Қазақстан тұрғындары: Сығандар
Қазақстан тұрғындары: Сығандар

Сығандар – дүниежүзіне тарыдай шашылған жұрт. Әлемде сыған табырына жататын 80 этникалық топ бар деп есептеледі. Бұл этникалық топтардың барлығы дерлік сығандардың еш қайталанбайтын өзіндік ерекше дәстүрін сақтаушылар мен жалғастырушылар болып табылады.

Айтпақшы, 1971 жылы 8 сәуірде бұл халықтың ұлттық мұрасын сақтау мақсатында Тұңғыш Бүкіләлемдік сығандар конгресі өткен. Мұнда әлемнің отызға жуық мемлекетінен сыған делегаттары арнайы келіп қатысқан. Сол жылы Ұлыбритания астанасында Сығандардың Халықаралық Одағы құрылды.  Бірінші бүкіләлемдік сығандар конгресінің нәтижесінде әлем сығандары өздерін территориясы жоқ біртұтас ұлт ретінде мойындатып, өздерінің ұлттық рәміздері: туы мен гимнін қабылдады.

Сығандардың Халықаралық Одағы бұл маңызды күндердің барлығын біріктіріп, 8 сәуірді «Сығандар күні» ретінде атап өтуді ұсынды.

Сондай-ақ, бұл күні сығандардың мақтанышына айналған атақты сыған, шансоншы Анастэйша Бурак туылған.

«Халықаралық сыған күні» - тек сығандардың өздері ғана емес, жалпы сыған мәдениетіне қызығушылық танытатындар үшін де мерекелі күнге ұласады, себебі бұл күні әлемнің әр түкпірінде концерттер, презентациялар, фестивальдар ұйымдастырылады. Және оған қатысуға ешкімге шек қойылмайды, сығанның өзіндік фольклорымен танысамын дегендерді сығандар құшақ жая қарсы алып жатады.

Кейбір сығандар арасында «Сыған күнін» тойлаған кеште белгілі бір уақытта жағылған шырақпен көшеге шығып, жүріп өту дәстүрі бар.

Сығандар өздерін рома деп те атайды. Қазақстанда этникалық топ ретінде өмір сүреді. Олардың Қазақстанға қоныс аударуы кеңестік кезеңде басталған, бүгінге дейін әлі де көш соңы үзілген емес. 2013 жылғы дерек бойынша Қазақстанда тұратын сығандар саны төрт мыңнан асып жығылады. Сығандар әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Ресейде, Венгрияда, Словакияда, Чехияда, Румынияда, Болгарияда, Югославияда және т.б. елдерді тобырымен мекендейді.

Жалпы әлемдегі сығандар саны түрлі мәліметтер бойынша алты миллионнан он милллионға дейін жетеді. Антропология бойынша еуропалық нәсілділерге жатады.

Тілі

Сыған тілі үнді тобына жатқызылады. Түрлі халықтар ортасында дамығанына қарамастан, сыған тілі индоариялық негізін сақтап қалған. Кейбір сыған топтары тұрғылықты ортасына қарай бейімделіп, өз тілдерін жоғалтып алған.

Қазіргі сыған тілі бірнеше диалектілерге бөлінеді. Бір айта кетерлігі, сығандардың өз жазу әліпбиі жоқ. 

Діні

ТМД аумағын мекендейтін сығандардың дені православтар, ал қырым сығандарының арасында мұсылмандар, католиктер бар. Католик сығандардың арғы тегі негізінен Литва мен Белоруссиядан. Сығандар арасында дәстүрлі наным-сенім де кең тараған.

Тарихы

Жалпы сығандардың шыққан ата жұрты Үндістан болып есептеледі. Олардың алғаш тарих сахнасына шығуы Үндістанда біздің эрамыздың бірінші мыңжылдығында басталған. Алғашқы сыған қауымдастықтары Алдыңғы Азияны (Иран аумағы), Египетті қоныстанды. Сондай-ақ, Византия империясының шығыс аймақтарында тұрған. Екінші мыңжылдықтың басталуында сығандар көші Балқан жартылай аралына қарай жылжи түседі. 

XV ғасырдың басында сығандар сондай-ақ, Еуропа аймағын жайлап, кейінірек Солтүстік Африкаға да жетті. Ал XIX ғасырда сығандар Солтүстік және Оңтүстік Американы, Австралияны қоныстана бастайды.

Сығангдардың көшінен қауіп күткен көптеген еуропалық мемлекеттер оларды XV ғасырдан бастап өз аумақтарынан қуып шығуға тырысты

Неміс-фашист әскерлері жаулап алған жерлерде бірінші кезекте сыған ұлтының өкілдерінің көзін жоюға тырысты (бұл тарихи кезеңде 500 мыңға жуық еуропалық сыған өлтірілген).

XVI ғасырда сығандардың бір тобы Румыния мен Молдавия арқылы Украинаға келіп қоныс тебеді. Ал тағы бір тобы  XVI ғасырдың басында Германия мен Польшаны кесіп өтіп, Ресейдің солтүстік аймағынан бір-ақ шығады.   Осылайша аз уақыт ішінде Ресейді жерсініп кеткен сығандар XVIII ғасырдың екінші жартысында оның күллі аумағын жайлап үлгерді.  Кеңес үкіметі кезінде мыңдаған сығандар Сібірге айдалды. 1956 жылы Кеңес үкіметі жарлық шығарып, сығандарды отырықшыландыруға тырысты. Жарлыққа бағынбағандарды бес жылға дейін бас бостандығынан айырды. Соның ықпалы да болар, соңғы жылдарда сыған интеллигенциясы қалыптасып үлгерді.

Сығандар Еуропадағы азшылық ұлттардың қатарына жатады. Сығандардың синти, мануш, кале секілді этноатаулары көп. Алайда, еуропалық сығандар рома деген атауды жиірек қолданады.

Зерттеушілер еңбектерінде Үндістан падишахының Персия шахына 1000 адамды сыйлыққа тарту етілгені айтылады. Ата жұртынан қоныс аударуға мәжбүр болған осы мың қаралы адам кейін сыған жұртының негізін қалаған-мыс. Олардың сөйлеу мәнері мен тілдік ерекшелігіне байланысты сығандар Персияда 400 жылға жуық уақыт өмір сүрген делінеді тағы бір зерттеулерде.

Кейін олардың өздерін «ромдар» деп атаған бір тармағы батысқа қарай жылжып, Византия аумағына көшеді. Ромдар кале, синти деп аталатын еуропалық сығандардың атасы.

Мигранттардың бір бөлігі Таяу Шығыста қалды (сығандардың дом деп аталатын тобының аталары). Сондай-ақ, тағы бір тармағы Палестинаға, ары қарай Египетке асып кетеді.   

Ал ортаазиялық люли деп аталатын сығандар өздерін еуропалық сығандардың немере туысымыз деп санайды.

Сонымен еуропа сығандарының арғы тегі Византиядан шыққан делік. Тарихи құжаттарда сығандардың империяның шет аймақтарында ғана емес, сондай-ақ, нақ жүрегінде де орналасқаны, соның себебінен олардың көпшілігінің христиандықты қабылдағаны айтылады.

Византияда сығандар қоғамға тез сіңісіп кетті. Кей жерлерде олардың тайпа басшыларына белгілі бір жеңілдіктер беріліп отырды. Сол кездегі жазбаларда сығандар туралы аз айтылады. Сығандар туралы деректер көбінесе темір ұсталары, ат әбзелдерін әзірлеуші, жыланнан бастап, аюға дейін жәндіктер мен аңдарды қолға үйретуші ретінде келтіріледі.

Византия империясы күйрегеннен кейін сығандар Еуропаға қарай үдере көшті. Еуропаға алғашқы болып аяқ басқан сығандар қайыр сұраумен, алдаумен, бал ашумен айналысты. Бұл оларды өзге еуропалықтардың арасында сүйкімсіз етті. Кейін сығандардың қолынан іс келетін әртіс, ұста, шеберелері келе бастады.

Батыс Еуропаға алғаш келген сыған таборлары бұл елдердің басшыларына өздеріне Рим папасының христиан дінінен уақытша теріс айналғандары үшін 7 жыл елден безу туралы ерекше жаза тағайындағанын айтады.

Бастапқы уақытта билік сығандарды қамқорлыққа алып, оларға азық-түлік, ақша, тіпті кей жерлерде қорғаншылық грамотасын беріп отырды. Ал, жеті жыл уақыт өткеннен кейін Еуропа елдерінің басшылықтары сығандарға мұндай кепілді көмек көрсетпей қояды.  

Бұл уақытта Еуропада экономикалық және әлеуметтік дағдарыстың өршіп тұрған кезі болатын. Бұған Батыс Еуропа елдерінде бірқатар тыйым салу заңдарының қабылдануы, соның ішінде қаңғыбастарға қатысты заңның күшіне енуі себеп болды.

Экономикалық дағдарыстың кезінде ел ішінде керісінше үйсіздер мен күйсіздердің саны артты. Бұл сәйкесінше, ұрлық-қарлықтың, қарақшылықтың өсуіне алып келді. Сығандар осы заңның құрбанына айналды. Табырымен көшіп-қонып жүретін сығандарды еуропалықтар қаңғыбастардың ерекше тобына жатқызды және олар үшін бөлек бұйрықтар шығарылды.

Сығандарға қарсы шығарылған заңдарға көз жүгіртер болсақ.

Швеция. 1637 жыл. Еркек кіндікті сығандарды дарға асу туралы заң болған.

Майнц. 1714 жыл. Мемлекет аумағынан ұсталған барлық сығандар өлім жазасына кесілген. Ал әйелдер мен балаларға дүре соғылып, қыздырылған темір басылған.

Англия. 1554 жыл. Сыған еркектеріне өлім жазасы берілді. І Елизаветаның қосымша жарлығына сәйкес бұл заң тіпті қатаңдандырылды. Ол бойынша «египтяндармен таныстығы бар немесе дос болғандар да» өлім жазасына кесілді.  1577 жылы бұл жарлық бойынша алты ағылшындық өлтірілді. Олардың барлығы Эйлесбериде дарға асылды.

 Тарихшы Скотт-Мэкфи неміс мемлекеттерінде XV-XVIII ғасырларда қабылданған 148 заңды атап көрсетеді. Олардың барлығы дерлік сығандарды жазалаумен байланысты. Мәселен, Моравияда сыған әйелдерінің сол құлағын, ал Богемада оң құлағын кескен. Австрия эрцгерцогтігінде қыздырылған темір басқан.

Ал 1725 жылы Фридрих Вильгельм I Прусский 18 жастан жоғары сығандардың барлығын - еркегін де, әйелін де өлім жазасына кесуді бұйырады.  

Сығандар адам көзіне түспеу үшін күндіз далаға шықпайтын болды, олар түрлі үңгірлерде, ормандарда жасырынып өмір сүрді. Олардың бұлайша елден саяқ өмір сүруі жергілікті халық арасында «сығандар адам етін жейді, шайтанмен сыбайлас, түнде періге айналады» деген дақпырттардың таралуына себеп болды.

Сығандардың бір бөлігі әскерге жауынгер немесе қызмет етуші ретінде сұранып кетіп, қудалаудан аман қалды. Олар өздерін ғана емес, осылайша отбасыларын да сақтап қалды.

Сондықтан Ресейге Германия арқылы келген сығандарды таборда «әскери сығандар» деп атаған.   

Еуропаның экономкалық дағдарыстан шығуымен бірге сығандарға қарсы заңдар да өз күшін жоя бастады. Осыдан бастап сығандар қайтадан еуропалық қоғамға бой үйрете бастайды.

Мәдениеті

Сығандардың музыкаға, биге, әнге бейім халық екені белгілі. Олар өздері мекен еткен жерлеріне байланысты жергілікті халықпен мәдени байланыс жасап, дәстүрлі мәдениетін түрлі элементтермен байытып келеді, сондай-ақ, көптеген елдердің музыкасына, өнеріне сыған дәстүрлі музыкасының элементтері енді.

Мәселен, румын, венгер скрипкашыларының әуездерінде, испанның «фламенко» биінде сыған фольклорының белгілері кездеседі. Сығандардың дәстүрлі киімдерінің өзіндік ерекшеліктері арқылы олар тұрғындар арасында бірден көзге түседі. 

Сығанның қыз-келіншектері де, ер адамдары да алтын бұйымдарды көп тағады. Олардың арасында күміс тағатындары азын-аулақ қана.

Тұрмыстағы әйелдер бұрымдарына алтын немесе күміс тиындарды қосып өретін болған, ал мойындарына алтын тиыннан алқа тағады. Ал еркектер күміс түймелі кеудеше және ашық түсті жібек көйлек киеді.

Ұлттық тағамдары

Қырыққабаттан, ет пен күріштен жасалған сорпа, ет, бұрыш, томат, картоп қосылған қою сорпа,  аштылмаған қамыр мен сүзбе рулеті.

Дәстүрлі істері

Ер адамдар жылқы саудасымен айналысады, ал әйелдері көше кезіп жүріп бал ашады. Дегенмен, әр табырда түрлі қолөнер түрлері де бар, мәселен – темір ұстаханасы, ағаштан ойып бұйым жасау, зергерлік іс және т.б.

Сығандар еңбек еткенде де тәуелсіздік пен еркіндіктің болғанын қалайды. Сол себепті де, олар уақытша келісіммен қысқамерзімді жұмыстар жасауға тырысады. Жалпы сығандар жан-жақты болып табылады және олардың ақша табу мүмкіндіктері де әртүрлі. 

Алайда, жоғарыда атап өткеніміздей, сығандардың басты мамандығының бірі – жылқы саудасы. Сондай-ақ, алып-сатарлықпен де айналысады. Қаражат табуда әйелдердің де қосар үлесі қомақты. Олар тауарларды жеткізіп берумен, сатумен және бал ашумен айналысады.

Нұргүл Қалиева

EL.KZ 

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
4 жыл бұрын 2360
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167