Путин нені ымдады?
Путин нені ымдады?

17 қарашада Владимир Путиннің Таулы Қарабақ туралы берген көлемді сұхбаты мұқият назар аударған кісіге Кремльдің көкейіндегі көп ойдан хабар береді.

Путин Ресейдің посткеңестік кеңістікке қатысты ұстанымы туралы бұған дейін жазған пікіріміздің дұрыстығын дәлелдеп берді. Сонымен Путин не деді? Ресей президенті Әзірбайжан басшысы Әлиевтің бітімге келуге ертерек дайын болғанын мәлімдеді.

Пашинянға ашулы ма?

Путин тіке айтпаса да, оның бұл сөзінен армяндар қырсықпай ертерек мәмілеге келгенде, Қарабақтың солтүстік аудандары мен басып алған Агдам өлкесі армяндарда қалатын еді, оңтүстіктегі жазықта орналасқан жерлер Әзірбайжанның иелігіне өткенімен, есесіне, ресейлік бітімгершілік күштері Әзірбайжан әскерінің одан әрі жылжуына тосқауыл болатын еді деген ойды аңғару қиын емес.

Армения премьер-министрі Пашинянмен үнемі байланыста болғанын айта келе, Путин Пашинянның соғысты неге жалғастыра беруді ұйғарғанын сол күйі түсінбегеніне тоқталды. Нәтижесінде армяндар Әзірбайжаннан тартып алған Шуша қаласынан айырылып, Кельбаджар ауданын қайтаруға мәжбүр болды.

Путин армян үкіметінің басшысын тікелей айыптамады. Бірақ бұл соғыстағы жеңіліс Пашиняннан бөлек, елдің бұрынғы басшыларының жіберген қателіктерінің нәтижесі екенін емеурінмен жеткізді. Пашинянға жағдайды баяндаған әскерилердің де үлесі барын еске салды. Армения билігі іс жүзінде соғысқа әзір болмағанын, оған дайындалмағанын ашық айтты.

Н.Пашинян мен В.Путин

Іс жүзінде Путин бұл пікірі арқылы Арменияда жаңа сайлау науқанына батасын берді. Оның нәтижесінде билікке жаңа адамдар келуі керек. Арменияда Пашинянды америкалықтардың билікке әкелген қолбаласы деп санайтындардың қарасы көбейді. Ресейдің медиакеңістігі де соңғы кездері осы ойды көрерменіне тықпалауда. Елдегі оппозиция «Никол «Ұлы Армения» мүддесіне опасыздық жасады» деген сөздерді жаңа сайлау науқанының ұранына айналдыра бастаған тәрізді.  

Әзірбайжан мен Түркияға қатысты Путин ұстанымын ашық білдірді. Түріктер мен Әзірбайжанның Қарабақ соғысында бірлесіп іс-қимыл жасағаны, оның пікірінше, «егемен ел ретіндегі құқығы». Дейтұрғанмен, «Көпғасырлық байланыс пен діни жақындығына сүйене отырып, Ресейдің де Арменияның одақтасы болуға құқылы» екенін ескертті.

Иә, Путин халықаралық құқық бойынша Әзірбайжан мен Түркияның заңсыз ештеңе істемегенін мойындады. Өйткені Қарабақ де-юре Әзірбайжанның жері екенін, сол себепті өз жерін қайтарғысы келген әзірбайжандардың түріктерді көмекке шақырғанын айыптай алмайтынын айтты. Алайда Кремль қожайынының мына сөздері ойландырмай қоймайды.

Келісім бе, соғыс па?

«Қарабақты тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде мойындау немесе мойындамауға келсек, мұнда әрқилы баға беруге болады, бірақ бұл көптеген жайдың, оның ішінде өз басым аяқталды деп үміттенетін қантөгіс барысында да маңызды фактор болды. Өйткені Арменияның өзі Қарабақты мойындамағаны оқиғалардың барысы мен оны қабылдауға елеулі әсер етті.

Бұл жерде тіке айту керек, кезінде бұрынғы грузин билігінің қылмыстық әрекетінен кейін, Оңтүстік Осетиядағы біздің бітімгерлерге соққы бергендерін айтып отырмын, Ресей Оңтүстік Осетия мен Абхазияның  тәуелсіздігін мойындады.

Біз Қырымда тұрып жатқан халықтың білдірген еркін және онда тұрып жатқан адамдардың Ресеймен бірігу туралы ұмтылысын әділетті деп таптық, біз адамдардың тілегін қабылдадық, бәрін ашық жасадық. Біреуге бұл ұнауы немесе ұнамауы мүмкін, бірақ біз бұл қадамға сол жақта тұрып жатқан адамдардың мүддесі үшін, Ресейдің мүддесі үшін бардық және оны ашық айтудан қысылмаймыз. Қарабаққа қатысты мұның бірі де істелмеді және бұл сонда болған барлық оқиғаға әсерін тигізді».

И.Алиев

Осы пікірімен-ақ Ресей билігі Таулы Қарабаққа қатысты қандай ұстанымда екенін және Армениядан қандай қадам күтетінін анық ұқтырып отыр. Егер армянның қазіргі билігі немесе жаңа билігі Таулы Қарабақ республикасын мойындаса, онда оның қазіргі заңсыз әскери күштері таратылмауы әбден мүмкін. Керісінше, бітімгерлік күштерінің аясында келген ресейлік әскери кеңесшілер мен нұсқаушылардың көмегімен күшеймесінен кепіл жоқ. Тәуелсіздігі мойындалмаған Таулы Қарабақтың астанасы Степанакертті қалпына келтіруге, Арменияға кеткен босқындарды сол жерге қайтаруға қаржысын да, қажыр-қайратын да аямай жатқан Ресейдің әрекеті де көкейде көп күмән тудырады.

Бұл болжамымыз расқа айналса, Әзірбайжан президенті Әлиев іс жүзінде Қарабақтағы қантөгісті тоқтататын бітімге емес, керісінше, жаңа соғыс өртін тұтататын келісімге қол қойған болып шығады.

Ол жағдайда Кремль одақтастығын немесе Ресейдің ұлттық мүддесін басқасын сылтауратып Армения жағында соғысуы ғажап емес. Бұл жағдай Кремльдің «ұлттық мүддесі» тоқайласуы мүмкін дейтін Ресейдің өзге көршілеріне ой тастауы керек.

Түйін

Материал әзірленіп жатқан сәтте В.Путиннің Арменияға табиғи газ, мұнай өнімдері мен өңделмеген табиғи алмаз жеткізу туралы заңға қол қойғаны жарияланды. Одан бөлек армян ақпарат құралдарында мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының президенті Араик Арутюнянның 22 қарашада Мәскеуге ұшып барғаны туралы ақпар пайда болды. Оның Мәскеуге қандай мақсатпен барғаны әзірге белгісіз.

Мәлімет көзі: nege.kz

Фото: kremlin.ru

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
3 жыл бұрын 1782
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167