Жылқы мен қыз жылаған жаз (Болған оқиға ізімен жазылды)
Жылқы мен қыз жылаған жаз (Болған оқиға ізімен жазылды)
Ақбоздың ажалы

Болған оқиға. Өткен ғасырдың ортасында Қытайдың қазақтар қоныстанған Іле аймағында «Ақбозат» деген көркем фильм түсірілген. Сол фильмде басты рөлді сомдаған жылқы: тұқымы асыл, қаны таза жорға айғыр болыпты. «Жорғасы шапқан атқа жеткізбейтін, мүсіні – қыздай, кербез қанттай әппақ жылқы еді» – дейді әлгі арғымақты көргендер. Бірақ сол ақбоздың тағдыры аянышты аяқталған.

Фильм түсіріліп біткен соң, ақбоздың өнеріне тамсанған қытайлар айғырдан жақсы тұқым алғысы келіпті. Талай жорға, жүйрік биеге қосқан. Бірақ жақсы құлын тумапты. Бір күні Ішкі Қытайдан келген мал дәрігері: «Ақ айғырды өзінің енесіне қосамыз. Екі асыл тұқымнан «алтын құлын» туады» – деп «жаңалық» ашқан көрінеді. Мұны естіген ауылдағы қариялар шулап: «Жылқы адам сияқты. Есті жануар. О заманда, бұ заман биеге өзінен туған төлді қосушы ма еді?! Бұл жақсылықтың нышаны емес» – деп әлгі дәрігерге тілмаш салады. Бірақ Ішкі өлкеден оқып келген маман қазақтардың қорқынышына құлақ аспаған… Сөйтіп, ақбоз айғырдың зар күйінде басына қап кигізіп, енесіне салады…
Осы оқиғаны көзімен көргендер әлі күнге қорқынышпен еске алып жүр. «Басқа биенің иісін алдырып, енесіне шаптырғанда, ақ айғырдың құлын дауысы шықты. Басынан қапты шешкені сол, енесі – боз биеге бір қарап, көзі шатынап, қорадан бір-ақ қарғыды. Құстай ұшып, таудың қыр-жонымен шауып, Кереге тастан ұшты да кетті» – дейді.
Арғымақтың денесін алып шықпақшы болып, бір күннен кейін құзға түскендер айғыр сүйегінің шашылып қалғанын көрген. Терісі іріп, еті шіріп кетіпті. Ал ақ бие не үйірге ермей, не отқа шықпай, көзінен жас ағып, қорада өледі. Осы оқиғаны көп адамнан естігем, қаламгерлердің көркем әңгімеге айналдырғанын да оқыдым.
Ақбоз айғырдың ажалын неге жаздық? Адамның азғындығын жылқының тектілігімен салыстырғымыз келген. Біздің әңгімеміз енді басталады. Бұл да болған оқиға. Тек кейіпкердің аты-жөнін өзгертіп алуды жөн көрдік.

Қыздың қылығы Алматыда

Алматыға басқа қаладан іссапармен келген Құсайын әйдік қонақүйдің біріне орналасты. Қасында көмекшісі бар. Кешкі ас-суын ішіп алған соң, қала көшесін жаяу аралап қайтады. Осында қызы оқитын еді. Соған қоңырау шалды. Сабағын, денсаулығын сұрады: «Әсем, салған ақшамды алдың ба? Ертең уақыт шығарып жатақханаңа соғып қайтам. Үлгерсем, ұшаққа дейін деканатыңа барып: ағай-апайларыңмен сөйлесіп, танысып, алғыс айтып шықсам деп едім».
– Әке, несіне әуре боласыз? Бізде қазір емтихан уақыты. Мұғалімдердің қолы бос емес. Ал жатақханада «карантин». Кіре алмайсыз. Қатты көргіңіз келсе, карточкама ақша салыңыз, үйге ұшып барып келейін» – деп әкесіне еркелей күлді.
– Қызым, мен қаланы аралап жүрмін. Комендантыңнан сұрап көрші, сыртқа шығара ма екен? Шыға алсаң, маған кел. Мейрамханаға апарайын. Бірге тұратын қыздарыңды да ертіп шық!
– Жоқ, әке, бізде тәртіп тастай. Кешкі сағат оннан кейін ешқайда шығармайды. Көрші жатақханаларға да бара алмаймыз.
– «Тәртіпке бағынған құл болмайды», қызым! Жарайды онда, хабарласып тұр.
– Анама сәлем айтыңыз! Сіздерді сағындым, үйге барғым келеді!..

Желік

Құсайын екі жылдың алдында қызы Әсемді Алматыға өзі ертіп әкеліп, оқуға түсіріп, жатақханаға орналастырып кеткен. Бірінші курсты бітірген жылы жазғы демалыста үйіне бір рет барды. Одан қайтып ат ізін салмай қойған. Телефон арқылы хабарласып тұрады. «Алматыда жүре бермей үйге қайтсаңшы» – десе, сабағын, қосымша курсын сылтауратады.
– Қазіргі студенттерге обал. Сабақ қиын. Үш-төрт тіл үйрену керек. Талап сондай – дейді қасындағы орынбасары Мәлікке қарап.
– Иә, Құсайын Ермекұлы, менің де балам Астанаға кеткелі, үйге қайтуды қойды – деп бастығының сөзін қостап жатыр.
Бұлар түнгі қаланы біраз шарлап, қонақүйге кеш оралды. Жолда бір мейрамханадан шарап ішкен. Соның буы ма – көңілі көтеріліп, желік пайда болғандай. «Елдің орынбасары бастығының көңілін тапқанға «мәстер» дейді. Сенің жұмыстан басқаға қырың жоқ-ау!» – деп әзіл-шыны аралас, Мәлікке тиісе сөйледі.
– Емеурін білдірсеңіз, ебін жасаймын ғой – деп бұл да жымың-жымың етеді. Орынбасар жұмысқа ғана емес, мұндай іске де жүйрік екенін дәлелдемек, бұл жолы. Бастығы өзі бастап отыр ғой… Сонымен бөлмеге француз шарабын алдырды. «Ресепшндегі» қыздарға қоңырау шалды. Олар да қиылып тұр. «Ағай, қалай демалып жатырсыздар? Біздің қонақүйдің қызметі ұнады ма? Не қалайсыз?» – деп сыңғырлайды. Шарап буын-буынына түсіп, бойы балқып отырған кісіге Қор қызының үніндей жағады екен.
– Қарындас, бәрі тамаша! Тек Алматының мынадай әдемі түнін қызықсыз қарсы алып жатқанымыз жанымызға қатты батты – деп алыстан орағытып тұр. Телефонның арғы жағындағы қыз да сықылықтап күліп, мұның дегбірін әбден алды-ау! «Ой, ағай, қызық екенсіздер. Екі күннен бері аузын буған өгіздей үндемейсіз. Сіздердің не қалайтынды қайдан білеміз?
– Сендер айттырмай біледі деуші еді…
– Көріпкел емеспіз ғой. Жарайды ағай, онда жарты сағаттан кейін бөлмеңізге Қордың қыздары барады. Қорқып, талып қалмаңыздар!
– Қордың қызы сордың қызы болмасын. Алматының ақ балтыры болсын! – деп бұл телефон тұтқасында кеңк-кеңк күлді.

Атаусыз кездесу

Жарты сағат өткен жоқ. Есіктің қоңырауы бұлбұлдай сайрай жөнелген. Бұл уақытта Құсайын душқа жуынуға кіріп кетіп еді. Есікті орынбасары Мәлік ашты. Қасы-көзін қаламмен сызып тастағандай, бейне суретшінің ең әдемі картинасы сияқты екі қыз тұр. Бірінен бірі өткен жас. Бірінен бірі өткен сұлу. Диалог болған жоқ. Қыздар ішке кірді. Мәлік зыр жүгіріп сұлуларды жайғастырып, дастарқанды жайнатып жатыр. Ресепшнге телефон соғып, тағы да шарап алдырды. «Менің бастығым жуынып шыққанша шөл баса отырайық» – деп қыздарға алғашқы стаканды өзі алдырып жіберді.
– Денсаулық үшін, таныстық үшін!
– Алматыға келуіңізбен! Сіздер үшін!
– Менің бастығым жер бетінде жалғыз адам. Жомарт, білімді, іскер!
– Ер адамның ақшасы көп, жомарт болғаны жақсы ғой – деп жымиды бойы сұңғақтау әппақ қыз.
– Есімдеріңізді айтпадыңыздар, қыздар!
– Қайтесіз, бәрібір шын атымызды айтпаймыз… Мені Айка дей беріңіз, құрбым – Гуля болады.
– Маған сол да жетеді – деп күнге күйгендей жылтыраған қара торы қызға жақындады Мәлік. «Бастығымның көңілі Айка сияқты әппақ, бойшаң қызға түсетін. Сізді бастығыма қалдырайын!» – деп ыржақтады.
Айтып ауыз жиған жоқ, душтың есігі шалқасынан ашылып, арғы жақтан буы бұрқырап, ақ халатпен бүгінгі кештің басты «қаһарманы» шықты. «О, менің алтын адамым – бастығым шықты. Жеңіл буыңызбен!» – деп Мәлік орнынан қарғып тұрды. Қыздар да көтерілді. Бағанадан бері мақтауын асырған бастық дастарқанға жақындады. Келді де шетте тұрған әппақ қызға қолын ұсынды. Сол-ақ екен, әлгі бойшаң ару Құсайынның бетіне бір қарап, шыңғырып жіберді. Ешкім ештеңе түсіне алмай қалды.
– Айка, саған не болды?
Қара қыз жақындай беріп еді, жынданған кісіше шыңғырған ол балконға қарай жүгірді. Көз ілеспес жылдамдықпен барып, жартылай ашық тұрған терезеден құстай ұшты да кетті. Бәрі қас-қағым сәтте болды. Қап-қараңғы терезеге қадалып, қатып қалған үшеудің осы сәттегі бейнесі – жансыз мүсінге қатты ұқсайтын еді…

Өзектегі өрт сөнбейді

Арада бір ай өтті. Алматыдан көтерілген ұшақ кіреберісінде әртүрлі газеттер тұр екен. Құсайын қолына ілінген біреуін жұлып алды. Орнына жайғасқан соң, ішін ашып еді. «Ақбоз айғырдың ажалы» деген әңгіме оттай басылды. Оқып шықты. Жүрегі сулап, желке түбі тартып ауырғандай болды. Көзі бұлдыраған соң екінші бетін аударып еді, басы айналып кеткендей болды.
Өткен айдағы оқиға жазылыпты. «Осыдан бір ай бұрын Алматыда оқыс оқиға болған еді. 21 жастағы қыз қонақүйдің терезесінен құлап, мерт болғаны туралы жазғанбыз. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлі адамдардың аты-жөні анықталды. Жазым болған азамат Әсем Құсайынқызы 2-курстың студенті болып шықты. Алдын ала тергеу бойынша, қыз жеңіл жолмен ақша табуды кәсіп қылған. Сол күні оны Құсайын Ермекұлы және Мәлік Қайрақбаев есімді басқа қаланың азаматтары қонақүйге шақырған көрінеді»…
Құсайынның құлағына ақбоз айғырдың кісінеген құлын дауысы, қыздың шыңғырып жылаған ащы, зарлы үні естілгендей болды. Көзіне біресе тастан ұшып бара жатқан ат, біресе терезеден секірген әппақ Әсемі елестеп кетті.

Жарас КЕМЕЛЖАН

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 4588
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167