«ҚАЗПОШТА» ҚАШАНҒА БАСЫНА БЕРЕДІ?!.
«ҚАЗПОШТА» ҚАШАНҒА БАСЫНА БЕРЕДІ?!.

Алматы қаласындағы Жамбыл мен Әуезов көшелерінің қиылысындағы «Қазпоштаның»  байланыс бөлімшесі майда теңге орнына кейде керек емес газеттерді клиенттеріне береді. 2016 жылдың 31 мамырында мен коммуналдық төлемдерді жасадым. Ал, қайтарылуға тиіс теңгелердің орнына байланыс бөлімшесінің Айнұр Жылқыбаева есімді кассирі менің қолыма  бес күн бұрын, яғни 2016 жылдың 26 мамырында шыққан газетті ұстатты. Мысалы, менде ақша жетпесе, мен әлгі кассирге қажетсіз заттарымды берсем, ол одан бас тартады ғой. Сонда неге мен оларға керек емес заттарды алуым керек?! Бұндай әрекет, ірі компанияның өкілдігіне мүлдем жараспайды. Осылай кішігірім киоскерлер немесе ұсақ таксисттер ғана істейді. Айтпақшы, аталған байланыс бөлімшесінде маған талай рет майда ақшаның орнына керек емес газеттерді тықпалады. Сондықтан мен олардың Астанадағы штаб-пәтеріне шағым жолдадым. Байланыс монополисті жауап ретінде жәй ғана кешірімді сұрады. Әрине, олар маған келтірілген материалдық шығынды өтеуге асықпас. 

Бүгінгі заманда «Қазпошта» сапалы байланыс қызметін көрсетуі тиіс еді. Алайда, жиырма бірінші ғасырдың қарқынды қозғалысы түгіл, «Қазпоштаның»  шабан жұмысы өткен ғасырдың баяу тіршілігінің артында қалды. 1912 жылы атақты жазушы, тарихшы Мариэтта Шагинян (1888 – 1982) ұлы композитор, дирижер, пианист Сергей Рахманиновпен (1873 – 1943) хат жазысып тұрды. Керемет өнер қайраткерлерінің жазбаша достастығы Мәскеу мен Петербургтің арасында өтті. Бір қызығы, жылдам ұшақтары мен жүрдек автокөліктері жоқ Ресейдің патшалық поштасы осы данышпан тұлғалардың хаттарын бір күн ішінде жеткізетін. Экспресс жіберілім емес, кәдімгі жай пошта. Осы ғажайып жағдайлар туралы  Мариэтта Сергеевнаның «Человек и время» естеліктерінен толығырақ оқи аласыз. Сіз қазір Алматыдан Астанаға хатты жіберсеңіз, сіздің адресатыңыз оны мүмкін бес-алты күннен кейін ғана алады. Көрдіңіз бе, Қазақстандағы байланыс саласы қазір қандай күйде!

«Қазпоштаның» қымбат тарифтері мен шабан қызметі еліміздің экономикасына да тұсау салуда. Мысалы, қытайлық байланыс кәсіпорындары шетелге шығаратын қытай тауарларын үлкен жеңілдіктерімен немесе, тіпті, тегін жөнелтеді. Сараң қазақ байланысшылары осындай ұлтжандылыққа бармайды. Оған қоса, шетелден келетін бандерольдер Қазақстаннан сыртқа шығаратын жіберілімдерден әлдеқайда арзан.

Кеңес Одағының біртуар әзіл-сықақ әртісі Аркадий Райкин құрылысшылардың  енжарлығын мазақтап, өз миниатюрасында былай деді: «Анау жоқ, мынау жоқ... Не істейік? Шай ішейік». Байланыс саласында хат тасушы ретінде істеген адамның хабарлауынша, кейбір хаттар көптеген уақыт бойы бөлімшеде жатып, тиісті адресатқа жіберілмейді екен. Ел аман, жұрт тыныш. Темір жолы, әуе жолдары да өз қызметін орындауда. Бірақ, жалқау байланыс «жұмысшыларының» кесірінен хаттар мен бандерольдер асықпай жөнелтіледі.

Әуе жіберілімдері де бір-екі күн ішінде емес, апталап созылады. Ал, Кеңес Одағының талаптарына сай әуе жіберілімдері тез жөнелтілетін. 1986 жылы жарық көрген Светлана Попованың «Аэрофлот от А до Я» анықтама кітабындағы «Почта» мақаласы әуе поштасының алдына қойылған қатаң талаптар жайында толығырақ баян етеді. Ал, қазіргі таңда Қазақстанның ішінде де «әуе» поштасымен жіберілген хаттар мен бандерольдер ұзақ жүреді. Сонда, не? Ұшқыштар әр ауыл мен қыстаққа қонып, үзіліс жасай ма?

Байланыс саласындағы қауіпсіздік деңгейі де көңілдегідей емес. Тарифтері жоғары болса да, хаттар мен бандерольдердің құпиялылығы төменгі дәрежеде қалып тұр. Погон таққан көрінген «қызметкер» кез келген адамның жіберілімдерін ақтара алады. Осындай зымиян әрекеттерге заңды рұқсат та қажет емес. Мысалы, 2005 жылдың тамыз айында қауіпсіздік комитетінің арнайы ақпараттық қызметі Ақмола аймағы бейбіт тұрғындарының хаттарын оқыды. Тараздағы наркобарон немесе Лубянкадағы терроршыл көсемнің хаттары емес. Жәй әншейін, қатардағы адамдардың күнделікті тіршілігі жөніндегі жазбаша әңгімелер. Мысалы, Көкшетау қаласының тұрғыны, украин әйелі Ефименко белоруссиялық туысқанымен сырласады: «Пәтерлеріміз өте қымбат, бағалары күрт өсті. Бірақ, кредиттерді алуға болады және кредит арқылы автокөліктер, жиһаз бен пәтерлерді алуға болады». Сонда не? Осындай жеке әңгімелерді оқып, қауіпсіздік комитеті кімнің қауіпсіздігін нығайтпақ?! Ақмолалықтардың жеке өміріне қол сұққан тыңшылар баяғыдан бері ауыстырылған. Алайда, бұқара халықты тәулік бойы бақылайтын қылмыстық жүйе өзгермеді. Әлгі тыңшылар тек қана атқарушы биліктің нұсқауларын орындауда. Бұл салада ешбір қоғамдық, парламенттік бақылау жүргізілмейді.

Көлік пен коммуникацияларымыздың басқа бөліктерінің де қауіпсіздігі көңілдегідей емес. Алматы халықаралық әуежайында таныс кеденші-майыр қызмет етті. Сол кісі айтушы еді: «Егер маған қауіпсіздік комитетінің офицері айтса: «Пәлен жүкті тексеріссіз өткіз» деп, мен оның нұсқауын бұлжытпай орындауға тиіспін». Әрине, әлгі кеденші-майыр заң бойынша жазбаша бұйрықты талап етсе, келесі аттестациядан сүрініп, орнынан айырылар еді. Байланыс саласындағы пәлен компания перлюстрация (бөтен адамдардың хатын оқуы) үшін тиянақты түрде жазбаша бұйрықты талап етсе, ақыр соңында лицензиясынан айырылады.    

Біз – қарапайым ел тұрғындары, байланыс компанияларының негізгі тапсырыс берушілері болып табыламыз. Біздің салығымыздың арқасында ҚР Үкіметі «Қазпошта» секілді монополистерге қаржылай көмек көрсетеді. Дегенмен, іс жүзінде байланыс саласы қоғамдық, парламенттік бақылаудан тыс қалуда. Оның сапасыз қызметіне, тұтынушыларының жеке басының құпиялылығын сақтамайтын дөрекі қылығына тойтарыс беретін уақыт келді.  "Қазпошта" қашанға дейін бізді басына беруі керек?!.

Данияр Наурыз

Abai.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
8 жыл бұрын 3289
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167