Тазабеков тақиясын шешпей жүр
Тазабеков тақиясын шешпей жүр

Мақтааралдағы су апаты біздегі діни топтардың да бетпердесін шайып кетті. Мұхамеджан Тазабеков басқаратын «Асыл арна» ұжымы түрлі сюжеттер жасап, адамдарды дінге түрлі әдіс-айламен шақыра бастады. Эфирден өткен бір сюжетте «Топан су ораза айында Алла тағаланың адамзатқа жіберген ескертуі» деп бір қорқытты. Екінші сюжетте топан судан жағалаудағы мешітке қарай жүріп келе жатқан журналист «қаншама үйлерді су басса да, Алла үйін су баспағанына қуанамын» деп салды.

Исламды насихаттауда «Асыл арна» журналистері христиандық прозелитизмге көп ден қояды. Әйтпесе тып-тыныш жатқан Мақтааралдың момын диқандарына қаһар төгетіндей Алла тағаланы соншама жендеттік образға енгізе ме? Өзбек шенеуніктері мен құрылысшыларының жемқорлығы кесірінен көршілес ауданның халқы зардап шекті. Бар болғаны осы-ақ. Ал бұл оқиғаны соншама библиялық трагедияға айналдырып, елді үрейлендірудің астарында не тұр? Әрине, дінге шақыратын миссионерлік айла-тәсіл тұр. «Асыл арна» телеарнасының ұстанымы, қаржылық көздері және салыққа төлейтін жыл сайынғы төлемдері туралы ақпарат табу мүмкін емес. Яғни бұл ақпарат толық құпияланған секілді. Құжаттарын формалды түрде «Отбасылық телеарна» деп өзгерткенімен, «Асыл арнаның» негізгі форматы мен бағыты – діни насихат. Бірақ «исламның Қазақстан жамағаты ұстанатын ханафи мәзһабына қаншалықты лайық?» деген сұраққа нақты жауапты тіпті Мұхамеджан Тазабеков те берген емес. Журналистердің сұрақтарынан үнемі тайғанақ жауаппен құтылып келеді. Соған қарағанда Мұхамеджан тақия жасауға бейім деген пікір еріксіз туады.

Телеарна бағдарламаларын қадағалап отыратын шариғи редактор – бұрынғы айтыскер Шорабек Айдаров. Діни білімі болмаса да, жауапты қызметте. Ал діни басқармадан келген, жоғары білімді Нұржан Дарқұловты шариғи редактор етіп бекіткенімен, бағдарламалар сценарийін шариғатпен сәйкестендіретін, сараптайтын жұмысқа араластырмайды. Нұржан Дарқұлов телеарнада өз алдына бөлек, шағын хабарлар, тікелей эфир жүргізеді. Діни басқармадан тапсырма түскенде матуриди ілімі бойынша бағдарлама әзірлеуге атсалысады. Бұл бағдарламаға «Асыл арнаның» журналистері мүлдем жоламайды. Оны көбінесе Нұр-Мүбәрак университетінен Айша Кеңесбайқызы келіп дайындайды. Өйткені «Асыл арна» басшылығы матуриди ілімін мүлдем мойындамайды. Ол жайында «Асыл арнадағы» Мұхамеджанның, Жанәділдің, Мейірханның естіген адамды талдырып түсірер талай пікірін тыңдаған едім. Бір қызығы, олар матуридиді ауғанстандық шииттерге телиді. Бірақ амалдың жоғынан, біреу бірдеңе десе, «біз де ханафитпіз, матуриди ілімі туралы пәлен бағдарлама жасадық» деп ақталу үшін пайдаланады.

Нұржан Дарқұлов «Асыл арна» ұжымының осы кемшіліктерін барынша жасырып-жабуға тырысады. Соның себебін сұрағанымда Мейірхан: «Ол «Асыл арнадан» ай сайын 150 мың теңге жалақы алады ғой» деп мысқылдай күліп, жауап берген еді. Анығы, бір Аллаға аян. Ал матуриди ілімін қандай ағымның өкілдері мойындамайды? 2018 жылы ҚМДБ насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы журналистерге сұхбат бергенде: «Ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали мәзһабын ұстанушы мұсылмандардың матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанатыны белгілі. Ал сәләфилердің сенімі бойынша кімде-кім матуриди немесе әшғари ақида мектебінің сенім негіздерін ұстанса, адасқан мұсылман, яғни әһлу сүннетке жатпайды. Бұл өрескел қателік», – деді.

Мұхамеджан Тазабековтің діни ұстанымына күдік тудыратын мына жағдай еріксіз еске түседі. 2007 жылы Алматыда әзірбайжан теологы Эльмир Кулиевтің аудармасымен «Тафсир Саади» атты кітабы ҚМДБ және Тұңғыш Президент қорының қолдауымен 10 мың дана болып жарыққа шығады. Ал Эльмир Кулиевтің бұл кітаптары Ресейде тыйым салынған әдебиеттер тізіміне енген болатын. Себебі Эльмир Кулиевтің кітаптары негізінен ибн Таймия, Албани, ибн Қайим, ас-Сухейми сияқты уахабтық ұстанымдағы авторларға жиі сілтеме берген. Мұны біздің сарапшылар байқамай қалды ма, әлде ҚМДБ сарапшылары құрамының білімі жетіспеді ме, ол жағы белгісіз.

2009 жылы ислам дінімен таныстыратын «Бисмиллях» дискісі жарық көрді. Дискідегі уағыз түгелдей Эльмир Кулиевтің «Тафсир Саади» кітабына негізделген. Ал «Асыл арна» болса күндіз-түні осы дискіні эфирден жарнамалауға кірісті. Бұл сәләфиттер мен сопылар «соғысының» аяқталып, діни алаңға сәләфиттер монополия орната бастаған уақыт еді.

2011 жылы Алматы облысының тұрғыны Абылайхан Шалымбаев пен бауыры бес жылға сотталып кете барды. Соттың таққан айыбы – Эльмир Кулиевтің тыйым салынған «Тафсир Саади» кітабын оқығаны. Ал «Асыл арна» болса осы кітаптың негізінде жасалған бейнесюжеттерді ашық түрде жарнамалай отырып, ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ. Оның құпиясы неде? Оның сыры тек Мұхамеджанға ғана аян.

Эльмир Кулиевтің экстремистік әдебиеті негізінде «Бисмиллях» дискісін жасап шыққан шығармашылық ұжымда екі адамға еріксіз назар аударуға тура келеді. Дизайн-топтың жетекшісі (видео): Бектасов Алтынбек және диктор Муаз Сабри.

Алтынбек Бектасов Мұхамеджан Тазабековтің ең сенімді адамы және сол жылдары «Асыл арна» телеарнасында бас оператор болып жұмыс істеді. Ал Муаз Сабри – атағы айқай-шумен шыққан Алматыдағы Тайба колледжінің директоры. Естеріңізге сала кетсек, Тайба колледжі 2005 жылы Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен қызметін тоқтатқан еді. Өйткені осы колледж түлектерінің 2004 жылы Ташкентте террористік акт жасауға қатысқаны анықталды. Яғни Муаз Сабри де сау сиырдың жапасы емес еді.

Осы айтылғандарды қорыта келе, Мұхамеджан Тазабеков Эльмир Кулиевтің тыйым салынған шығармаларын Қазақстанда таратуға тікелей және жанама түрде қатысты деуге толық негіз бар. Тәртіп сақшылары осы мәселені естен шығарып алған сынды. Бірақ оны Мұхамеджанның өзінің мойындауына, «Асыл арна» көрермендерінен кешірім сұрауына батылы жете ме? Тақияның күші тағы қалай жалтаруға жетеді екен?

Тоқтар ЖАҚАШ

«Жас Алаш» газеті

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
5 жыл бұрын 2641
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167