Ресей «реваншизм» жолына түсті
Ресей «реваншизм» жолына түсті

Кеңес Одағының күйреуінің 25 жылдығына арналған іс-шарада оның бірінші әм соңғы президенті М.Горбачев журналистердің өзіне қойған «КСРО қалпына келтіру мүмкін бе?», деген сауалына: «Мен Одақ үшін соңына дейін тырмыстым. Одақты реформалау, жаңғырту әрі мүмкін, әрі қажет еді... Кеңес одағына – жоқ десем, Одаққа – иә деймін. Жаңа Одақ бұрынғы шекарасы, бұрынғы құрамы бойынша ерікті түрде құрылуы керек деп санаймын», - деп мәлімдеген болатын.

Ал, 2014 жылы, Джимми Картер президент болған кезде оның саяси кеңесшісі болған, «80 жылдардың соңында КСРО құлайды», деп ашық мәлімдеген Збигнев Бжезинский Путиннің Қырымды басып алуына байланысты журналистер сауалына: «Ол ХХ ғасырдың ұлы қырғыны деп Кеңес Одағының күйреуін айтты. Ой жүгіртіп қараңыздар бұның астарында не жатыр? Бірінші дүниежүзілік соғыс – миллиондарды жалмады. Екінші дүниежүзілік соғыс – миллиондардың өмірін қиды, бұған Холокостты қосыңыз. Адамзат баласын ядролық апат қауіпімен құртып жібере жаздаған – қырғи-қабақ соғыс тағы бар. Жо-жоқ, өзі КГБ-ның құпия тыңышысы болған оған бұның бәрі жоқ болған мемлекетке қарағанда еш маңызды емес. Ол Кеңес Одағын қайта қалпына келтіргісі келеді. Әрі Украина – соның құны. Егер ол Украинаны өз уысына түсіре алса, онда ол өз арманын жүзеге асыруға барынша тырысады», - деп жауап берген екен.

Содан кейін Путиннің арманына айналған бұл тақырыпты кімдер көтермеді десеңізші?!

Иә, КСРО кеңес адамы санасынан жойылуы үшін – оны көзімен көрген соңғы жан дүниеден өтуі керек. Батыс санкциясы Ресейге өзінің бұрынғы отарларына ақпараттық соғысын кеңінен өрістетуге, ел тұтастығына сына қағатын мәлімдемелер жасауға табылмас сылтау болды. Қазір Орталық Азияда, Армения, Әзербайжан және Беларусте кеңестік дәуірден қалған үш белгі: кеңестік бюрократтық аппарат мұрагерлігі, ғылым-білім саласындағы тілдік руссизм және тек Мәскеуге ғана қарайтын орыс Прослав Шіркеуі сақталып отыр.

Тілдік руссизмнен тек Армения мен Әзербайжан ғана құтыла алды. Орталық Азия мен Беларус ілім-білімі ана тілдерінде онша өрістеп дамымай, ғылыми-техникалық көресіні көріп келеді. Осылайша бұрынғы одақтас республикалардың 8-і Ресейдің «империялық өмірлік мүддесінің» аймағына айналды. Бұл арада осы мемлекеттердегі жергілікті элитаның кезінде Ресейде білім алуы – ең басты фактор болып табылатындығын да ескергеніміз жөн. Әрі КСРО-ның орысшыл модулі ТМД да, басқада бұрынғы метрополиямен арадағы саяси-әскери және экономикалық одақтар да аталған елдер үшін аса қауіпті геосаяси фактор болып саналады.

Бұған кекілділер еш көнбеді. Жерінен айырылса да, ұлттық намысынан айырылған жоқ. Осы орайда, украин журналисі Роман Цимбалюк: «КСРО-ны көрінен тұрғызып тірілту үшін Ресейге 1991 жылғы күйреуді заңсыз деп мәлімдеуі керек. Содан кейін Мәскеу бұрын Кеңес Одағы бақылауында болған аймақтарда соғыс отын тұтандырады...  мысал үшін тұп-тура Донбастағыдай», - дейді. 

Біз қанша жерден тәуелсіздік алдық десек те Ресейдің «ұзын – арқан, кең –тұсау» шырмауындамыз. Осы шырмаудан құтыла алмай жүргенде Ресей саяткерлері соңғы бес жылдан бері есе қайтарушы «реваншизм» жолына мықтап түсті. Бұрын тек «Кремль сандуғаштары» Жириновский, Зюганов, Лимонов, Богдасаров, Калашников, Журавлев, Соловьев, Скабеева, Киселев сияқты жеке саяткерлер мен БАҚ серкелері ғана сөз ететін болса, енді Ресей Президенті әлемге жар сала ашық мәлімдей бастады. 

Сонымен Ресейдің «империялық өмірлік мүддесінің» бір тармағы Орталық Азия аймағы елдерінің тәуелсіздігіне қатысты соңғы бес жыл ішінде не айтылып, не қойылды. Соған шамалы тоқтала кетейік. 

Бес жыл бойы «КСРО деп» көкушілердің империялық амбицияларына май құйған фактор аты аңызға айналған АҚШ көріпкелі Эдгар Кейстің: «XXI ғасырдың басында Кеңес Одағы қайыра түлейді. Ресейге күн-рай мен жер реңінің тосын апаттары өзгелерге қарағанда аз зардабын тигізеді», деген сандырағы болды. Орыс әлемі мен Ресейліктердің санасын улап жатқан: «Мир подходит к глобальной войне. Надо воссоздать СССР», «Воссоздание СССР - несбыточная мечта» және «Почему народы СССР готовы к объединению?» сынды тақырыптар бойынша жазылған материалдарды әм телешоулардың санынан жаңыла бастадық. Әр жыл сайын осы мәселе бойынша өз ойы мен пікірін ортаға салып, Орталық Азия елдеріне сес көрсетушілер саны еселеп арта түсті.

Солардың қатарына жататын Аймақтық проблемалар Институтының директоры Дмитрий Журавлев, ресей дипломаты, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, МГУ-дің халықаралық саясат кафедрасының меңгерушісі, «За новый социализм» қозғалысының жетекшісі Николай Платошкиндер: «Республикалар КСРО құрамынан заңсыз шықты», деген тезисті ұстанып келеді.

Аталған сандуғаштардың барылғы да бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай көптен бері айтатын тағы бір сандырағы 17 наурыз 1991 жылғы референдум қорытындысын алға тартып, «КСРО-ны халық қалайды, ал, жергілікті элита – қарсы», деген ұстанымы өз нәтижесін беріп, РФ жұртшылығы олардың мүләйім өтірігіне кәміл сене бастады. Бұрын тек Еуразиялық экономикалық одақты місе тұтушылар енді: «Еуразиялық экономикалық одақ  дегеніміз – бұл теңгесін жоғалтқысы келмейтін, орыстармен бірге болғысы да келмейтін әм орыс пен армерикалықтармен терезесі тең болуды қалайтын қазақтарға арналған кері шегініс», дегенді алға тарта бастады

Осыдан бір жыл бұрын саясаткер, «Крымский проект» эксперттік тобының жетекшісі Игорь Рябов«Менің ойымша, келесі жылы жақын аралықта Ресей маңына Путин біріктіре бастайтын әлдебір үлкен миссияның нышан-белгісін аңғаратын боламыз. Өз ойымша, бұл бұрын Кеңестер Одағы деп аталған мемлекеттің қайыра түлеуінің жарқын нышаны болып табылады. Бұл қайта қалпына келтірілу республикаларды реинтеграциялап, қазіргіге қарағанда әлдебір берік одақпен біріктіреді», деген ой айтады

2010 жылдардан кейінгі Кеңес Одағын қалпына келтіру процесінің бірінші үміткері – Беларус, одан кейін Ресей құшағына Қырғызстан, Шығыс Украина, Армения, Қазақстан оралады-мыс. Дербес өмір сүре алмаған Гүржістанда адасып келіп үйірін табады деген пікірлерде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткендгі де жасырын емес.

Осындай бассыздықтарға Украинадан басқа бірде-бір мемлекет тойтарыс бермей келеді. Сондықтан Ресейдің бетімен кеткен саясаткерлері еліміздің тәуелсіздігіне қатысты ойына не келсе соны айтатын болды. Бір сөзбен айтқанда Оралық Азия билігі тарапынан «қой дер қожа, әй дер әже» табылмай тұр.

2016 жылдан бастап Арсен Мовсесян «халықтық социализм» мен «таптық социализм» терминдерін еш шатастыруға болмайды, деп өзі жобалаған СССР-21-дің математикалық есептеулерін, әлеуметтік қағидаттарын алға тарта бастады

Ең сорақысы 2016 жылдың 24 желтоқасындағы Ресей, Украина, Белорус, Молдова, Қырғызстан, Эстония, Донбастың өкілдері әм Сажи Умалатова бастаған бұрынғы КСРО Халық депутатары мен РФ Мемлекеттік Думасының  депутаты Евгений Фёдоровтардың қатысуымен қол қойылып жазылған «КСРО-ның шекарасын қалпына келтіру резолюциясының Жобасы» болды. 

Соңғы 5 жылдағы КСРО-ны көксеушілердің тізімін соза беруге болады. 

Батыс пен АҚШ-та да саясаткерлер тарапынан Ресей қару қолданып, қорқытып-үркітіп «КСРО-ны қалпына келтіре ала ма?» деген сауал қойыла бастады. Бұған берілген жауаптан төбе шашың тік тұрады екен. Сарапшылар әскери техникалық жақтан Путиндік Ресейдің бұрынғы КСРО елдерін бір тудың астына жинай алады, деп есептейді. Ол үшін ешкімге жалтақтамай, кететін шығын мен қаржы жағынан алаңдаймай жедел іске кірісе болды

Путин мәлімдемесі билікке ғана емес, еліміздегі саяси партиялар мен қозғалыстарға ой салды. Қытайға нота тапсырғандай біз РФ нота тапсыра аламыз ба? 

Әбіл-Серік Әліәкбар

Abai.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
5 жыл бұрын 2466
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167