Қазақстандықтар желідегі қандай сөздері үшін түрмеге қамалады?
Қазақстандықтар желідегі қандай сөздері үшін түрмеге қамалады?

Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйене отырып, әлеуметтік желідегі қандай әрекеттер үшін қандай «жаза» көзделгенін Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратмәліметіне сүйеніп жазады.

130-бап. Жала жабу

Қылмыстық кодекс бойынша, жала жабу, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер тарату деген сөз. Көпшiлiк алдында сөз сөйлегенде, әлеуметтік желідегі жазбасында немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жала жапқан адам 2000 АЕК көлемінде (шамамен 4 млн. 538 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

131-бап. Қорлау

Қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiткен адамға сот 200 АЕК көлемінде (453 800 теңге шамасында) айыппұл сала алады. Немесе 180 сағатқа тең қоғамдық жұмысқа тартылады. Айыппұл төлей алмаса, айыппұл құнына пара-пар түзету мерзіміне кесіледі.

147-бап. Адамның жеке және отбасылық құпияларын заңсыз жария ету

Өзінің лауазымын пайдалана отырып, жеке адам туралы және оның отбасы туралы мәліметтер жинаған, отбасының құпиясын бұзған адамға Қылмыстық кодекс 5 жыл түрме жазасын кеседі. Мұндай қылмыс жасаған азаматтар сол лауазымды 2-5 жыл уақытқа дейін атқара алмайды. Ал құпияны жинап қана қоймай, жария еткен (әлеуметтік желі арқылы да) адам 7 жылға сотталуы әбден мүмкін.

161-бап. Басқыншылық соғысты тұтандыратын насихат жүргiзу және жария түрде шақыру

Басқыншылық соғысты тұтандыратын насихат жүргiзіп, жария түрде соғысқа шақырған адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылады (3 жылға).

174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру

Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер жасаған адам екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

179-бап. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру. Әлеуметтік желі арқылы осындай әрекетке барған адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

180-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе әлеуметтік желіні пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуды насихаттаған немесе жария түрде соған шақырған адам 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалады.

207-бап. Ақпараттық жүйенің немесе ақпараттық-коммуникациялық желінің жұмысын бұзу Ақпараттық жүйенің немесе ақпараттық-коммуникациялық желінің жұмысын бұзуға бағытталған қасақана әрекеттері үшін адам  екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз 2000 АЕК (4 млн 538 мың шамасында) мөлшерде айыппұл салуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.   

256-бап. Терроризмді насихаттау немесе жария түрде террорлық акт жасауға шақыру. Мұндай әрекет жасаған адамдар үшін мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

274-бап. Әдейі жалған ақпарат тарату Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде зиян келтіру қаупін төндіретін жалған ақпарат таратқаны үшін адам 5000 АЕК көлемінде (11 млн. 345 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса, 2 жылдан 5 жылға  дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылады.

373-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін – Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғу.

Мұндай әрекет үшін адам 3000 АЕК көлемінде (6 млн 807 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса, 3 жылға бас бостандығынан айырылады.

375, 376, 378-баптар. ҚР Президентінің, ҚР Парламенті депутатының, билік өкілінің ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және қызметтеріне кедергi жасау Қазақстан Республикасы Президентiн жария қорлау немесе оның ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұққаны үшін азамат 3000 АЕК дейінгі мөлшерде (6 млн. 807 мың теңге) айыппұл төлейді немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Депутатқа тоқталар болсақ, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатын жария қорлағаны үшін азаматтар 2000 АЕК көлемінде (4 млн. 538 мың теңге) айыппұл төлейді. Тіпті, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Үкімет өкiлiн қорлаған адам 300 АЕК көлемінде (688 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұлға тең түзету жұмысқа тартылады. Сондай-ақ, 240 сағатқа тең қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Немесе, 75 тәулікке қамауға алынады.

402-бап. Сот заңсыз деп тапқан көтерілісті жалғастыру үшін адамды айдап салатын әрекет. Мұндай әрекеті үшін адам 1000 АЕК көлемінде (2 млн. 296 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұлға тең түзету жұмыстарына тартылады.

Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске сәйкес, сот осындай әрекетке барған адамды 1 жылға бас бостандығынан айыра алады. 

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 3219
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167