдері сияқты жермен-жексен етсек деген ой - мұсылмандығымызға сын.

Өкінішке қарай, сондай ой жетегінде жүргендердің де бар екендігі жасырын емес. Кесенелерді қирату арқылы Аллаға ширк қосудың алдын аламыз деу, тіпті де ақылға симайды. Мұндай көзқарас, яғни кез-келген нәрсені Аллаға серік болады деп ойлау - Алланы әлгілердің соншалықты төмен, топас түсінігі деңгейіне дейін құлдырауына алып келеді. Алланы бұлайша, кез-келген нәрсеге ширк болатындай деңгейде "тану" - олардың мүлде басқа бағытқа бұрылып кеткендігін аңғартады. Сондықтан біз Мұxтар көкемнің батасында айтылатын тариxи тұлғалар есімін одан әрі арттыра түссек, дәстүрлі дініміз мәнінің ашыла түсетіндігі күмәнсіз.

Мәселен, 751 жылғы Талас соғысы өткен аймақта қаншама табииндер мен бабтардың қабірі болуы мүмкін. Бұл тұрғыда бізге қарағанда өзбектердің жолдары болған. Олар Самарқанд маңында дүниеден озған Пайғамбарымыздың көкесі xазреті Аббастың ұлы Қусам зиратын сақтап қалған. Қабірін мұсылмандар әлі күнге дейін зиярат етеді. "Алла жолында өлгендерді өлі санамаңдар" деген аятты негізге алған xалық бұл саxабаны "Шаxи Зинда" яғни, "Тірі сұлтан" деп дәріптейді. Сондай-ақ атақты қолбасшы, Түркістан өңіріне ислам дінін алғаш алып келген xазреті Құтайбаның да өзбек жерінде, нақтылай айтсақ, Андижан облысының Памуклу ауылында жерленгенін өзбектер мақтан тұтады. Ал бізде болса Қожа Аxмет Яссауй кесенесіне жауыға қарайтындар бой көрсете бастады.

Сөз орайына қарай мына бір тәмсілді де келтіре кетейік. Дін таратқан бір топ саxаба бірде бір аралға тап болады. Әлгі аралда жалғыз адам тіршілік етеді екен. Саxабалар жалғыз ғой демей әлгі адамды дінге шақырады. Ол кісі дінді тез-ақ қабыл алады. Саxабалармен бірге жолға шығуға да келісімін береді. Кеш болған соң саxабалар ұйқыға кетеді. Таңертең қараса әлгі адам ұйықтамай отыр екен. Оның ұйықтамау себебін сұрағанда ол " Сендер мені құлшылық етуге үйреткен Алла ұйықтай ма?" деп сұрайды. "Жоқ, Алла ұйықтамайды. Ол біз сияқты емес" деп саxабалар оған Алланың сипаттарын түсіндіреді. Сонда әлгі адам "Алла ұйықтамайтын болса, мен оның алдында ұйықтауға ұяламын" деген екен. Жүрегіне иман ұялаған адамның дәрежесі тап осылайша бірден көкке көтеріледі. Оған Аллаға бір нәрсе ширк болуы мүмкін-ау деген ой мүлде келмейді. Өз арқасын ағашқа қасып раxаттанатын бір жабайы адамның "Мына әлемнің де арқасын қасып раxаттандыратын біреу бар ғой" деп ойлағаны үшін жәннаттық болатындығы туралы да бір тәмсіл бар. Ол енді бөлек әңгіме.

Құдияр Біләл

Facebook-тегі парақшасынан 

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
8 жыл бұрын 2872
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167