ПЕЙІЛ
ПЕЙІЛ

Қайбір жылы бір ағамыз қарбыз екті. Сол жылы қарбыздың бағасы төмендеп кетті де, еккендердің ешқайсысы да пайда көре алмай шығынға батты. Ағамыздың да жағдайы мәз болмады. Бірер камаз қарбыз жөнетті де, онысынан түк те пайда таппай, қалған қарбызды көршілеріне, ағайндарына «сендер жинап ала салыңдаршы, бала-шағаларың жер, малдарыңа турап берерсіңдер. Бекерге күн ұрып кетеді, обал-ды» деп диқаншылық жасап таратып жібермек болды. Қысқасы, сауап іс жасайды. 
Біреу тегін қарбыз беріп жатқанда кім қарап қалсын! Көршілері, ағайындары көліктерін, арбаларын сүйреп қарбыз егілген егістікке әп-сәтте жетіп барады. Барады да «мына жерден ана жерге дейінгі қарбыз менікі, ешқайсысың тиіспеңдер, өзім артып әкетемін» бөліп-бөліп алады. Кештеу барғандарын кіргізбей бәле болады.
– Ау, пәленше біздің де ағайынымыз, бізге де «барып жинап алыңдар» деп айтқан. Сол үшін келіп отырмыз, – десе де бұрынырақ келіп қойғандар бұларды жолатқысы келмейді. Жанжал басталады. «Немене, пәленше қарбыз бермесе аштан өлетін бе едің? Әлде мына жердің бәрін сатып алып па едің?» деп кәдімгідей кейбіреулері жағаласады (ол жерде айтылған сөздердің бәрін қағазға түсіру мүмкін емес, боқтық та бар, ұятсыз сөздер де бар). Адамдар араша түседі.
– Қойыңдар, әй. Тегін қарбыз ғой. Бәрімізге де жетеді. Қанағат қылыңдар, – деген уәжіне құлақ аспайды да. Қарбызға таласқан дау әзер басылады. 
Ол дүниенің қарбызы болатын. Ақыр соңында бүкіл ауыл барып талап алса да бәрібір, қанша қарбыз үзілмей қалып кетті. Диқаншылық дегенің нағыз береке ғой. Екі ортада адамдардың бір-біріне айтқан былапыт сөздері көңілдерде қаяу болып қалып қойды.

Түнеукүні капуста артып жатқандардың жанында біраз отырғанмын. Бәрін артып біткеннен соң капустаның иесі сол жердегі жұмысшыларға «артылған капусталарды үйлеріңе алып кетіңдер» дейді. Расымен де ол жерде шеті жырылған, жарылған, зақым түскен бір талай капуста бар еді. Олар сатуға жарамаса да тұздап жеуге, сорпа жасап қайнатуға таптырмайтын көкөніс. Капустаның иесі рұқсат беруі мұң екен, сол жердегі «шаршадық, қалжырадық» деп былқ-сылқ етіп, жұмысқа құлықсыздау боп отырған әйелдер аяқ асты жан біткендей капустаға қарай тұра ұмтылды. Таласа бастады. «Сен әдемісін алып қойдың», «сен дүниеден өлгенсің, былай тұрсайшы, енді біз алайық та» деп шоқысып жатты. Бұл адамдардың пейілін қойсайшы. Сол әйелдер үйілген капустаның ширек бөлігін де әкете алмады, себебі тым көп болатын. Капустаға таласқандарға қарап отырып жоғарыда баяндалған «қарбыз таласы» есіме түсіп кетсе бола ма...

Пейіл, ынсап, қанағат деген нәрселер әдірем қалып бара жатқан секілді. Құдай біледі, қолымыздан келсе әлемді түтіп жіберуден тайынбайтын сияқтымыз ғой. Ескерте кетейін, бұл пікірім адамдардың бәріне қатысты емес, алайда мына заманда жарты тиын үшін тісін сындыратын көп. Алла аясын, әйтеуір.

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 4472
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167