Рахаттанып, түні бойы ұйықтағанға не жетсін?! Жаның сергіп, күні бойы тың жүретінің ақиқат. Бірақ, күнделікті жұмыстың ауырлығы мен адамдардың өзін дұрыс күтпеуі салдарынан олар шаршаңқы кейіпте болатыны да рас. Дегенмен, мәселенің бәрі ұйқының қанықтығында ма? Кейбір адамдар түні бойы тісін шықырлатып шығады, ол туралы әңгіме бөлек. Ал базбір адамдар түні бойы сөйлейді. Ал мұның қандай зияны бар? Мұның себебі неде? Денсаулықтың кінәраттығында ма?
Ұйықтап жатып сөйлеу бұл шындығында да қызықты оқиға. Бірақ медициналық тұрғыдан алып қарағанда, оның адам ағзасына соншалықты қатері жоқ деген де пікір бар. Бірақ, бұл қалың ұйқыда жатып сөйлей бер деген сөз емес. Мамандар жұрт демалып жатқан түнгі уақытта адамның сөйлеуіне қатысты әртүрлі тұжырымдар айтады. Нақты бір ортақ пікір жоқ. Адамның ұйқыда жатып сөйлеуі бірақ ұзаққа созылмайды екен, бар-жоғы 30 секундты алады. Үзік-үзік қайталануы да ықтимал. Бірақ, жұрттың мазасын осылай алатындар әртүрлі оғаш сөз айтып жіберуі де мүмкін ғой. Біреулер айқайлап жібереді, біреулер түсініксіз бірнәрселерді айтады. Ал үшіншілер ессіз ұйқыда жатып, жымиып, күлімсіреуі де бек ықтимал. Негізі мұны қызықтап керегі жоқ. Ақиқаты, сөйлейтін адамдар жанындағы жатқан кісіге тыныштық бермейтіні рас. Ал мазасыз жанның сөйлеуін қалай тоқтатуға болады? Мұның қандай себебі бар? Бұл сырқаттың бір түрі ме?
Мамандардың зерттеуіне қарағанда, түнде ең көп сөйлейтін балалар екен. Атап айтар болсақ, 3-10 жас аралығындағы балалардың жартысына жуығы түнгі ұйқыда «сөзшең» болып келеді. Ал ересек адамдардың 5 пайызында осындай әдет бар болып шықты. Әрбір оныншы бала аптасына бірнеше рет түнде сөйлейді екен. Бірақ, ұлдарға қарағанда, кішкентай қыз балалар кішкентай кезінде ұйқыда көп сөйлеуге әуес. Сонымен қатар, сарапшылардың бағалауына қарағанда, түнде сөйлеу тұқымқуалаушылыққа да байланысты. Демек, арғы атаңызда осындай мазасыздық бар.
Жалпы мамандар «түнгі сөйлегіштердің» әрекетін мына бір себеппен байланыстырады: Кез келген пенде жастыққа бас қойып, ұйқыға кетеді. Түс көреді. Міне, адамның сөйлеуі осы түске байланысты екен. Базбіреулердің көзі ұйқыда жатып күлімсіреуінде де, аяқ астынан дауыс шығарып шыңғыруында да, түсініксіз бірдеңелерді айтуында да себеп бар. Жылдам оқиғалы, тез түс көретіндер оқиғаның шапшаңдығына ілесі алмай түнде сөйлеп жібереді екен. Мұндай кезде адамды оята қою да оңайға соқпайтын көрінеді. Түсініксіз бірдеңе айтып жатқан адам шыңғырып немесе қол-аяғын сермеп, теуіп жіберуі де ықтимал. Абайлау керек. Тіпті, кейбір балалар ұйқысырап, түсіндегі оқиға желісімен орнынан тұрып кетуі де ықтимал. Егер мұндай жағдай жиі орын алатын болса, онда жүйке жүйесінде тыныштық жоқ, бір кінәраттың болғаны. Айкезбе болған әрекет ауыр зардапқа ұрындырады. Онда дәрігер, мамандарға көрсету керек.
Бірақ түнде сөйлеу кез келген адамның бойында бола бермейді, бұл сирек болатын құбылыс. Аталған әрекет ата-аналардың қорқынышын да тудыруы ықтимал. Бірақ, 2015 жылғы халықаралық медициналық тұжырымдамада ұйқыда жатқан адамдардың сөйлеуі қалыпты құбылыс деп бағаланғанын айта кету керек. Ең бір қиыны, түн ауа сөйлеген адам емес, оның жанында жатқан кісіге бұл оқиға ауыр тиеді екен. Түнде тісін шықырлатып оқыс оятатын немесе тәтті ұйқыда жатқан кезде таң жақындағанға сөйлеп қоя беретін адамның жанындағы кейпіңізді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Мұндай сәтті ешкімнің басына бермесін. Ұйқыңыз да, жүйкеңіз де бұзылады.
Бұл тұқымқуалаушылық қасиет десек те, ғалымдар мұның бір себебін күндіз санаға қатты әсер еткен оқиғадан іздейді. Адам ұзақ уақыт, тіпті айлар бойы күйзелісте жүруі де мүмкін. Бұл санада қайта-қайта жаңғырып, мидың орталық бөлігіне үнемі дабыл беріп тұрады. Сөйтіп түнгі ұйқыда да тыныштық бермейді. Адамның шектен тыс эмоцияға берілуі де түнгі тыныштықта қайта әсер етіп, ұйқысұратуы ықтимал. Бірақ…
Әлемде түнде ұйықтап жатып сөйлейтін адамдардың әрекетінен табыс тауып, бизнесін дөңгелентіп отырған отбасы да баршылық.
Ұлыбританияда Карен Леннард атты әйелдің блогын жұрт сүйсіне оқиды. Неге дейсіз ғой. Оның себебі бар. Карен Леннардтың күйеуі ұйықтап жатып, жақсы сөйлейді. Алғашында жарының бұл әрекетіне мазасызданған Карен оны дәрігерге көрсетпек болады. Бірақ анықтап қараса, күйеуі түсінде ылғи өзі жайлы жақсы, жағымды әңгіме айтады екен. Ақыры Карен мұның барлығын видеоға түсіріп, оның сөзін өзі арнайы ашқан блогқа беріп отырған. Жұрттың барлығы таңертең ұйқыдан тұрғанда, «бүгін Кареннің күйеуі не айтты екен?» деп оның блогын оқитын болған. Тіпті кейіннен Карен Леннард ұйықтап жатып, сөйлеген күйеуінің сөзінің астына бүгін дүкенге қандай жаңа тауарлар келетінін де жазып отырған. Артынан олар интернет- дүкен ашқан. Міне «ұйқысырыған дауыс та» осылай ұтымды табыс әкеледі.
Сонда Карен Леннардтың күйеуі ұйықтап жатып не айтқан десеңізші?! Оқып көріңіз.
«Сүйіктім менің. Сені жақсы көремін. Бірақ, кетпеші жанымнан! Көліктің гүрілі естілді. Баршы! Тауар келді ғой деймін. Тық –тық-тық! Жоқ, әлде, аттың тұяғы ма? Не дауыс бұл! Мына ат ұйықтайтын бөлмеге кіріп тұр ғой. Оны кім әкелді? А-а-а… Карен, мен үйде емес, атқорада ұйықтап жатырмын ба?».
… Жақсы түс көріңіз. Ұйқыңыз тыныш болсын!
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
Ұйықтап жатып сөйлеудің себебі неде?
Кейбіреулердің кейде ұйықтап жатып сөйлейтін әдеті бар.
Ол нені білдіреді, себебі неде? Статистика бойынша, әрбір жиырмасыншы ересек адам түсінде сөйлейді, ал балалардың әрбір екіншісі ұйықтап жатып сөйлегенді ұнатады.
Сомнилоквияға (түсінде сөйлеу) бейімдік ата-анадан беріледі деп есептеледі. Алайда ғалымдар түсінде сөйлеу күндіз өткерген стреспен байланысты дейді. Яғни, адамның күндізгі көңіл-күйіне (бірнәрсені уайымдаса, қатты қуанса немесе жыласа т.б), іс-әрекеттерімен тікелей байланысты.
Күндіз үлкен психологиялық күш алған адам ұйықтағанда миының сөйлеуге жауапты қабатының орталықтары оянады да тіл «іске қосылады».
Адам көбінесе баяу, терең емес ұйқыда сөйлейді. Ол кезде сөздері үзік-үзік, түсініксіз болады. Ал түс көріп жатып сөйлесе сөздері анық болып келеді.
Мұның барлығы қорқынышты көрінгенмен, ұйықтап жатып сөйлеу ауытқуға жатпайды.
Түнде сөйлеуді болдырмау үшін….
Ұйықтар алдында шым-шытырық фильмдер көрмеген жөн. Тойып тамақтанбау қажет. Жатын бөлменің ауасын тазартып, желдетіп алған дұрыс. Ұйықтар алдында таза ауада жүрген жөн.