Маман тамаққа қосылатын қоспалардың зияны туралы айтып берді
Маман тамаққа қосылатын қоспалардың зияны туралы айтып берді

Еліміздегі тамақ өндірісі мен тамақ қоспаларына қатысты ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің бөлім басшысы Насима Жүнісованы әңгімеге тартқан едік. 

Насима Ахашқызы, қазіргі таңда қазақстандық оқушылар арасында фаст-фуд пен тәтті газдалған сусындар жиі пайдаланыладыБалалар, тіпті ересектер де неге фаст-фудқа және осы сұсындарға әуес?

- Расында да 13,7% жуық балалар күн сайын фастфудты азық етеді.

Тамақ өнімдерінің негізгі екі компонентіне тоқталғым келеді, олар «тартымды тауар» түрін береді, алайда тұтынушы организміне жағымсыз әсер етеді – бұлар тағамдық қоспалар және трансмайлар. Әртүрлі елдерде тамақ өнімдерін өндіруде пайдаланылатын тағамдық қоспалардың саны 500 атауға жетті, ал Еуропалық қоғамдастық 300-ге жуық атауды жіктеді. Бұлар бояғыш, консервант, антиоксидант, стабилизатор, қоюландырғыш, эмульгатор, қышқылды реттегіш, дәмі мен хош иісін күшейткіш, дәмдеуіш және қосымша заттар. Бұл заттардың барлығын азық-түліктің заттаңбасынан табуға болады, олар Е әрпімен белгіленеді және олардың үш немесе төрт мәнді нөмірі болады.

Мысалға, Е620-Е625 глутамат тұздары (дәмі мен иісін күшейткіш). Оларды табиғи заттардан да, сонымен қатар химиялық реакция арқылы да алады. Ол қытай, жапон және корей тағамдарында және әртүрлі ет өнімдерін, соның ішінде шұжық өнімдерін, өлшеніп оралған теңіз өнімдерін, көкөністерді, тез дайындалатын көжелер мен лапшаларды, фаст-фудты, әртүрлі тұздық қоспаларын, кетчупты, майонездерді, снектерді, оның ішінде чипсилерді, кептірілген нандарды, жаңғақтарды өнеркәсіптік өндірген кезде кеңінен пайдаланылады.

- Глутамат тұзы несімен қауіпті?

- Ол тәуелділікті тудырады, адам табиғи өнімнің дәмін қабылдамайтын болады.

Ұйқы безі инсулинін күшейтеді. Құрамында глутамат тұзы бар өнімдерді үнемі пайдаланған кезде диабет пен семіздіктің даму қаупі артады. Мысалы, қытай және американ ғалымдары жүргізген зерттеу натрий глутаматын пайдалану салмақтың артуына әкелетіндігін растады. Қазақстанда семіздік ауруы өзекті мәселе болып отыр. Соңғы 5 жылда (2013-2017 жылдары) жасөспірімдер арасында семіздік ауруының көрсеткіші 15,3%-ға ұлғайды (2017 жылы 100 мың жасөспірімге шаққанда 2013 жылғы 196,1-ге қарсы 226,1-ді құрайды).

Миды, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің миын қоздырады, қайтымы жоқ өзгерістерді тудырады. Альцгеймер, аутизм, назар тапшылығы синдромы, мигрень ауруларының пайда болуымен байланысы бар екендігі туралы мәлімет бар. The Journal of Headache and Pain-да жарияланған зерттеу рационында натрий глутаматының жоғары мөлшерін (150 мг/кг) пайдаланатын адамдар бас ауруынан зардап шегетінін және олардың бетіндегі шайнау бұлшық еттерінің жоғары сезімталдығы бар екендігін дәлелдейді.

Жүктілік кезінде - қалыптасып келе жатқан бала ұрығының жүйке жүйесіне зиян келтіруге қабілетті.

Асқазан-ішек жолының сілемейлі қабықшасының қабынуын қоздырады, ойық ауруының, гастриттің дамуын өршітеді.

Натрий глутаматын және қауіпті трансмайларды бірге пайдалану бауырдың алкогольдік емес май ауруының дамуын жылдамдатады.

Трансмайлар аспаздық және кондитерлік өнімдердің негізгі бөлігін (фастфуд, нан өнімдері, бисквиттер, қуырылған өнімдер (қуырылған қартоп, дранниктер, тауық наггетстері, кейбір шаурмалар), микротолқынды пешке арналған попкорнды, вафлиді; кулинарлық майды, жартылай гидрогенизацияланған майларды, кейбір (әсіресе өнеркәсіптік өндірістегі) маргариндерді; нан-тоқаш бұйымдарын: бәліш, печенье, майлы тоқаш, пирожный, қаттама, торттарды жасау кезінде қолданылады.

- Трансмайларды пайдалану салдары қандай?

- ДДСҰ трансмайларды пайдалану жүрек-қантамыр ауруларына, абдоминальды семіздікке, диабетке, Альцгеймер ауруына, кеуде ісігіне, репродуктивтік функциялардың бұзылуына, өт қабына тас байлануға әкелетінін атап айтады. Мысалы, тек 5 грамм трансмайды пайдаланудың өзі жүректің ишемиялық ауруының 3%-ға артуына әкеледі. Құрамында трансмайлары көп болатын рацион өлім-жітім қаупін 28%-ға арттырады. Ал сүт безі ісігі 40%-ға жиірек кездеседі.

- Қазақстандағы жағдай қалай?

- Трансмайларды пайдалануды тоқтату адамдардың денсаулығын қорғаудың және сақтаудың басты шарты болып табылады. ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес, трансмайларды жалпы пайдалану калорияларды жалпы пайдаланудың 1%-ынан аспауы тиіс, бұл 2 000 калориядан тұратын рационда күніне 2,2 г. кем сәйкес келеді.

Республикада 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап май өнімдерінде майлы қышқылдар трансизомерлерінің болуы бойынша жаңа норматив күшіне енді. Май өнімдері бойынша Техникалық регламент (КО ТР 024/2011) талаптарына сәйкес, ол тағам өніміндегі жалпы май құрамының 2%-ынан аспауы тиіс. Құрамында трансмайы бар маргариндердің, спредтердің, майлардың және басқа да өнімдердің тұтынушылық орамында өнімнің май фазасында қаныққан майлы қышқылдардың және майлы қышқылдар трансизомерлердің жоғары құрамы туралы қосымша ақпараттың болуы тиіс. Алайда, кондитерлік бұйымдардағы (шоколад, торт, кәмпиттер, глазурь), сондай-ақ фаст-фудтағы, картоптағы, чипстардағы, попкорндағы трансмайлар нормаланбайды.

029/2012 «Тағам қоспаларына, иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарында балаларға арналған тағам өнімдерінде жасанды тағам қоспаларын қолдануға тыйым салынған. Қазақстан аумағында тағам өнімдерінің қауіпсіздігін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау органдары құзіреті шегінде шаралар қолданылатын нормативтік актілерінде және санитарлық қағидаларында, Кеден одағының техникалық регламенттерінде бақылайды.

2017 жылы «Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру» жобасын іске асыру бойынша әзірленген Жол картасының шеңберінде негізгі инфекциялық емес аурулардың қауіп-қатері факторларын, оның ішінде халықтың тұзды, қантты, трансмайларды пайдалану деңгейін зерттеу бойынша жалпыұлттық зерттеу жүргізу жоспарланған.

Дұрыс тамақтану арқылы денсаулықты нығайтуға жәрдемдесу мақсатында елімізде дұрыс тамақтануды насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізілуде, оның ішіне ДДСҰ-ның дұрыс тамақтанудың 12 қағидаты кіреді, тәулігіне 400 граммнан 700 граммға дейін көкөніс пен жеміс жеу, құрамында қант, тұз және май деңгейі жоғары тағам өнімдерінен бас тарту.

- Өзімізді қалай сақтандыра аламыз?

- Тағам дайындаған кезде табиғи дәмдеуіштерді, тұздықтарды, майлылығы 82,5% және одан жоғары тазаланбаған майларды қолданған жөн.

Гамбургерлерді, хот-догтарды, шаурмаларды, чебуректерді, жарамдылық мерзімі ұзақ кондитерлік және аспаздық бұйымдарды, фритюрде жасалған, тез дайындалатын өнімдерді (түрлі көжелерді және кеспелерді) тағамға қолданбау керек.

Сатып алар алдында дайын, әсіресе тез бұзылатын ет, шұжық, сүт өнімдерінің және кондитерлік бұйымдардың құрамына кіретін ингредиенттерді тексеру керек.

Балаларға кішкентай кезінен бастап дұрыс тамақтануды, ас ішу мәдениетін үйреткен жөн. Мұнда ата-аналар өздері үлгі көрсетулері керек.

- Әңгімеңізге рахмет.

Baq.kz 

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
6 жыл бұрын 2430
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167