Асхат Қасенғали: Саудия Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі
Асхат Қасенғали: Саудия Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі
Күн жанып тұр. Ми қайнатар ыстық. Саудияның құмы табан күйдіреді. Талы жоқ, суы жоқ, нуы жоқ, көлі жоқ, бірақ шөлі мен ҚАРЖЫСЫ мол өлке. Жалпы Сауд Арабиясы мұсылман елдері ішіндегі экономикалық саласын жоғары дамыта білген елдің бірі. Басты тетігі мұнай экспорты. Саудияның көтерілуіне сырттан инвестиция құю әсер етті. Енді Сауд Арабиясының өзі өзге елдерге инвестиция құюға мүдделі.
Бүгін Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында келіссөздер өтті. Тоқаев біраз кездесулер жасады. Барлығы дерлік инвестиция тарту аясында болды. 35 млн халқы бар және жүздеген млрд доллар инвестиция құю мүмкіндігі бар Сауд Арабиясының ірі қорларына Қазақстан өз жобалары мен мүмкіндіктерін ұсынды.
Біз түрлі шикізат және табиғи ресурс түрлерінен бөлек, жыл өткен сайын әлемде маңызы артып келе жатқан ауыл шаруашылық саласына инвестиция құюға шақырдық. Қазақстанның жер көлемі үлкен, егін және мал шаруашылығы саласында түрлі жобаларды іске асыруға болады. Егін егу, бау-бақша өнімдерін өсіру, мал шаруашылығын дамыту мүмкіндіктеріміз кең. Оған саудиялықтар да қызығып отыр екен. Мысалы Ajlan & Bros Holding Group агросалаға инвестиция салсақ дейді. Салсын. Инвестиция ол ақша, жұмыс орындары деген сөз.
Айтпақшы Сауд Арабиясы азық-түлік өнімдерін сатып алу сәтінде, оның халал стандарттарға сай жасалуына аса мән береді дегенді оқыған едім. Сатып алатын қой еті, ысталған құс еті дегендей. Бұл тұрғыдан Қазақстан оларға инвестиция тұрғысынан тиімді деп ойлаймын.
Саудияның «Public Investment Fund» атты ірі қоры бар. Жарты ғасырдан астам тарихы бар қордың қоржынында Boeing, Facebook, Disney, Marriott, Starbucks, Total, Royal Dutch Shell, Eni сынды компаниялардың акциялары бар. Сонымен қатар Alibaba, Walmart, Pinterestке инвестиция құюды арттыруда. Міне, жиынтық активтері 620 млрд доллар болатын осы қор басшылығымен кездесу өткізіп, оларды инвестиция құю бойынша келіссөз өтті. Бұл көпсалалы қор болғандықтан, ауыл шаруашылығынан бастап ғарыш саласына дейін инвестиция сала береді. Қызықтыра білсең, жақсы шарт ұсынсаң болғаны.
Жалпы осылай. Ешқандай саясат, дін, идеология айтылмады. Тек экономика, тек қаржы. Олардан бізге керегі тек инвестиция, ақша. Көп ақша. Оларда ақша бар, бізде бақша (агро) бар. Осылай жан-жақтан инвестиция іздеуді жалғастыру керекпіз. Экономиканы әртараптандырудың басты жолы, инвестиция құятын сала санын арттыру. Бұған дейін инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ саласына құйылып келді, енді оны түрлендіре бастадық. Соңғы уақытта Қазақстан инвестиция құюға шақырып жүрген сала ол ауыл шаруашылығы. Біріншіден расымен потенциал бар, ал екіншіден ауылда ресми 40 пайыздан астам халық тұрады. Тиімді тарта білсек, бұл халқымызға қосымша мыңдаған жұмыс орны болар еді.
Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
2 года назад 2553
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167