КҮЙЕУІМ «ЕКІНШІСІН АЛСАМ» ДЕЙДІ

Айрандай ұйыған отбасым, аузында Алласы, жүргінде иманы бар арыстай азаматым мен болашағынан үміт күттірген үш ұлым – әйел бақытын, ана бақытын сезініп, Алланың мейіріне бөленіп, алаңсыз күн кешуіме себепкер болды. Күйеуім шағын дүкен мен көлік жуатын орталық ашып, сонымен айналысады. Мен тапқан табысының берекесін кіргізіп, үйде балаларымызды бағып отырамын. Әне-міне деп төртіншімізді күтіп жүргенбіз. Бір күні күйеуім келіп:



– Ақылдасатын әңгіме болып тұр... Жақында бір келіншектің күйеуі жол апатынан қайтыс болды. Келіншек бұғанасы бекімеген 4 баласымен жесір қалды, жұмысы да жоқ. Оған арқа сүйер еркек керек, екінші әйелдікке алып, қарасып тұрайын. Сауабы мол іс қой... - деп бастап келе жатыр еді, қызғанышым бетіме шығып, жолдасымды ары қарай сөйлетпедім. Менің аяғым ауыр екенін ескерген ол да әңгімесін тоқтатты. Тек, ойлануымды өтінді. Қалай ойлансам да, ерімді басқа әйелмен бөлісу деген шешімге келісе алмадым. Күйеуімнің өзге әйелді құшып, сүюі, маған айтқан сөздерін оған айтуы... Бұл туралы ойлаудың өзі ауыр. Соңында:+

– Мен екінші әйел алуыңа қарсымын, егер ол әйелді алатын болсаң, мен кетемін! Бала туып бере алмасам жарар еді, екінші әйелді қандай сылтаумен алмақшысың? – деп ішімдегіні ақтарып тастадым. Күйеуім ол әйелді маған қанағаттанбағаннан емес, сауап үшін аламын деп қанша айтса да, түк шықпасын түсінді де, менің ішімдегі баланы ойлап, ол әйелге үйленбеді. Күндер жылжып өте берді, өмірге сүп-сүйкімді қызымыз келді. Сәбиіміз бір жастан асқанда әкесінің денсаулығы сыр беріп, мазасыздана бастады.

Менингит ауруына шалдыққан жолдасым, көп ұзамай өмірден озды. Ол кеткен соң айналам тұманданып, өмірдің көлеңкелі тұстары қылаң бере бастады. Өзі кеткен соң, кәсіптері де құлдырап, банкротқа ұшырады. Мен жұмысқа шығайын десем, құшағымда емізулі балам бар. Ағамның үйіне көшіп баруыма тура келді. Ағамның бес баласына менің төрт балам қосылды, үйдегі жеңгеме бұл у-шу ұнамағаны байқалып жүрді. Содан, пәтер жалдап бөлек шықтым. Алайда, пәтерақысын төлеуге, тамаққа ақша табуға мен дәрменсіз едім, бөлек тұрғаным болмаса, бәрібір ағамның мойнына масыл болуға тура келді. Күндер өте берді. Ағама да оңай соғып жүрмегені жүдеу жүзінен көрінетін. Келіншегін де ренжіткісі келмейді, бауырын да қиындықта қалдырып кете алмайды...

Бір күні ағам мені отыздан асқан бір кісімен таныстырды. Қатты қуандым, танысқан азаматты жігіттің төресіне баладым. Байсалды, иманды азамат сөзінің соңында:

– Үйде үш баламның анасы, аяулы жарым бар, оның алдынан өткенім абзал. Мен сізге бір жауабын ағаңыз арқылы айтамын, - деді. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей мең-зең күйге түстім. Менің тағдырымның қай арнаға ауысуы әуелі Алланың, содан соң бейтаныс келіншектің шешіміне байланысты болып тұрды. Кезінде жолдасым рұқсат сұрағанда бір бейбақ дәл мен секілді қиналған екен ғой...

Сол кезде істеген ісіме қатты өкініп, ұялып, Алла Тағаладан кешірім сұрадым. Түнімен истихара намазын оқып, келіншектің куйеуіне рұқсат беруін тіледім. Таңертең әлгі азамат келіншегімен бірге келіпті. Үйге кірген соң, келіншегін қалдырып, күйеуі сыртқа шығып кетті. Ал мен не айтар екен деп қобалжып тұрғанымда, жап-жас әрі өте әдемі келіншек маған жақын келіп, қолымнан қысып:

– Әпке! Біздің мақсатымыз бір! Біз қызғанышқа бой алдырмай, Жәннәтқа деген үмітпен, осы азаматты сыйлай, қадірлей білейік! Алла қаласа, бірігіп, ер азаматымыздың разылығын іздейік, жағдайын жасап, жан тыныштығын алуын ойлайық, иманының жартысы болайық. Бір еркекті жалғыз құшақтап жатқаным үшін де сұраламын ғой, одан да сауап жинағаным абзал, - деді.

Екеуміз қосылып біраз жыладық. Не деген кең жүрек, неткен иман! Мейірімі шексіз Алла Тағала мені кезіндегі кемшілігім үшін күйеуімді алып жазалап еді, енді тәубемді қабыл етіп, осындай отбасы сыйлады.

Бұл оқиғаны мен секілді білместікпен асығыс шешім шығарып жүрген сіңлілеріме сабақ болсын деп сіздерге жолдап отырмын.

P.S. Мақалада айтылғандар редакцияның көзқарасын білдірмейді!

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
8 жыл бұрын 4058
1 пікір
  • Ер-азаматқа бірнеше әйел алу қаншалықты сауапты, сүннет амал болса, соншалықты жауапкершілігі мол өте қиын іс. Әйел, бала-шаға – ер адамға табысталатын аманат. Алланың алдында аманаттың сұрауы күшті. Қияметтің қиындығынан, тозақ отынан (тіпті, мына дүниедегі проблемалардан) қорыққан адам барынша әл-ауқатын таразылап барып әрекет етпек. Қасиетті Құранымыздан "қорықсаңдар, біреуімен шектеліңдер" деген ескерту (салмақты рекомендация) бар. Алайда "төрт жерден төс жеп, Құдайдың берген жиырма баласын" асырай алып жүрген бауырларымыздың азаматтығына да, (инша-Алла) сауаптарына да қызығуға болады. Ниетің оң болса, Аллаға арқа сүйедім деп тәуекелмен амал етсең, екі дүниенің жақсылығы болар Алла қаласа. Ниет – екеуі. Қазақ үшін үшіншісі де бар. Біріншісі – дүние қызығы мен ахиреттің игілігі үшін ұрпақ өрбіту, салихалы перзент тәрбиелеу. Екіншісі – тақуалық үшін, яғни харамнан сақтанамын, Алланың рұқсатымен қызыққан әйелді адал етемін деген ниет. Екі ниет тоғысып жатса – мәш-Алла! Сондай-ақ қазақта әмеңгерлік деген бар. Мұзылман азаматтың өз бауырларына қамқорлық етемін, аға-ініден туған балаларды жетімсіретпеймін, қамқорлығыма аламын деген ізгі ниеті. Құрметті ер-азамат бауырлар, деніңіз сау болса, әйел, бала-шағаңызды кішкентай болса да баспанамен, адалдан болған ас-сумен, ыстық-суықтан қорғайтын, әуретті жабатын киіммен қамтамасыз ететін жағдайыңыз болса, шаңырақтарымды шайқамай, әйел, бала-шағамды тәрбиелей аламын деген сеніміңіз болса, ата-анаңыздың разылығын алудың жолдарын білсеңіз, бісміллә, екіншісін, үшіншісін, төртіншісін алыңыз! Тек ниетіңіз болсын, Алла жар болар, жәрдемдесер. Әумесерлік жасамаңыз, бүлік тудырмаңыз, уақытша некені мақсат етіп бұзықтық істемеңіз (Алланың азабын есіңізден шығармаңыз).
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167