Тапқыр оқушы ҰБТ-ға ерекше шпаргалкамен кірген
Тапқыр оқушы ҰБТ-ға ерекше шпаргалкамен кірген

ОКҚ-де өткен брифингте ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-дағы ерекше шпаргалка жайында айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Брифингте Рамазан Әлімқұлов Ұлттық бірыңғай тестілеудің үшкүндік нәтижесін баяндай келе, қазақстандық түлектің тапқырлығына тәнті болды.

«Жыл сайын біз Ұлттық тестілеу орталығында ерекше шпаргалкаларға баға береміз. Осы жылы бірінші орынды ерекше шпаргалкаға береміз. Оқушы ҰБТ-ға пластикалық бөтелкенің этикеткасына өзіне қажетті химияның формуласын жазып кірген. Яғни минералды судың құрамы мен компанияның мекен-жайы көрсетілген жерде осы формула болған. ҰБТ-тың ережесіне сәйкес емтиханға суды алып кіруге болады», - деді ол.

Оның айтуынша, қазақстандық оқушылардың функционалдық сауаттылығы артып келеді екен.

«Әрине, бізге оқушылардың тапқырлығы қуантады. Бұл функционалдық сауаттылықтың деңгейінің артып келе жатқанын көрсетеді. Сіздер жылдан-жылға ҰБТ-да түлектердің функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған сұрақтардың саны артып келе жатқанын білесіздер. Осы орайда жоғары аталған факт біздің бейресми рейтингімізде бірінші орынға ие болды», - деді директор.

Сөз соңында ол ерекше шпаргалка жасаған оқушыға өз кеңесін берді.

«Біз осы шпаргалканың авторына техникалық бағытта білім алуға кеңес береміз. Біздің ойымызша, ол өз еліне үлкен пайдасын тигізе алады», - деп түйіндеді сөзін Рамазан Әлімқұлов.

 
Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
6 жыл бұрын 3369
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167