Финдер емтиханға емес, баланы өмірге әзірлейді
Финдер емтиханға емес, баланы өмірге әзірлейді

Финдер емтиханға емес, баланы өмірге әзірлейді

Еларалық зерттеулерге қарағанда, фин оқушылары әлемде білімнің ең жоғары деңгейін көрсеткен.  Сонымен бірге олар әлемдегі ең оқымысты балалар, табиғи ғылымдар бойынша екінші орын, ал математика бойынша  5-орын алған.  Ең қызығы бұл емес, осындай жоғары нәтижеге қарамастан, фин оқушылары оқуға мейлінше уақыт бөлетін болып шықты.

Фин елінің жалпыға тән міндетті орта білімі екі сатыдан тұрады: 
- төменгі (alakoulu), 1-6 сыныптар;
- жоғарғы (yläkoulu), 7-9 сыныптар.

Қосымша 10 сыныпта оқушылар өз бағасын жақсартуға мүмкіндік алады. Сосын балалар кәсіптік колледжге болмаса лицейде, бізше 11-12 сыныптарда білім жалғастырады.

Сонымен «орташа» сатылы финдік білім берудің 7 ұстамы.

1. Теңдік 

  • Мектеп.

Элиттік те, «осал» мектеп те жоқ. Ең ірі мектепте небәрі 960 бала оқиды. Ең кіші мектепте – 11 оқушы. Бәрі де бірдей жабдықпен жабдықталған, мүмкіндік пен қаржы пропорционал түрде. Мектептің бәрі дерлік мемлекеттік, ондаған ғана жекеше-мемлекет түріндегі меншік бар. Айырмасы сол – ата-ана ішінара қаржы төлейді, оны оқушыға жоғары талап қоюға жұмсайды. Жеке меншікке ағылшын, неміс, француз тілдерінде оқытатын мектептер жатады. Теңдік ұстамына жүгіне отырып, Финляндияда шведтілді «балабақшаан университетке дейін» қатарлас білім жүйесі бар. Саам халқының да мүддесі қорғалған, елдің сол тұсында олар ана тілінде білім алады. Бұған дейін жақын мектепке баруға мәжбүрленіп,  таңдауға тыйым салынса, енді ол тыйым шегерілсе де ата-аналар жақын мектепке беретін болған, өйткені, мектептің бәрі бірдей жақсы.

  • Пәндер.

Кейбір пәндер тереңдетіле оқылып, басқасына зиян келтіру онша мақұлданбайды. Мұнда математика мысалы, өнер пәнінен маңызды саналмайды. Керісінше, дарындылар сыныбын жасақтауда олардың сурет салуға музыкаға не спортқа деген бейімі ескерілуі мүмкін.

  • Ата-ана.

Мұғалім қай ата-ананың мамандығы кім екенін (әлеуметтік мәртебесін) қажет жағдайда соңынан біліп жатады. Мұғалімдердің сұрағына, ата-аналардың жұмыс орындарына қатысты анкета жүргізуге тыйым салынған.

  • Оқушы.

Финдер оқушыларды қабылеті мен мансаптық басымдықтарға қарай сынып жасақтамайды.

Сондай-ақ «нашар», «жақсы» оқушы да жоқ. Оларды өзара салыстыруға тыйым салынған. Данагөй бала да, ақыл қабылеті тапшы бала да, «ерекше» ретінде бірге оқи береді. Осындай жалпы ұжымда арбалы мүгедек бала да оқи береді. Кәдімгі мектептерде назар көретін, еститін балалар үшін арнайы сынып та жасақтала береді. Финдер ерекше қатынасты керек ететіндерді қоғамға кіріктіруге тырысады.

  • Мұғалім.

«Сүйікті» де «жеккөргіш» те жоқ. Мұғалімдер «өз сыныбына» ғана өліп өшпейді, «сүйкімділерін» бөле-жармайды.  Кез келген үйлесімнен ауытқу мұғаліммен келісім-шартты бұзуға дейін апарады. Фин мұғалімі тек қана өзінің ұстаздық жұмысын атқаруға міндеттеледі. Еңбек ұжымында олардың бәрі де: «физик» те, «лирик» те, еңбек оқытушысы да маңызды.

  • Ересек (мұғалім, ата-ана) пен бала құқығының теңдігі.

Финдер мұны «оқушыға деген құрметтік қатынас» атайды. Балаға 1 сыныптан бастап өз құқығын ұқтырады, оның ішінде әлеуметтік ұстазға ересектер үстінен шағымдану да бар.  Бұл фин ата-аналарының өз баласын өзінше тұлға ретінде ұғуына, сөзбен де, белбеумен де ренжітуге тыйым барын білдіреді. Оқушыларды мұғалімнің кемсітуі мүмкін емес, ол финнің еңбек заңдылығында қарастырылған. Басты ерекшелік сол, мұғаліммен еңбек шарты бір ғана оқу жылына жасалып, оның ұзарту мүмкіндігі бар және айлық барынша жоғары: көмекші - 2 500 евродан басталады, оқытушы-пәнші  5 000 евродан жоғары алады.  

2. Тегіндік

Оқудан басқа мыналар тегін:

  • Түскі ас;
  • экскурсия, мұражайға бару мен барлық сыныптан тыс қызметтер;
  • мектепке 2 шақырымнан алысқа қатынайтын бала үшін көлік тегін;
  • оқулықтар, барлық кеңселік жарақтар, санауыштар, тіпті ноутбук-планшеттемелер.

Ата-анадан қай мақсатқа да қаржы жинауға тыйым салынған.

3. Жекедаралық

Әр балаға оқу мен дамудың жекедара жоспары түзіледі. Жекедаралық қолданылатын оқулықтар, жаттығулар, сыныптағы, үйдегі тапсырмалар саны мен оған бөлінетін уақыт, сондай-ақ оқытылатын материал: кімге «құрышы» - барынша мазмұны, ал кімге «үстірті» - басты мазмұны қысқаша берілмек.

Сабақ үстінде бір сыныптағы балалар алуан деңгейлі күрделі жаттығуды өз беттерінше орындай береді. Және де бұл жұмыстар әркімнің деңгейіне қарай бағаланады.  Егер «өзіңнің» бастапқы күрделіліктегі жаттығуыңды орындасаң – «өте жақсыңды» ала бересің. Ал ертең енді жоғарырақ деңгейлі тапсырма беріледі – орындай алмасаң – қорқынышты ештеңесі жоқ, деңгейі төмендетілген қайта тапсырма аласың.

Фин мектебінде қарапайым оқытумен қатар білім беру үдерісінің екі бірдей айырықша түрі бар:

  1. «Осал» оқушыны қолдап оқыту – бұны әдетте бізде репетитор жалдап істетеміз. Финляндияда репетиторлық кең тараған қызмет емес, мектеп оқытушылары онымен өз еріктерімен сабақ үстінде болмаса сабақтан соң тегін айналысады.
  2. Коррекциялық оқыту – материалды игеруге қатысты жалпы мәселе, мысалы ана тілі емес фин тілін түсінбеу болмаса математикалық дағдының төмендігінен есте сақтау, сондай-ақ кейбір балалардың өзін ұшқары ұстау жағдайлары. Коррекциялық оқыту аздаған топтарда не жекедара оқытылады.

4. Өміршеңдік

Финдер: «Біз не өмірге, не емтиханға әзірлейміз. Бірақ біздің таңдағанымыз - алғашқысы». Сондықтан фин мектебінде емтихан жоқ. Бақылау мен аралық тестер – мұғалімнің өз еркі.  Орта білімді бітірген соң тек бір ғана міндетті стандарттық тест бар, және де оған мұғалімдер барын салып араласпайды, ешкімнің алдында ол үшін есеп бермейді әрі бала да арнайы дайындалмайды: не бар сонымен шектеледі. 

Мектепте өмірге керек нәрселер ғана оқытылады. Мәселен, домна пешінің құрылымы қажет емес, ол оқытылмайды. Оның орнына бұндағы балалар қаршадайынан портфолио, контракт, банк картасының не екенін жақсы біледі. Мұрадан болмаса болашақ айлықтан алынатын салықты есептей, интернетте сайт-визитка жасай алады, бірнеше арзандаудан кейінгі тауар бағасын есептейді.

5. Сенім

Біріншіден, мектеп қызметшілері мен мұғалімдерге қатысты сенім: оларға деген тексеріс жоқ. Елдегі оқыту бағдарламасы бірыңғай, алайда жалпылама ұсынымдар беріледі де, әр оқытушы оқыту әдісін өзі таңдайды.

Екіншіден, балаларға деген сенім: сабақта өзіңнің жаныңа жақын нәрсемен айналыса аласың. Мысалы, егер сабақта оқыту фильмі болса, оған қызықпаған оқушы кітап оқып отыра береді. Оқушы өзіне не пайдалы екенін өзі таңдай алады.

6. Еріктілік

Кім оқығысы келсе, сол оқиды. Педагогтар оқушы назарын аударуға тырысады, бірақ онда ешбір ынта әлде оқуға деген қабылет болмаса, баланы болашақта өмірге қолайлы, «қарапайым» мамандыққа қарай икемдеп, оны «екілікпен» ұрғыламайды.  Жұрттың бәрі ұшақты емес, автобусты да жақсы айдауы керек.

Өспірім балаға лицейде оқуды жалғастыру керек пе, әлде кішігірім біліммен кәсіптік училищеге бару қажет пе – соны да айқындауды финдер мектеп міндетіне жатқызады. Бала дамытудың қай жолы да бұл елде бірдей бағалы саналады.

Әр баланың қабылетін анықтаумен айналысып, тест пен әңгіме жүргізетін шаруамен арнайы мектеп маманы – «болашақтың мұғалімі»  шұғылданады.

Жалпы алғанда, фин мектебінің оқыту үдерісі жұмсақ, барынша әдепті, бірақ бұл мектепке қалай болса қарау деген сөз емес. Мектеп режимін бақылау міндетті түрде жүргізіледі. Әрбір қатыспаған сабақтар қайта оқытылады. Мысалы, 6 сынып оқушысын мұғалім 2 сыныптағы кестеден кетік тауып, оны отырғызып оқытады. Кішкентайларға кедергі жасасаң, есептелмейді, босқа отырсаң – ешкім ата-ананы шақырмайды, жекірмейді, ұрыспайды. Егер ата-ана да баласының оқуына немқұрайлы қараса, ол бала келесі сыныпқа көшпейді.

Финляндияда сыныпта екінші жыл қалу соншалықты масқара емес, әсіресе 9 сыныптан кейінгілер үшін. Ересек өмірге барынша байсалды дайындық керек, сондықтан фин мектебінде 10 қосымша (міндетті емес) сынып бар.

7. Әркім өз бетінше

Финдер мектеп баланы басты нәрсеге – болашақ өмірге өз бетінше болуына үйретуі керек деп пайымдайды. Сол себепті мұнда баланы өз бетінше пайымдап, өз бетімен білім алуға үйретеді. Жаңа тақырыпты мұғалім түсіндірмейді, бәрі де кітаптарда жеткілікті баяндалған. Формуланы жаттау маңызды емес, оның орнына анықтаманы, мәтінді, санауыштарды қолдана білу – бала үрдістегі мәселені шешуге қажетті ресурсты меңгере білуі керек.

Сондай-ақ мектеп педагогтары балалардың дауларына араласпауға тырысады, оларға өмірдегі түрлі жағдайларға өздері дайындалып, төтеп беріп, біліктерін өз беттерінше жұмсауға үйренуін қадағалайды.

Оқу үдерісі фин мектептерінде «бірдей»  болғанымен, оны әркім өзінше ұйымдастырады.

Орысшадан аударған – С.Әбдірешұлы

Abai.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
8 жыл бұрын 3575
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167