Қазақтың қай салтын, дәстүрін алып қарамаңыз, тұнып тұрған тәрбие. Тойда атқарылатын салттан бастап жұмыла атқаратын жұмыстардың өзі адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығын, мейірімділігін, жанашырлығын арттырады. Солардың бірі – АСАР.
Асар жасау – ауқымды әрі ауыр жұмысты көпшілік болып ақысыз атқару. Бір үйде асар болып жатыр дегенді естіген кез келген адам қарап жатпайды. Хал-қадірінше көмектесуге асығады. Асарға бару адамдық қасиетіңді арттырады әрі сауап іс жасайсың. Бірақ мұның байыбына бара алмайтындардың бары өкінішті. Бұған жеңгемнің анам екеумізге айтқан шағымы дәлел.
...Уф, таң атпай көңіл-күйімнің быт-шыты шықты. Бүгін ағаң екеуміз достарымызбен бірге қала сыртына барып, тынығып қайтамыз деген едік. Мұны да көп көрді. Папаның жолдасы Айтбай ағалар үйінің төбесін жауып, асарлатып жатыр екен. Соған Абзал (күйеуі) бармай-ақ қойса болмай ма? Онсыз да ұсталары бар емес пе?, - деп шамданды жеңгем.
Кеше кешкісін әкемнің телефонмен біреуге «Абзалды да ертіп барамын» деп уәде беріп жатқанын құлағым шалған болатын. Демек, Айтбай ағамен сөйлескен болу керек.
«Несі бар, көмектессе, алыс адам емес. Қашан сенің қабағың ашылып, жадырап, күйеуіңе ақ жол тілейсің осы?! Үнемі алдын кес-кестеп «тосын сый» дайындап отырасың. Тауға шығу үшін бізден рұқсат алдыңдар ма? «Демалысқа қандай жоспарларыңыз бар?» деп алдымыздан өтпейсіңдер ме? Есікті үй, кез келген уақытта қонақ келуі мүмкін. Қашан сендердің барамын деген жерлеріңе жібермедік. Соңғы кезде қыдыруларың да көбейіп кетті. Бір жаққа бару үшін сендердің қас-қабақтарыңа, алтын уақыттарыңа қарайтын болдық қой. Ағайын-туыстың бірлігі осындайда білінеді. Асарға тепсе темір үзетін қайраты бар Абзал бармаса кім барады? Алпыстан асқан біз жүруіміз керек пе? Онсыз да қайын атаң таң атпастан асығып отыр, - деді анам ашуланып.
Анамның сөздері жеңгемнің жанын жаралады білем, жүгіріп бөлмесіне кетті. Артынан бара жатқан ағамды анам шақырып алып, жанына отырғызды.
«Балам, еркелейтін жастан өттіңдер. Қит етсе бөлмесіне кілттеніп алатын келіннің қылығы да шаршатты. Бүгін ағайын-туғанмен араласпасаң, ертең сені керек етпейді. Қайта шақырған жерге қуана-қуана баруларың керек. Бір шақырады, екі шақырады. Шақырған жерде төбеңді көрсетпесең, сені үшінші рет шақырмайтын болады. Күндердің күнінде шақыруға зар боласың. Адам күні адаммен. Бүгін күш-қайратың барда көмегіңді аяма. Қайта «Бізден не көмек?» деп өздерің баратын жөндерің. Демалыс сайын тауға ма, тасқа ма шабылмай, ағайын-туысты, бауырды іздеу керектігін қашан ойланасың?
Мынаны жақсылап есіңде сақта, ұлым.
«Асар – ата-бабаларымыздан бізге мұра болып келе жатқан қасиетті дәстүріміздің бірі. Асарға барғанның белі үзіліпті дегенді әлі естімедім. Қайта бірліктерің нығайып, татулықтарың артып, алғыс арқалап қайтасыңдар. Бүгін сен көмектессең, ертең сенің жүгіңді жеңілдетеді. Асарға еркектер күш қосу үшін барады, ал әйелдер дастархан жазуға, ас-ауқатқа көмектесуге бару керек. Сен ағашын көтеріп көмектесіп жүрсең, келіншегің бір қазан тамағын көтеріп барса, міне, қандай ғанибет. Өзіңнің мәртебең өседі. Бізді мақтаныш сезімі билеп, мерейіміз артады. Осылай тәрбие берген ата-аналарыңа алғыс айтады.
Біле білсең асарға шақырылмайтын адамдар бар. Олардың орнында болудан Алланың өзі сақтасын. Ұлым, асарға кімдер шақырылмайды білесің бе? Білмесең ұғып ал.
АСАРҒА:
АЯҒЫ немесе ҚОЛЫ жоқ МҮГЕДЕКТЕР; К
ӨЗІ көрмейтін ЗАҒИПТАР;
Бойынан ҚАЙРАТЫ кеткен ҚАРИЯЛАР;
Белінде КҮШІ жоқ жас БАЛАЛАР мен бесіктегі НӘРЕСТЕЛЕР ШАҚЫРЫЛМАЙДЫ.
Алла сені мұндай сынақтан сақтаған ғой. Жаратушының сыйға тартқан аяқ-қолын, саулығын қажет кезде неге жұмсамасқа?!, - деді анам.
Мына сөздерді естіген ағам анамнан кешірім сұрап, әкемнің соңынан ерді. Тіпті, қоңырау соғып, басқа да достарын шақырғандары ана жүрегін қуантты. Жаңа ғана көз жасына ерік беріп отырған анам, қара қазанын отқа қойып, тамақ жасаудың қамына кірісті. Анамның салмақты сөздері маған да сабақ болды. Санама сіңіріп алатын өсиет екен. Сөз соңында атам қазақтың бізге мирас еткен салттарын жаңғыртудан жаңылмайық, жастар дегім келеді.
Асыл АРМАН, ERNUR.KZ
фото: moya-planeta.ru