Ерлер жыныс гигиенасы жөнінде нені ескеру керек? Еркектер көбіне елей бермейтін, бірақ оның денсаулығы үшін маңызды қандай мәселелер бар? Уролог Дархан Қуатбековпен осы туралы әңгімелестік.
– Дархан, жыныстық қатынас кезінде ерлер қандай инфекцияны жұқтыруы мүмкін?
– Жыныстық қатынас арқылы таралатын инфекцияның 30-ға жуық түрі бар. Бұл инфекцияларды сегіз топқа бөледі. Оның төртеуі – бактерия және паразиттер: мерез, трихомониаз, хламидиоз, гонорея. Бұл инфекцияларды емдеуге болады. Ал қалған төртеуі – герпес, адамның иммун тапшылығы вирусы, папиллома, гепатит B сияқты вирустар. Терапия арқылы бұл вирустардың жылдам таралуына кедергі жасауға болады. Вирус жыныстық қатынас кезінде әйел адамның қынабы арқылы немесе орал және анал секстен жұғады. Кей жағдайда ол қан арқылы да жұғуы мүмкін. Сонымен бірге, анадан балаға берілетін инфекция болады.
Әлем бойынша жыл сайын 300 миллионнан астам адам жыныстық қатынас кезінде инфекция жұқтырады. Ер адамның да, әйел адамның да жыныстық қатынас кезінде ауру жұқтыру қаупі бірдей. Бірақ, көбіне вирусқа әйел адамдардың ағзасы төзімсіз болып жатады. Адамдардың 80%-ы симптомы білінбейтін, созылмалы жыныстық ауруларды жұқтырады. Оның салдары белсіздікке, бедеулікке, эрекция дисфункциясына ұшыратады.
– Аурудың ешқандай белгісі байқалмаса да, кез келген ер адам өз денсаулығы үшін тексерістен өте ала ма?
– Әрине, елімізде кез келген уақытта медициналық тексерістен өтуге болады. Ер адам жыныстық ауруы бар-жоғын бірнеше анализ тапсырып, біле алады. Дәрігерлер пациенттің жыныс мүшесінен бөлінетін сөлін, қаны мен зәрін тексереді, қосымша ультрадыбыстық зерттеу жасайды. Сонымен бірге, уролог, андролог сияқты басқа да мамандардың кеңесін алуға мүмкіндік бар. Қазақстанда кез келген қарапайым азамат мұндай тексерістен өтіп, ем қабылдай алады, бағасы қымбат емес. Еліміздегі емханалардың бәрінде уролог мамандар бар.
– Ерте жыныстық қатынасқа түсудің зияны бар ма? Ерлер қанша жастан бастап тұрақты жыныстық қатынаста болғаны дұрыс?
– Ерте жыныстық қатынасқа түсу проблемасы әлі толық шешілмеген. Ер баланың жыныстық жетілуі 15-17 жаста аяқталады. Кей балалар қатынасқа одан да ерте түсіп жатады. Негізі медицинада “нақты мына жастан бастап жыныстық қатынаста болу керек” деген ереже жоқ. Уролог ретінде 18-20 жастан бастап жыныстық қатынасқа түскен дұрыс, деп есептеймін.
Ерте жыныстық қатынасқа түсудің зиянына келетін болсақ, ол кезде жасөспірімдер жыныстық сауатының төмен болуы себепті түрлі инфекцияны жұқтыруы мүмкін. Сақтанбаған жыныстық қатынастың кесірінен қыз балалар ерте жүкті болып жатады. Бұл нәрсе оған психологиялық жағынан да қатты әсер етуі мүмкін. Отбасын ерте құрғанымен өзіне деген сенімі төмендеп жатады.
– Жыныстық қатынас кезінде арнайы гель, май сияқты заттарды қолданып жататындар бар. Бұл гигиена тұрғысынан қаншалықты қауіпті?
– Жыныстық гигиена үлкен ілім болып есептеледі. Қатынастың алдында дәрет алып, тазалықты сақтаған дұрыс. Бұл – еркекке де, әйелге де қатысты нәрсе. Жыныстық қатынас кезінде қолданылатын гель, май сияқты заттардың ағзаға зияны жоқ. Олардың құрамында міндетті түрде антисептиктер болады. Олардың кейбіреуі жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурудың қоздырғышын жоя алады. Олар үйкеліс күшін азайтып, ләззатты көбірек сезінуге мүмкіндік береді.
– Етеккір кезінде жыныстық қатынасқа түсуге болмайтынын бәрі біледі. Бірақ, оның қандай зияны болатынын көбі түсіне бермейді. Мұндай кезде жыныстық қатынасқа түсу ер адамға көбірек зиян ба, әлде әйелге ме?
– Әйелдің етеккірі келген кезде жыныстық қатынаспен мүлдем айналысуға болмайды. Бұл әйел үшін де, еркек үшін де пайдалы емес. Етеккір келгенде әйел адамның тұла бойы ауырып тұрады. Сол себепті, мұндай кезде ол өзін тіпті жайсыз сезінуі мүмкін. Ал етеккір кезінде әйел адамнан бөлінетін сөл еркектің жыныс жолдарына түссе, қабынуы мүмкін. Одан түрлі инфекция жұғып, ауру пайда болуы мүмкін. Сондықтан бұл процестің аяқталғанын күтіп, содан кейін ғана қатынаста болған дұрыс.
– Жыныс мүшесінің айналысында өсетін түкті қырып тазалау дұрыс па?
– Жыныс мүшесінің айналасында өсетін түк шамадан тыс өсіп жатса, гигиена үшін тазалап, қырқып отыруға болады. Бірақ, түгел тып-типыл етіп тазалау дұрыс емес. Өйткені, мұндай түктің де функциясы бар. Ол жыныс мүшесін шаң-тозаңнан қорғайды. Мұндай кезде сақ болған жөн. Жыныс мүшесін немесе теріні зақымдап алмауға мән беру керек.
– Ерлер ішкиім таңдағанда нені ескеруі керек?
– Ішкиім таңдағанда оның жайлы, ыңғайлы тұруына көбірек мән беру керек. Ол жыныс мүшесін, бел, сан, шап аймақтарын қыспауы керек. Бірақ жыныс мүшесін толық жауып тұрғаны дұрыс. Ал материалына келетін болсақ, ол жұмсақ болуы қажет. Киімнің тар болуынан қандай да бір ауру пайда болады деген нақты дәлел жоқ.
– Тамақтану еркектің жыныстық денсаулығына қалай әсер етеді?
– Жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністі көбірек жеу керек. Өйткені, олардың құрамында жасұнық көп мөлшерде кездеседі. Құрамында А витамині бар сәбіз, қызыл-сары жеміс-жидек, жапырағы бар көкөніс, С витамині бар алхоры, қызанақ, картоп, орамжапырақ, жасыл бұрыш жеген дұрыс. Сонымен бірге Е витамині бар тағамдар да ағзаға пайдалы. Бұл витамин көбіне күнбағыс дәнінде, астық өнімдерінде, бананда, қара нанда, балықта көп кездеседі.
Ас тұзын көп қолданбауға тырысу керек. Өйткені, күнделікті желінетін тағамның құрамында онсыз да тұз мөлшері көп болады. Тамақты күн сайын аз-аздан, бірақ, жиі жеген абзал. Тойып тамақтануға болмайды. Сұйықты көбірек ішкен дұрыс. Егер артық салмағыңыз болса, диетологтың көмегіне жүгініп, одан арылу керек. Бірақ, қатты арықтаған да дұрыс емес. Неге десеңіз, арықтау кезінде ағзадан шыққан калорияны толтыра алмауыңыз мүмкін. Соның салдарынан жиі шаршап, белсенділігіңіз төмендеуі мүмкін.