Бүгін бір шындықты айтқым кеп отыр...
Бүгін бір шындықты айтқым кеп отыр...

Мен оны жанымдай жақсы көремін. Көрмесем, елемесем, алыс жүрсем, бәлкім, арамыз суып кетер, ынтықтығым басылар, басқаша өмір сүруге үйреніп кетермін деп ойлаушы едім. Бірақ бәрі бір Алланың қолында екен... Қайта мен одан алыстаған сайын сағынышым үдеп барады.
Түнде түсіме кірді. Біздің үйде ме, әлде басқа біреудің үйінде ме, кішігірім той болып жатыр екен деймін. Әйтеуір елдің бәрі көңілді, жұлқынып билеп жатыр. Ортада молынан дастархан жаюлы тұр. Мен ғана көңілсізбін, саған сүзіліп қарап отырмын. Жақындасам ба деймін... Бірақ әйелім көріп қала ма деп қорқамын. 
Мен оны күн сайын, тіпті жиі-жиі көремін. Өткенде дүкенде көріп қалғаным әлі есімнен шықпайды. Сол баяғы күйі... Аппақ, томпиған моп-момақан, сүп-сүйкімді... Ол да мені көрді. Қызғансын деді ме артынша басқа бір адамның қолтығында кетіп бара жатты. Содан бері жатсам да, тұрсам да соны ойлаймын. Тіпті түнде әйелім ұйықтап қалғаннан кейін де оған барғым кеп, көпке дейін көз іле алмай жатамын. 
Менің оны жақсы көретінімді әйелім де біледі. Әрбір қимылымнан сезеді. Содан ба екеуіміздің бір-бірімізге жақындағанымызды жақтырмайды. Шынын айту керек, тиым салған. Тіпті жұмыста отырсам, телефон шалып, ананы бір сұрап, мынаны бір сұрап, тексеріп қоятыны бар.
Әрине, әйелім жұмыста күні бойы не істейтінімді, қайда барғанымды төбемнен төніп қарап тұрған жоқ қой. Үйден қырық қадам шыққаннан кейін не істеп, не қоятынымды кім біліп жатыр? Асханада жұмыс істейтін бір апайға осы жағдайды айтып едім: «Жап-жас жігітсің. Қайта осындай денсаулығыңның мықты кезінде пайдаланып қалу керек қой. Нағыз кемел шағыңда емессің бе?.. Ештеңеден қорықпа, тек қана алға!» деп, қайрап-қайрап жіберді. Сол күні сүйіктіммен оңашада армансыз сырластым. 
Бірақ кешке үйге келген соң қыпылықтап жүрдім, келіншегім біліп қоя ма деп... Біліп қоймас үшін берген тамағын опырып жей бердім, жей бердім... Сүйіктімнің тойдырып жібергенін ол қайдан білсін!
Міне, өмір осылай өтіп жатыр. Келіншегімді аяймын. Былтыр да келіншегіме «Бәрін қойдым, тойдым» деп уәде беріп, біраз уақытқа дейін тып-тыныш жүргенмін. Ақырында Қызылордадан Ержан қонақ боп келді де сонымен кафелетіп жүріп, дастарханнан дастархан... Сол күні сүйіктіме қалай қол созғанымды өзім де білмей қалыппын. 
Бір нәрсені мойындаймын. Шынында мен оған жоламасам, сағыныштан ба, әйтеуір лезде жүдеп кетемін. Арықтағаныма әйелім де қуанып қалады. 
Бірақ бәрібір онсыз өмір сүру мүмкін емес. 
Сондықтан мен нанды жақсы көремін. Мейлі, әйелім: «Орал, нан жеме, диета ұста, арықташы» деп, нан жеуіме тиым сала берсін. Бәрібір жұмыста жүргенде нан жегенімді қоймаймын.

Оралхан Даутовтың фейсбук парақшасынан

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
9 жыл бұрын 4398
1 пікір
  • ))))
    Кеше туыс інімнің жап-жақсы арықтағанына таң қалып, қалай арықтадың десем ауыр күрсініп ол үшін әйелің болу керек екен деп күлдірген еді.
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167