Улы дәріден сақтаныңыз!
Улы дәріден сақтаныңыз!

Жаға ұстатарлық жағдай күн сайын көбейіп бара жатқандай. Тіпті қауіп-қатер денсаулығыңызды сақтауға септігін тигізетін дәрі-дәрмекке де жетіпті. Дәріханалардан «Вазар» деп аталатын қатерлі дәрілердің 35 мың қорабының тәркіленуі осы сөзімізге дәлел. Мұны ақшаға шаққанда – 22 миллион теңге.

Осыған байланысты пікір білдірген денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова 2018 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі жағдай бойынша, қазақстандықтар мөлшері 80 мг «Вазар» дәрісінің 28 мың қорабын тапсырған. Мұның жалпы құны – 13 миллион теңге. Ал осы дәрінің мөлшері 100 мг 7000 қорабы да қайтарылған. Құны – 9 миллион теңге.
Күретамыр гипертониясымен ауыратын науқастарға қауіпті препаратпен бірге «Вальсакор» дәрісі де ұсынылған. Саудадағы «Вазар» қайтарылып алынып жатқан тұста, екінші дәрінің 25 995 қорабы саудаланған. Бүгінде «Фармация» қоймасында «Вальсакордың» 13 984 қорабы сақтаулы тұр.

«Вазар» препаратын өз ақшасына алғандар, өтемақыны қаражат түрінде ғана қайтарып алады. Осыған байланысты Ratiopharm Kazakhstan ЖШС өкілдігінің медициналық директоры Зайра Смаилова компания «Вазар» препаратын өз қалтасынан алған науқастарға өтемақы төлеуге әзір екенін хабарлады. Ол үшін денсаулық сақтау министрлігінің рұқсаты керек. Өйткені заңда нақты жазылғандай, дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдер қайта өткізуге жатпайды. Денсаулық сақтау министрлігі жоғарыда аталған компаниямен арадағы келісімге сай «Вазар» және «Вазар Н» дәрісін науқастың қолында түбіртек болған жағдайда ғана кері қайтартпады. Бұған да шүкіршілік етіп отырғанда, Ұлттық дәрі-дәрмекті сараптау орталығы «Валсартан» препаратының қатерлі ісік ауруын тудыратыны белгілі болды. Сонымен бірге жұртшылыққа «Вазар», «Нортиван» және «Вазар Н» препараттарын қолданбауға кеңес берілуде.
«Валсартан» төңірегіндегі дау тамыз айында басталған еді. Бұл әлемдік деңгейде шу тудырды. Оны өндіретін қытайлық – «Чжэцзян Хуахай Фармасьютикал Ко.Лтд» компаниясы. Дәрі құрамындағы N-нитрозодиметиламин адам өміріне қауіпті көрінеді. Оны күнделікті және ұзақ мерзім мөлшерден тыс пайдаланған жағдайда қатерлі ісік тудыруы мүмкін.
Елімізде бұл дәрі жүрек-қан тамырлары жүйесі қызметін ретке келтіруді емдеу барысында қолданылады. Оны ішу не ішпеу мәселесін емдеуші дәрігер ғана шешеді. Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың айтуына қарағанда, қатерлі дәріні немен алмастыру керектігін дәрігер шешеді. Жалпы елімізде баламалы дәрі-дәрмек жеткілікті көрінеді. Бірақ «сақтансаң, сау жүресің» деген қағиданы әр қазақ жадынан шығармағаны жөн. Бір білместік немесе асығыстық адам өміріне балта шауып немесе өлім құштыруы әбден мүмкін.
Жақында Сенат депутаты Дариға Назарбаева препаратқа тәуелділікті арттыратын «Трамадол» дәрісі дәріханаларда емін-еркін саудаланатынын мәселе ретінде көтерді. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігінің көзқарасын сұрады. Депутат дәріханаларды тексеретін бұрынғы құзырлы орынды қайта қалпына келтіруді ұсынып, шағын кәсіпкерлік ретінде тіркелген дәріханаларды жоспарлы және жоспардан тыс тексеруге тыйым салу туралы заңды қайта қарастырып, мекеме иелерінің жауапкершілігін арттыруды, дәрі-дәрмекті тегін тарату мен рецептсіз сатуды қадағалауды ұсынды.
Шын мәнінде, даудың басы дәріден шыға бастаған тұста қадағалаудың да, сақ болудың да қажеттігі күшейіп тұр. Адам тағдырына селқос қарайтындармен күрестің қаншалықты ұзаққа созылатыны белгісіз. Өйткені бізде дәріханаларды жиі тексеруге шектеу қойылған.

Мира ҰЗАҚ

Тақырыпқа тұздық

Мәлік Әбдірахманов,
Фармацевтикалық бақылау және мониторинг орталығы басшысының орынбасары:

Қазір дәріханалардан қауіпті препараттар жаппай алынып жатыр. Бұл өзгерістің адамдарға аса зияны тимейді. Дәрігерлерді де ескерттік. Науқастар міндетті түрде ақ халаттылармен кеңесіп шешім қабылдау керек. Бұл препараттардан біз ғана емес, еуропалықтар да бас тартуда.

jasqazaq.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
6 жыл бұрын 2569
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167