Екі әйелімен бір үйде тұратын қызылордалық жігіттің әңгімесі
Екі әйелімен бір үйде тұратын қызылордалық жігіттің әңгімесі

Ел аузынан «Қызылорда қаласында шамамен отыз жастағы жігіт бір шаңырақ астында бәйбіше-тоқалымен өмір сүріп жатыр екен», «Керек десеңіз, бәйбішесі тоқалды өзі алып беріпті» деген сөздерді құлағымыз шалып қалды. Көкейде туындаған сауалдар тыныш жатқыза ма, әлгі жігітті тауып алдық. Есімі Жомарт Қожабергенов екен. 

«Ат кісінескенше, адам сөйлескенше» емес пе, әңгіменің тығыны ағытылды да кетті.

– Жомарт, сіздің тоқал алғаныңызды естідік.

– Иә, рас.

– Тоқал алуға не түрткі болды? Бәйбішеңізді қалай көндірдіңіз?

– Себеп көп. Біріншіден, бәйбішем Нұргүл екеуміз келісіп шештік. Екіншіден, елдің демографиясына үлес қосайық деген ниетіміз болды. Өз ұрпағымның, қазақтың санының көп болғаны жақсы емес пе? Осылайша, екінші әйел алуға бел будық. Құдайға шүкір, бәйбішемнен алты бала бар. Үлкен ұлым 11 жаста. Қалғаны қыз.

Сосын сізге ескертіп қояйын, «тоқал» деп айтпаңыз. Ол дұрыс емес. Қазақ қазақ болғалы, мұсылман болғалы тоқалды «кіші жар» деген. Құлаққа түрпідей тиетін тоқал деген сөзді ата-бабамыз қолданған емес. Бергі заманда демографияны бұзып, қазақтың ұрпағын көбейтпеуге бәзбіреулер жымысқы әрекет жасаған. Сөйтіп, кіші жарлардың намысына қасақана тиіп, тоқал деп кемсіткен. «Ынтымақты сыбыс бұзады» дейді ғой, соның кесірінен соңғы заманда қыздар кіші жар болғысы келмей қалды. Сізге өтінішім, бұдан былай тоқал деп айтпаңыз, кіші жарлардың намысын таптамаңыз. Бәйбіше де, кіші жар сөзі де құлаққа жылы естіледі ғой.

– Жарайды. Кіші жарыңызды қашан үйге әкелдіңіз?

– Өткен жылы сәуірде. Бұйырса, келесі айда бір жыл болады. Қазір аяғы ауыр. Босанатын кезі де жақындап қалды.

– Балаларыңыз екінші әйеліңізді қалай қабылдады?

– Үлкен ұлым мен үлкен қызыма аналары өзі түсіндірді. Олар келісімдерін беріп, қуана қарсы алды. Қазір балаларым кіші жарымды «екінші мама» деп атап кетті. Үлкендері «тәте» десе, кішкентайлары «мама» дейді.

– Әдетте, бүгінгі күні екінші әйелді жасы қырықтан асқан ер азаматтардың алғанын еститін де, білетін де едік. Ал сіз болсаңыз, жап-жассыз. Нешедесіз?

– 31-демін.

– Кіші жар алуға ерте деп ойламадыңыз ба?

– Ерте емес. Себебі, біріншіден, жасың өтіп кетеді. Екіншіден, сенің бәйбішеден туған балаларың кішкентай болса, екінші аналарымен тез тіл табысып, бір-біріне сіңіседі. Осыны ойлап, жұбайымның өзі де «алсақ, ертерек алайық» деп айтты. «Бір жағынан маған көмекші болады, қонақтарды бірге күтеміз» деді. Өйткені, мен де, отбасым да көпшілміз, үйге келім-кетім адам көп. Егер келісетін адам болса, өзің жақсы көретін болсаң, жас ерекшелігіне де қарамаймын, көнемін деді. Сіз айтқандай, ер адамдар жасы елуге келгенде кіші жар алып жатады. Бірақ сол уақытта олардың балаларының өмірге өз көзқарасы қалыптасып қалады, екінші анасы ретінде қабылдай ма, жоқ па, беймәлім. Тіпті, сыйласып кетуі де екіталай. Қазір балаларымның бәрі екінші мамасымен жақсы қарым-қатынаста. Сондықтан ертерек алуға тура келді. Тағы бір себеп, осы екіншімнен тағы 5-6 бала дүниеге келсе деп ойлаймын. Шамасы келсе, одан да көп болғаны құба-құп. Бұл – қазақтың санын көбейтуге үлес қосу.

– «Демография-демография» дейсіз, соны желеу етіп отырған жоқсыз ба?

– Сіз не ойласаңыз да еркіңіз біледі. Өзімді қазақ елінің, осы мемлекеттің нағыз жанашырымын деп ойлаймын. Ұлан-байтақ жерді ата-бабаларымыз қызғыштай қорғап қалдырған. Осы қасиетті елде қазақтың ұрпағы көбеймегенде кім көбейеді? Қараңыз, атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын, ішіңіз сезіп отыр, оңтүстікте өзге ұлттың әр отбасында кемінде 5-6 бала ойнап жүреді. Ал қазақтың жерінде қазақтың көбейгені одан да зор мақтаныш, нұр үстіне нұр. Елге, жерге ие болып қалатын біздің ұрпақ. Ал аз болса, ертең өзгенің алдында еңсесі түсіп тұрады.

Әкеміз бізге «қазақтың нардай жігіті бол» деп айтатын. Сол жақсы сөзді құлаққа құйып өстік. «Тау басындағы жантақты жаннан кешкен нар жейді» деген. Нардай жігіт болып, елге адал еңбегіммен және ұрпақтың санын көбейтіп үлес қосып жүрмін деп есептеймін. Анау-мынау деп демография туралы небір дискуссияға қосылып, мың құбылғанша, бірден кіші жар алу керек. Сөзден іске көшкен дұрыс қой. Шамаң жетпей ме, тыныш отыр. Алғысы келгендердің бетін қайтарма. Оның демографияға қосқан үлесі сол болсын.

Ал былтыр әлеуметтік желілерде бір ақпарат тарады. Онда Исландия мемлекеті еркектерінің аздығын, бедеулікке ұшырағанын айтып, дабыл қаққаны жазылған. Егер сыртқы елдер біреу келіп, исландиялық әйелге үйленсе, оған жәрдемақы төлеуге шешім шығарыпты. Мұның рас-өтірігін білмедім. Бірақ, анығы, ұлтты сақтап қалу үшін осындай қадамға барып жатқан мемлекеттер бар. Оның қасында қазақ тектілігін жоймаған халық. Сол тектілікті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруымыз керек.

– Бәйбішеңіз бен кіші жарыңызды бір үйде ұстап отыр екенсіз?

– Иә, солай. Қызылорда қаласында төрт бөлмелі пәтерде тұрамыз.

– «Оларды қалай асыраймын» деген қорқыныш болмай ма?

– Шағын кәсібім бар. Асып-тасып жатқан ештеңем жоқ. Бірақ, екі әйелімді, балаларымды асырап-бағуға шамам жетеді, шүкір. «Әр бала өзінің несібесімен туады». «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Бұл сөздер талай ғасырдың сүзгісінен өтіп, бізге жеткен. Халықтың ақ пейілінен шыққан осы сөздерге иланамын.

Сондықтан, жігіт ретінде мұрнының астынан міңгірлеп, ана-мынаны сылтау қылмай, тәуекелшіл болғанды жақсы көремін. Балаларымның тамағы тоқ, көйлегі көк болса, сол жеткілікті. Ең маңыздысы, өзіңнен өрген ұрпақ сапалы болуы керек. Яғни, ешкімнің ала жібін аттамаса, үлкенді сыйласа, ата-анасын құрметтесе, жаманшылыққа, біреудің көз жасына себепкер болмаса, қазақы салт-дәстүрін ұстап жүрсе, тарихын ұмытпаса, Отанын сүйсе, текті болып өседі.

– «Кіші жар аламын» дегенде туыстарыңыз, әке-шешеңіз қарсы болған жоқ па?

– Оны әкелген кезде әке-шешем қарсы болды. Кейін олар түсініп, қолдады. «Қазақтың салтында бар үрдіс, әйелің көніп тұрса, мен көнемін» деді анам. Ағайын-туыс бәрі біледі. Біреу сынап, біреу мінеп жатады, енді біреуі қуана да қызыға қарайды. Соған қарамастан, бір жылдан бері бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз.

– «Екі қатын ойран» деген сөз бар, «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» болып жүрмейсіз бе? Ыдыс-аяқтың сылдырлауынан амансыздар ма?

– Одан Құдай сақтасын. Әрине, сіздің айтқаныңызды есіме салғандар кездесті. Бірақ келісіп пішкен тон келте болмайды ғой. Мен шаруамен көбіне түзде жүремін. Ал отбасының айрандай ұйып отыруы бәйбішенің даналығына байланысты. «Тіпә-тіпә» деп қояйын, бәйбішем бәрін ақылға салып, үйдің жылы атмосферасын сақтап, реттеп отыр.

– Жалпы, бәйбішеңіз бен кіші жарыңыздың арасындағы қарым-қатынас қалай?

– Бәйбіше оған өзінің сіңілісіндей қарайды. Керек заты болса, бәйбішеге айтады. Ал ол сұрағанын әкеп береді. Базарға бірге барады, азық-түлікті бірге әкеледі. Бәйбіше жақсы болғасын кіші жар үйге келеді. Ал кіші жар жақсы болса, бәйбішеге құрмет көрсетеді. Осылайша, екеуі ауызбіршілікпен, апалы-сіңілідей тату-тәтті тұрып жатыр. Егер бәйбішеде қызғаныш болса, оны балалар көреді, сосын олардың психологиясына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан бәрі бәйбішеге байланысты. Татулықты, кеңдікті балаларға ісімен көрсетіп, үйретіп отырған бәйбішенің даналығы деп ойлаймын.

– Қазіргі кезде қоғамда «тоқал» тақырыбы қызу талқылануда. Алуан-алуан пікір бар. Соған өзіңіздің алып-қосарыңыз бар ма?

– Көзіміз ашық, қолым босағанда интернетті шолып отырамын. Қазіргі кезде қоғамда «тоқал» деген сөзді «көңілдес» деген мағынада қабылдайды. Мәселен, Тұңғышбай ағамыз түскесін «Тоқал» фильмін көріп едім, мағыналы болады ғой деп ойлап едім, бірақ қарным қатты ашып қалды. Кинода «тоқал» деп «любовницаны» көрсетіп отыр. Мен мұнымен келіспеймін. Фильмді түсірушілер қазақтың салт-дәстүрін мүлде білмейді екен. Қазақтың жастарының санасына антитоқалды жарнамалап отыр. Мына дүние кіші жар ұғымын осындай кері үгіттің салдарынан ұмытты емес пе?! Сізге сұхбат беруімнің бір себебі осы. Сәті түсіп тұрғанда мұндай кесірлі құбылыстардың барын айтқым келді.

Нақтылап кетсем, көңілдес деп кейбір жігітсымақтардың некелі жарынан жасырып, көпшіліктің назарынан қашып-пысып, тығылып барып жүрген адамын айтады. Ал өзіңнің ағайын-туысың, ең бастысы бәйбішең, балаларың жылы қабылдаса, мұсылманша некеңді қидырсаң, соны кіші жар деуге болады. Көрінген етекті аңдығандардыкі жігіттікке жатпайды. Одан да әйелінен рұқсат алып, кіші жар ғып үйіне әкелгені дұрыс. Біріншіден, демографиямыз жақсарады. Екіншіден, кәрі қыздың санын азайтуға үлес қосар еді. Әр жігіт екі әйел алып, оларға дұрыс қарайтын болса, бірдей көрсе, ал кішісі бәйбішесін сыйлайтын болса, бәйбіше оған оң көзбен қараса санымыз көбейер еді. Үшіншіден, арың да таза болады. Ұрпағыңның алдында ұятты болмайсың. «Бәленшенің әкесі басқа әйел алып, үйден кетіпті» дегеннен гөрі, «үйіне кіші жар әкеліпті» деген құлаққа жағымды естіледі. Көшеде қашып, балаңның алдында қарабет болғаннан жүзің ашық болғаны әлдеқайда дұрыс. Әрбірден соң бұл ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүріміз.

Мысалы, о баста Әсел мені ұнатып қалған. Менің де көңілім түзу. Өйткені, оның тәрбиелі қыз екені көрініп тұрды. Бірақ оған алдын ала ескерттім. Алты баламның және әйелімнің барын айттым. «Кіші жар болуға көнсең, бірге боламыз, бір үйде тұрамыз. Ал көнбесең ерік өзіңде» дедім. Ол таңдауын жасады, ешкім қинаған жоқ. Тоқетері, көнді. Қызық жайт айтайын, бәйбішемнің өзі оның ауылына барып, құдалыққа қатысып, әке-шешесінің алдынан өтіп, тоқалға орамалын жауып, үйге әкелді. Осыны бәйбішем шынайы ықыласымен, ниетімен жасады.

– Бәйбішеңіз сізді кіші жарыңыздан қызғанбады десек, өтірік болатын шығар...

– Әлбетте. Басында айтқан кезде қызғаныш болды. Ол ойланып, келісімін берді. Ақырында ақылына жеңдірді. Мен атамның тәрбиесін көргем, ол «қатын сенікі, өзгенің бәрі сенің қарындасың» дейтін. Құлағымызда осы әбден сіңген. Бәйбішемді алған кезде де айтқанмын: «Басқа қызға қарамаймын» деп. Оған адал болғаннан кейін, ол да: «Мен де саған неге жақсылық жасамасқа?!» деп бел буды. Көз тимесін деймін. Қызғаныш қазір жоқ деп ойлаймын. Енді кіші жардан бала күтіп отырмыз. Ол дүниеге келсе, бәйбішем бауырыма басамын деп отыр. Кішіге: «Сенің онда шаруаң болмасын» деген (күліп). Әсел де қалжыңдап қояды: «Сіздің балаңыз дұрыс жатпай жатыр» деп. Сырттан қарасаң, сүйсінетін жағдай. Бұл – бәйбішенің қойған шарты. Яғни, бірінші балаң менің балам болады деген еді.

– Айтпақшы, бәйбішеңіз қай жылғы?

– 31-де.

– Кіші жарыңыз ше?

– 19 жаста.

– Жас емес пе? Неге кәрі қыздың, я болмаса жесірдің бағын ашпадыңыз? Соның сауабы мол емес пе?

– Қатты айтсам кешіріңіз, мен сауап санап жүрген адам емеспін. Сізге сұхбат та бергім келмеген, қиылып сұрағасын меселіңді қайтармайын дедім. Не болмаса, бәйбішеммен, кіші жарыммен мақтанайын деп әңгімелесуге келіскен жоқпын. Сұрақ қойған екенсің, айтайын. Жас қыздың бағын ашудың сауабы аз деп кім айтты? Логикаға салайық.

«Тоқал аламын» дегенде бәйбішем жасын сұрады. Қалжыңдап «27» дегем. Сонда ол: «Сен ұнатсаң болды, жасына да қарамаймын», – деді. Осы сөзіне риза болдым да шын жасын айттым. Кейіннен ойланып отырып: «Жасы өзімізден 10-15 кіші болғаны да жақсы», – деп ақыл қосты. Таңқалып: «Неге олай айттың?» дегенімде, ол әжесінің де кіші жар болғанын, жолдасынан жиырма жас кіші болғанын айтты. Қартайған жолдасын ауырған кезде жастығының, ширақтығының арқасында күтіп-баққан. «Сол себепті, жасын алсаң, ертеңгі күні бізді күтіп-бағатын болады», – деп кеңес берді. Оның олай деуіне әжесінің тағдыры да түрткі болды. Бір жағынан, жасы кіші болса, дүниеге көп баланы әкелуіне мүмкіндік бар. Екіншіден, ойы, жаны бұзылмаған, етегі түрілмеген қыздан текті ұрпақ, яғни сапалы ұрпақ туады деп ойлаймын. Шоқан, Абай, Шәкәрімді де кіші жар дүниеге әкелді, тарихты оқыңыз, ақ некелі кіші жардан туған даңқты ата-бабаларымыз көп. Біздің де сондай болашақ ұлы адамдарына жарық дүние сыйлап, халықтың бір жүгін көтеріссін деген арманымыз бар.

Ал жасы үлкен болса, оның өмірге көзқарасы қалыптасқан, талғампаз келеді. Ол бәйбіше түгіл маған да бағынбай әлек болады. Арада түсінбеушілік көбейеді. Ал жас болса, тәрбиеге көнеді. Бәйбішемнен 12 жас кіші, өзінің апасындай құрмет қылып, қызмет жасайды. Өйткені, екеуінің мақсаты да, әңгімесі де бір. Ол – демографияға үлес қоссақ және жұбайымыздың ризашылығын тапсақ, ұрпағын өсірсек, елге пайдасы тиетін азамат қылсақ деген мақсат. Ал жесір әйелді алдым дейін, оның баласы маған бала бола ма? Бәрібір оның бойынан «комплекс» жойылмайды. Сосын мен ғалымдардың телегония ғылымы туралы жазғанын оқып едім. Сондықтан, жастауы дұрыс деп шештім.

– 8 наурыз мерекесінде оларға қандай сыйлық жасайсыз?

– Өздерінің қалағанын әперемін.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 

«Көп әйелділік еркекке емес, өзімізге керек»

 

Нұргүл ДӘРІБАЕВА, Жомарттың бәйбішесі (31 жаста):

– Жолдасым болашақта екінші әйел аламын дейтін. Бірақ осы шағында алады деп ойламаппын. Басында қиналдым, әперсем бе, әпермесем бе деп он ойланып, мың толғандым. Бір айдың шамасында шешім шығардым. Əуелі қызбен жүздесейін, ата-анасымен танысайын дедім. Қыз да, əке-шешесі де жаман емес, тəрбие көрген, жүздері жылы кісілер екен. Қыз ұнады. Өзі кейін аламын деді ғой, одан да қазір алсын деп ойладым. Шүкір, қазір бірге жақсы тұрып жатырмыз.

Күйеуің болғасын қызағанасың. Бірақ ақылға саласың. Шынымды айтсам, кіші жардың плюс жағы көп. Əрі сырласың, əрі жанашырың, əрі көмекшің болады. Егер түсіне білсек, көп əйелділік еркекке емес, өзімізге керек.

Баратын жер болса, қасыма ертіп жүруге тырысам. Мен Әселді шын пейілмен қарсы алғасын балалар да екінші мамаларына тез үйренісіп кетті. Қазір балалар шаруасы болса, соған барып айтады, қыздарым шашын кіші мамасына өргізеді. Үйдің шаруасын да көмекшімнің еркіне беріп қойдым. Əрине, арасында өзім назарымды салып қоямын. Бірақ қиыс кеткен жері жоқ.

Басында «кішілікке көнемін» деп балалықпен айтқан шығар деп, қайта-қайта сұрадым. Сенің жағдайыңды жасап, үлде мен бүлдеге ораймыз дей алмаймыз, не қиыншылық болса да бізбен көресің, үйіміздің тəртібіне мойынсұнасың дедім. Ол «дайынмын» деді. Тəрбиелі қыз ғой, балаларға да қарайды, үйдің де шаруасын істейді. Дегенмен, көпқабатты үйде тұрғасын анау айтарлықтай қимыл да жоқ. Оның үстіне Əселдің аяғы ауыр. Қазір ақыл-кеңесімді беріп отырамын.

Қазақстанда қыздарға қарағанда жігіттердің үлес салмағы көп деп естимін. Кəрі қыздардың саны да көбейіп кетіпті. Сосын теледидардан сəбилерді көшеге, əжетханаға тастап кетті деген жаңалықты көрсек, жаным түршігіп кетеді. Бір әйелімен тұрғанымен де жүріс жасайтын еркектер жетеді. Ал үйде отырған әйел оны білмейді. Егер біздің қоғамда кіші жар алу, кіші жар болу қалыпты түсінікке айналса, мұндай келеңсіздіктерді көрмес едік. Шамасы жетсе, ер азаматтардың төрт әйелге дейін алғаны дұрыс. Басқа басқа, қазаққа кіші жар деген таңсық болмауы керек қой. Шошудың қажеті жоқ, кіші жар да адамның баласы. Біреудің аялап өсірген қызы, бәлкім бақытын кішіліктен тапқан шығар. Соған бола оны сөгу – адамшылыққа жатпайды.

Ал, еркек азаматқа лайық абыроймен жүріп тұрса, əйелдерін басқара алса болды. Кейбір қыздар «тоқалдық» қадамға бақа есеппен барады. «Үй алып берсең, тиемін» дейді. Мысалға, көрші дүкенде жап-жас қыз сатушы болып істейді. Сол бір шалдың екінші әйелі. "Брак по расчету" оныкі. Мақсаты сол. Байлығына бола тиген. Осы дұрыс па енді? Мысалы, біздің шалқып өмір сүріп жатқанымыз шамалы. Ел қатарлы күн кешіп жүрміз. Ал мен жұбайымды бақытты етемін, оның ұрпағын көгертемін деген мақсатпен жүрмін. Салиқалы бәйбіше болу – мен үшін үлкен дәреже. Жолдасыма кіші жар болған Әсел де солай үйге келді. Қазақта «көбейіңдер» деген жақсы сөз бар ғой, соған тоқтаймыз.

Көмекшім бізден он екі жас кіші. «Сіз» деп, «тəте» деп сыйлап тұрады. Əлі жас қой, қалай тәрбие берсең, солай иіледі. Мәңгі бірге болғымыз келеді. Бөлек отауға шығып, арамыздың суып кеткенін қаламаймыз.

 

«Ешқандай өкініш жоқ, бақыттымын»

 

Әсел АЙЫМҚҰЛОВА, Жомарттың кіші жары (19 жаста):

– Бұрын біреуге кіші жар боламын деп еш ойламаппын. Жәкеңді ұнатып, жақсы көріп қалдым. Әйелі, балалары барын білдім. Ұнатқасын ақырын күттім. Кейін бәйбішесімен таныстым, сөйлестік, ол келісімін берді. Өзі келіп, сырғасын салып, алып кетті. Ал папа-мамама басында ауыр болды, кейін жақсы кісілер екенін білгесін, әрі менің жүрегімнің қалауына көніп, баталарын берді. Қазір менде ешқандай өкініш жоқ, бақыттымын. Нұргүл тәтем маған жақсы қарайды. Арамызда ұрыс-керіс болған емес. Бірақ бізге сырткөз сынап қарайтынын білеміз. Оған мəн бермейміз.

Бəріміздің бір үйде тұрғанымыз да ұнайды. Өзіме бөлек үй болғанын қаламаймын, ондай ой болған емес менде. Жолдасым мен бəйбішенің, яғни Нұргүл тəтенің айтқанына құрметпен қарап, бұлжытпай орындауға тырысамын. Ал үйдегі балаларға бауыр басып қалдым. Бір жаққа сəл кетіп қалсам, сағынатын болыппын. Олар да мені іздеп тұрады. Кішкентайлары мені «мама» дейді.

Нұргүл тəте кішкентайын былтыр босанған, сол кезде қасында болдым. Сол сəбиді бауырыма бастым. Басты мақсатым – осы кісілердің қасында болу. Егер оларды сыйламасам, бала-шағасына қарамасам, не үшін кіші жар болдым?! Өзімшіл, қарақан басын ойлайтын әйел болмағаныма қуанамын. Қысқасы, үйренісіп кеттім. Тәтем мені жақсы көреді, мен де оны жақсы көремін. Ол мені үнемі ойлап тұрады.

Бір нәрсе айта кетейін, соңғы екі жылдықта қазақтың қыздары қытай жігіттеріне тұрмысқа шығып жатыр деген әңгіме көбейіп кетті ғой. Кіші жар болуға келіскен кезде де әлгі құрбыларыма жаным ашып, оларға жол көрсетейін деп екінші болуға келістім. Қазақта да нағыз жігіттер жетеді, кіші жар болсақ та, өзіміздің ел азаматтарының шаңырағын шаттыққа бөлеген абзалырақ деген мақсат болды.

(Кейіпкерлердің аты-жөні өз өтініштері бойынша өзгертілді

 
Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 3205
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167