Ешкі сүті көптеген дертке ем
Ешкі сүті көптеген дертке ем

Ешкі сүті –  жоғары азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағам. Өзінің физикалық-химиялық қасиеттері мен дәміне сай ешкі сүтінің сиыр немесе басқа да ауыл-шаруашылық жануарларының сүтімен салыстырғанда тиімді айырмашылықтары мол.

Ешкі сүті де сиыр сүтіндей ка­зеиндік топқа жатады. Бірақ ешкі сүтінде сиыр сүтіндегі аллергиялық серпіндердің көзі саналатын — альфа-ls-казеин жоқ. Сондықтан ол сиыр сүтіне аллергиясы бар адам­дар үшін ұсынылады. Құра­мында бета-казеин мол болуына байланысты, ешкі сүті әйелдердің емшек сүтіне жақын. Ешкі сүті нәруыздарының көпшілігінің құ­рамында альбуминнің мол көлемі болуына байланысты, құрамдас бөліктерге ыдырайды, яғни қоры­тылмаған күйінде сіңбей, ұсақ үлпектер түрінде ұюға ұшырайды, деп жазады muslim.kz.

Сондықтан ол ағзаға жеңіл сіңіп, ас қорыту жүйесінің бұзылуына жол бермейді. Құрамында лак­тозаның төмен мөлшері (сиыр сүтінен 13% кем, әйелдердің ем­шек сүтінен — 41% кем) болуы — бұл өнімді лактоза жеткіліксіздігі бар адамдар үшін қолдануға мүм­кін етеді. Ешкі сүтіндегі май ағзаға жақсы сіңіріледі және 4,0-4,4% майлылықта ешкі сүті 100 пайыз сіңеді. Ешкі сүтінде адам ағза­сы­ның тіндерінде холестерин жи­налуына қарсы тұратын ерекше метаболикалық қасиеті бар және ағзаның қорғаныс қызметін арттыратын қанықпаған майлы қышқылдардың 67 пайызы бар.

Жоғарыда келтірілген артық­шылықтарынан басқа ешкі сүтінде көп кальций (143.0 мг), магний (14.0 мг), фосфор (89.0 мг), марганец (17.0 мкг), мыс (20.0 мкг), А (0.1 мг), В (0.04 мг), С (2.0 мг) жә­не Д (0.06 мг) дәрумендері, ас­кор­бин қышқылы бар. В12 дәру­менінің құрамына кіретін және қан өн­дірімі үрдістеріне жауап беретін кобальттың мөлшері сиыр сүтімен салыстырғанда ешкі сүтінде 6 есе көп. Сүттің құрамында кальцийдің мөл­шерінің мол болуы — жүрек-қантамыр жүйесіне оңтайлы әсер етеді.

Бірақ ешкі сүті сиыр сүтін­­дей темірге бай емес. Темір қан­дағы гемоглобиннің түзілісіне ғана емес, төтемелік жүйенің қа­лыпты жұмысы мен мінез-құлық сипатының сәйкестігін қам­та­масыз ету үшін де қажет. Дегенмен ешкі сүтіндегі темір сиыр сүтін­дегіден гөрі жақсы сіңеді. Бірақ әйелдердің емшек сүтінің сіңу дәрежесіне жете бермейді. Осылайша, ешкі сүті минерал­дық заттектерге, дәрумендер мен микроэлементтерге сиыр сүтінен гөрі байырақ, ешкі сүтінің нә­руыз­дары асқазанда тығыз­дал­мауына байланысты сіңімдірек келеді.

Ешкі сүтінің майы адам ағза­сында 100 пайыз дерлік сіңіріледі, құрамында лактоза аз болуына сай, лактоза жеткіліксіздігі бар адамдарға ұсынылады. Құрамында аллергия туды­ру­шы альфа-ls-казеин болмауына байланысты азықтық аллергиясы бар адамдарға қолдануға болады.

Ешкі сүтінің көптеген емдік қасиеттері бар. Әсіресе, асқазан ауруларында, анемияда, көздің нашар көруінде, диатезде пайдалы. Емшек жасындағы балаларды қоректендіру үшін аса қолайлы. Швейцарияның таулық ши­пажайларында туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдық­қан­дарды әу бастан-ақ ешкі сүтімен емдеген.

XIX ғасырдың аяғынан бастап ешкі сүті үшін өрлеу кезеңі бас­талды. Осы кезде медицина ма­мандары ол жайлы әйелдердің ем­шек сүтін алмастыруға бас­қалардан қолайлы екендігін айтты. Ешкі туберкулезбен, бруцеллезбен, сиыр ауыратын басқа да ауру­лармен ауырмайды. Ешкі сүтінің сапасы сиыр сүтінен гөрі ана­ғұр­лым жоғары, біртекті, құрамында нәруызсыз азот жоқ. Оның нәр­уыз­дары аса сапалы, басқа азық­тарға қарағанда тиаминге бай. Ал тиамин — «В» тобы дәрумендері арасындағы маңызды дәрумен, өмірдің әр кезеңінде пластикалық және энергиялық алмасуға қа­тысады.

Негізгі азықтық құрамбөлік­те­рі­нің — нәруыздар, майлар мен кө­міртектердің мөлшері ешкі мен сиыр сүтінде ұқсас келеді. Бірақ әйелдердің емшек сүтінен сал­мақты айырмашылығы бар: жа­нуарлардың сүтінде нәруыздар едәуір көп, бірақ майлар мен көміртектер аз болады.

Осы айырмашылық адам ағзасында ешкі мен сиыр сүтінің түрлі әсер етуін түсіндіреді. Ешкі сүтінің қорытылуы кезінде пайда болатын қою ұйынды сиыр сүтінікіне қарағанда тығыз емес. Ас қорыту ферменттері үшін өңдеуге оңай келеді. Емшектегі сәбиге ешкі сүтінің ұйындысы ана сүтінің қорытылуындай әсер береді.

Ешкі сүтінің майлық құрамбө­лік­терінің сипаты да сиыр сүтіне қарағанда оңтайлы. Мысалы, ешкі сүтінің май домалақтарының көлемі кішірек келеді. Бұл май­лардың жақсы сіңірілуі үшін ешкі сүтінде ортатізбектік үшгли­церидтердің болуы ықпал етеді. Олар — лимфалық қылтамырларды айналып өтіп, бірден веналық жүйеге енетін, ішекте өтсіз сіңетін ерекше қабілеті бар майлар. Ешкі мен сиыр сүті минералдық тұз­дардың, микроэлементтер мен дәрумендердің үйлесімі жағынан әйелдердің емшек сүтіне жете бермейді. Бірақ ғалымдардың дәйектері бойынша, ешкі сүтінің құрамында темір аз болуына қарамастан, ол баланың ішегінде сиыр сүтіндегі темірге қарағанда тиімдірек сіңеді. Ал ешкі сүтіндегі В12 дәруменінің жеткіліксіздігі бұл сүтпен қоректендендірілген сәбиде мегалобласты анемия туындауының себебі болуы мүмкін. Бұл дімкәстің себебі — азықта В12 дәрумені мен фолий қышқылының тапшылығы болуынан, соңғысының мөлшері ешкі сүтінде де аз болады.

АҚШ мамандарының пікі­рін­ше, ешкі сүті сиыр сүтіне қарағанда адам­ның физиологиялық қа­жеттіліктерін оңтайлы қанағат­тан­дырады. Олардың деректеріне сай, сиыр сүтіне аллергиясы бар адамдардың көпшілігі ешкі сүтін жеңіл көтереді. Бұл пікірді ита­льян­дық медицина қызметкерлері жоққа шығаруда. Олардың зерт­теулері керісінше нәтиже берген: сиыр сүтін көтере алмайтын балалар ешкі сүтін де бірдей әсермен қабылдаған. Канадалық дәрігерлердің айтуынша, ешкі сүті тері мен буын ауруына шалдыққан адамдардың денсаулығына жақсы әсер етеді, әрі өт-тас ауруларын емдеуде, фибромиома мен балалар эпилепсиясын емдеуде аса пайдалы.

Жалпы, педиатрлар ешкі сү­тіне бірауыздан ықылас білдіруде. Балаларды қоректендіруде сиыр сүтіне қарағанда, ешкі сүті жа­рамды келеді. Әрине, бала үшін ана сү­­тіне жететін тағам жоқ. Бірақ жа­санды немесе аралас қорек­тен­діруде ешкі сүті ана сүтін алмас­тыру үшін лайықты және 6 айдан асқан балалар үшін қосымша қорек ретінде пайдалануға болады.

Жалпы, ешкі сүтінің ерекше және сиқырлық қасиеттері жайлы пікірлерді салмақтай отырып, мамандар оның бойында бірқатар пайдалы ерекшеліктері бар екенін және сиыр сүтін көтере алмайтын және оның нәруыздарына алле­р­гиясы бар балаларды тамақ­тан­дыруда тиімді колдануға бо­латынын айтады. Жақында Ресей нарығында ешкі сүті негізінде жасалған, ана сүтін алмастыратын, бейімделген қоспалар пайда болды. Сондықтан ата-аналардың өздерінің сәбилерін ешкі сүтімен қоректендірудің жоғарыда айтылған ерекшеліктерін байқап көруіне мүмкіндіктері бар.

Төрт айға дейінгі сәбилердің тағам үлесі емшек сүтінің ал­мас­тыр­ғыш­тарымен шектелуіне сай ал­лергия тудыратын өнімді алып тастау қиынға түседі. Сиыр сүтінің нәруыздарына немесе соя нәруыз­дарына аллергия болған жағдайда, ешкі сүті негізіндегі бейімделген қоспалар пайдаланылады. Оларды сәбилерге туғаннан бастап қол­дануға болады.

Ешкі сүті сәбилерді іш өтуден сақтайды. Аллергологтар оны сиыр сүтінен жасалған өнімдерді көтере алмайтын балаларға да ұсынады.

Ешкі сүтінен немесе оны қо­сып ашытқан өнімдердің пайдасы да мол. Швейцарлық сырлардың атағының құпиясы — сиыр сүтіне ешкі сүтін қосып жасауында болса керек. Йогурт секілді танымал өнім ешкі сүтінен шыққан. Профессор Мечников ешкі сүтінен жасалған болгар йогуртынан емдік лак­тобациллинді бөліп шығарды.

Қорыта айтқанда, ешкі сүтін ерекше химиялық құрамына сай пайдалы тағам өнімдеріне жат­қызуға болады. Халықтың жаппай тұтынатын өнімі ретінде түрлі жас топтары арасында қолданылуымен қатар, ешкі сүтінің түрлі ауру­лардың алдын алу шараларында да тиімділігін ескерген жөн.

Ершай Әзірет
http://stan.kz
Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 3335
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167