Жер Қазақстанмен ортақ шекарасы жоқ елдердің азаматтарына ғана жалға берілуі керек!
Жер Қазақстанмен ортақ шекарасы жоқ елдердің азаматтарына ғана жалға берілуі керек!

Экономист Олжас Құдайбергенов еліміздің «Жер кодексіне» өзгеріс енгізу керек деп санайды. Ол бұл туралы «Ақ жайық» басылымына берген сұхбатында айтқан.

Жер сату туралы әңгіме шыққалы ел ішіндегі наразылық көңіл-күй одан әрі өрши түсті. Жексенбі күні Атырау қаласында осы бастамаға қарсылық білдірген мыңдаған адам алаңға шықты. Экономистің өзгеріс енгізу керек деп отырғаны, жер заңындағы 24-баптың 1-тармағына қатысты әңгіме. Онда «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ тұлғалар, шетелдік заңды тұлғалар, сонымен қатар, жарғылық қорындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ тұлғалардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауылшаруашылығы мақсатындағы жер уческелерін тек жиырма бес жыл мерзімге жалға алу түріндегі жерді уақытша пайдалану құқығын иеленеді» деп жазылған. Экономистің ойынша осы бап өзгертілмесе, келешекте жерге қатысты үлкен проблемалар туғызуы мүмкін екен.

- «Жер кодексі» өзгертілуі керек деп санаймын. Атап айтқанда, оған жерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұлғаларға, құрамында шетелдік құрылтайшылары бар заңды тұлғаларға сатуға тікелей тыйым салатын тармақ енгізу қажет. Қазір ондай тармақ жоқ. Тек Қазақстанмен ортақ шекарасы жоқ елдердің азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана жерді жалға алуға рұқсат берілсін. Сонымен қатар, жалға алушы жер учаскесін үш жыл немесе одан да көп уақыт ішінде пайдаланбаса, жалға беруді тоқтату туралы норма енгізу қажет.

- Сіз сонда «Жер кодексіндегі» нақты бір бап бойынша айтып отырсыз ғой?

- Иә. Әңгіме 24-бап туралы болып отыр. Бірақ, жаңағы талаптарды азаматтар мен заңды тұлғалардың жер учаскелеріне иелік етуін реттейтін 23-бапқа да таратуға болады. Әрине, бұл бұрын бекітілген келісімшарттарға қатысты болмауы тиіс. Олар бойынша жеке-жеке, мемлекеттің мүддесін ескере отырып, шешім қабылданылуы тиіс.

- Кейбір экономистер мен саясаттанушылар жерді шетелдіктерге жалға беру елдің ауылшаруашылығын алдыңғы қатарға шығарар еді деп сендіруде. Осыған байланысты сіз не ойлайсыз?

- Жалға беруе болады деп санаймын. Тек, қайталап айтамын: қазір көпшілік наразылық білдіруге себеп болып отырған саяси қатерлерді азайту үшін Қазақстан Республикасымен ортақ шекарасы жоқ елдердің азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана беру керек. Одан кейін, жерді жалға алу инвесторлар үшін қандай да бір пайда әкеле қояды деп ойламаймын. Өйткені, олардың жұмысына кедергі келтіретін проблемалар – жемқорлық, қағазбастылық, ауылшаруашылығы компанияларын қолдаудың кемшіліктері, тозған немесе мүлдем жоқ инфрақұрылым, кадр тапшылығы сынды кедергілер бәрібір сақталып отыр. Бірінші осы мәселелерді шешу керек, әйтпесе, мұнымыз атты арбаның артына жеккендей іс болады.

Әзірлеген: Дархан Мұқантегі
«Қамшы» сілтейді

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
9 жыл бұрын 6307
1 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167