Оразада сәресіне тұрудың 10 пайдасы
Оразада сәресіне тұрудың 10 пайдасы

Сәресі мен ауызашардың әдептері Оразаның әр күні сәресі ішуден басталады. Сәресі деп Рамазан айында ораза ұстау ниетімен таң атпастан бұрын тамақтануды айтады.

Бүгінде ораза ұстаушылардың көпшілігі түнде тойып ішіп-жеп, сәресін ішпей, оразасын ары қарай жалғастыра беруді әдетіне айналдырған. Алайда, сәресінің сіз бен біз біле бермейтін пайдалары мен артықшылықтары ұшан-теңіз, деп жазады Асыл арна.

Сонымен, біріншіден,  әрбір мұсылман түннің соңғы бөлігінде ораза тұтуға ниет етіп, сәресін ішкені жөн. Неге? Өйткені, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Таң атпастан бұрын тамақтаныңдар, өйткені сәресінде береке бар!», — деген (Бұхари, Муслим). Адамның кейде сәресіне тұрмаған күндері біртүрлі әлсіздік сезініп, өзін жайсыз сезінуінің себебі осыдан.

Екіншіден, «Расында, Алла және Оның періштелері сәресін ішкендерге салауат айтады» (Ахмад). Енді өзіңіз ойлаңыз, аса Құдіретті, әлемнің Иесі Алланың өзі есендік тілеген пенде қалай ұтылмақ? Жоқ, оның бұл күні амандықта, есендікте болатыны анық!

Үшіншіден, сәресі – сіздің, яғни мұсылманның оразасы мен христиандардың, яһудилердің оразаларын бір-біріне ұқсатпай ерекшелеп түратын бір айырмашылық. Өзге дін өкілдері де біз секілді ораза ұстайды. Сондықтан Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, біздің оразаның өзге Кітап иелерінің оразасынан айырмашылығы — сәресі ішу», – деген (Муслим). Сәресін ішудің маңыздылығы туралы хадистер өте көп.

Ибн `Амр, Әбу Са`ид және Әнастан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір жұтым сумен болса да сәресін ішіңдер», – десе, келесі бір хадисте  «Расында, сәресіде игілік бар, сондықтан оны қалдырмаңдар», — деген (Ахмад).   Сәресі қай кезде ішіледі? Сәресінің уақыты таң атуға жақын қалғанда басталады. Егер адам таң атпастан бірнеше сағат бұрын немесе ұйқыға жатар алдында тамақтанса, онда бұл сәресі болып саналмайды. Сәресін түннің ақырғы бөлігіне дейін қалдыру керек немесе тіпті, дәл таң намазының алдына жақын тамақтанған абзал.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бізге, пайғамбарларға ауызды уақыты кіруімен ертерек ашып, сәресін кешірек жасау әмір етілген», — деген (Ибн Хиббан, Табарани). Адам таң ата бастағанына анық көзі жеткенше тамақтана беруіне рұқсат етіледі. Алла Тағала Құранда: «Таңның ақ жібі мен қара жібін ажырата алғандарыңша жеңдер және ішіңдер», – деген («Бақара» сүресі, 187 – аят). Ал қазір бізде бұл жағдай арнайы бекітілген ораза кестесі арқылы жеңілдетілген.

4. Сәресіне тұрған адам таң намазына ұйықтап қалмайды.
5. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті орындалады;
6. Құлшылыққа күш-қуат береді;
7. Ширақтықты арттырады (белсенділік, энергия, т.б);
8. Аштықтан келетін нашар мінездің алдын алады;
9. Сəресі дұғаның ең қабыл болатын кезіне сәйкес келеді;
10. Сəресіде ниетті түзеп, ықыласты арттыруға мүмкіндік туады;

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 4360
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167