Бәраат түні және оның маңыздылығы
Бәраат түні және оның маңыздылығы

Шағбан айының он бесінші түні мүбәрак Бәраат түні. Яғни мүбәрак үш айдың екіншісі, Ережеп пен Рамазанның ортасындағы Шағбан айының 14 жұлдызынан 15 не қараған мүбәрак «Қудси ләйалий мәшһура» (атақты қасиетті түндердің), «Мүбәрак», «Кешірім» (кешірім, пәрмен, рахым) түндерінің бірі.

Ислам күнтізбеде «Бәраат түні» ерекше аталып, қасиетті Рамазанға он бес күн қалғандығын білдіреді.

Бәраат түні - баршаның тағдыр бағдарламасы сызылып, періштелерге тапсырылып,[1] жыл бойы жасалған істер мен құлдардың амалдары Аллаһ тағалаға ұсынылады.[2]

Кейбір дерек көздерінде алғаш Ислам дінінің пайда болу кезеңі Асры саадатта[3] (бақытты ғасыр) айдың қақ бөлінуі осы Бәраат түніне дөп келгендігі айтылады.[4]
Бәраат түні - Аллаһ тағаланың кешірімге толы түні. Осы түнде Жаратушы Ие құлдарының тәубесін қабыл етіп, күнәсін кешіреді.[5]
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бәраат түнін ғибадат етіп өткізген. Хазіреті Айша (р.анһа) анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір түні орнынан тұрып намаз оқыды. Сәждеде көп тұрғаны сонша мен оның демі үзіліп кетті ме деп ойладым. Орнымнан тұрып, қолымды аяғына тигізіп едім, қимылдады. Мен қайта орныма бардым. Сәждеде былайша жалбарынғанын естідім: «Аллаһым, азабыңнан кешіріміңе, ашуыңнан ризалығыңа сиынып, Өзіңнен өзіңді қорған етемін. Сен ұлысың. Саған арнаған мадағымды, Сенің өзіңе жасаған мадағыңмен тең тұта алмаймын. Саған лайық мадақтауға күшім жетпейді».
Намазды бітіргенде:
- Айша, Аллаһ Тағаланың Елшісі саған әділетсіздік жасайды деп ойладың ба?- деді. Мен:
- Жоқ, уаллаһи, Пайғамбарым. Ондай ойым жоқ. Бірақ сәждеде ұзақ уақыт тұрып қалғаныңды байқап, өлді ме деп ойладым.
- Бүгін қандай түн екенін білесің бе?
- Аллаһ және оның Елшісі жақсы біледі. Сонда Ол (с.ғ.с.):
- Бұл түн - шағбанның он бесінші түні. Аллаһ Тағала шағбанның он бесінші түні құлдарына рақымын төгіп, кешірім тілегендерді кешіріп, «рақым ет!» деп жалбарынғандарға рақым етеді. Тұла бойы қастыққа тұнғандарды өз еркіне қалдырады», - деді».[6]
Бәраат түні - Аллаһ тағаланың адам баласының жасаған құлшылықтары мен дұғаларын қабыл етіп, ерекше жарылқайды.[7]
Бұл түні адамның бір жылдағы ризық, бай немесе кедей, жоғары немесе төмен болатынынан, ғұмырларының ұзаруы немесе ажалының келуі жайлы хабарларды Аллаһтың әмірімен періштелердің дайындайтындығы білдіріліледі. Осы түнді құлшылық, нәпіл намаздармен өткізу үлкен сауап. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Бәраат түнін құлшылықпен өткізетін.

«Уа, Раббым! Бізді тақуа иесі ете гөр, серік қосушылардан ұзақ ет. Бізді адасушылардан сақтай гөр» және «Уа, Раббым! азабыңнан кешіріміңе, ашуыңнан ризалығыңа сиынып, Өзіңнен өзіңді қорған етемін. Сен ұлысың. Саған арнаған мадағымды, Сенің өзіңе жасаған мадағыңмен тең тұта алмаймын. Саған лайық мадақтауға күшім жетпейді» деп дұға жасайтын.

Сонымен қатар Абдулла ибн Омардың риуаяты Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «Мына төрт түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды» деді. Олар: 1.Ережеп айының алғашқы түні, 2.Шағбан айының ортасы (Бәраат түні), 3.Қадір түні, 4.Бірінші айт күні.[8]

Бәраат түні - Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) толықтай шапағат ету (шафаат-и таммә) құдіретінің берілген түн.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айының он үшінші түні үмметіне шапағат етуді тілеген болатын. Аллаһ тағала шапағат ету құқығының үштен бірін берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айының он төртінші түні қайтадан үмметіне шапағат етуді сұрайды. Аллаһ тағала үштен бірін береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Шағбан айының он бесінші (Бәраат) түні қайтадан дұға етеді. Осы түні Аллаһ тағала пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметіне шапағат ету құқығын толықтай береді. Бірақ кейбір адамдар Аллаһтан қашқақтағаны үшін бұл шапағаттан құр алақан қалмақ.[9]
Бәраат түні - қадір түні сияқты періштелердің де мүбәрак түні.

Қадір түні мүбәрак болғандай, Бәраат түні де періштелер үшін мүбарак түн. Ғаус Ағзам Абдулқадыр Гайлани: «Мұсылман баласының жер бетінде екі (Рамазан мен Құрбан) мейрамы болғандай көктегі періштелердің де екі мейрамы бар. Олар: Бәраат пен Қадір түні. Періштелердің мейрамы түнде. Өйткені олар ұйықтамайды. Ал мүміндердің мейрамы күндіз. Өйткені олар түнде ұйықтайды»,[10] дейді.

Бәраат түні - Аллаһ тағаланың мейірімі түсіп, жұмақтың сегіз есігі де ашылатын түн.

Әбу Хурайра (р.а.) риуаят етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының орта түнінің алғашқы уақытында Жәбірейіл періште маған келіп былай деді: «Уа Мұхаммед! Басыңды көкке көтер!» деді. Мен: «Бүгін қандай түн?» деп сұрадым. Сонда: «Бұл түні Аллаһ тағала рахым есіктерінің үш жүз данасын ашады. Өзіне серік қоспағандарды кешіреді. Ал сиқыршы, дуакештер, ішімдікке салынғандар, аса дүние құмарлар, пайыз алушы, зина жасаушылар тәубеге келмегенше оларды кешпейді», деді. Түннің бір уағында Жәбірейіл періште тағы келді де: «Уа Мұхаммед! Басыңды көтер! деді. Қарасам жұмақ есіктері ашылыпты. Жұмақтың бірінші есігінде бір періште: «Бұл түні рүкүғ жасағандар қандай бақытты!» десе екінші есіктегі періште: «Бұл түні сәжде еткендер қандай бақытты!», Үшінші есіктегі періштелер: «Бұл түні дұға жасағандар қандай бақытты!», Төртінші есіктегілер: «Бұл түні Аллаһты еске алып зікір еткендер қандай бақытты», Бесінші есіктегілер: «Бұл түні Аллаһтан қорқып көз жасын төккендер қандай бақытты», Алтыншы есіктегілер: «Бұл түні мұсылмандар қандай бақытты», Жетінші есіктегілер: «Дұға жасаушы бар ма екен, Аллаһ оның қалауын берсін!», Сегізінші есіктегілер: «Кешірім тілеуші бар ма екен, Аллаһ оны кешсін!» деп тұр екен. Сонда Мен Жәбірейіл періштеден «Бұл есіктер қай уақытқа дейін ашық болады?», деп сұрадым. Сонда ол: «Күн ұясына батқан шақтан таң ағарғанға дейін» деді де «Уа Мұхаммед! Бүгін Хақ тағала Кәлб тайпасының қойларының жүніндей (әрбір қылшығындай) адамдарды тозақтан құтқарады» деді».[11]

Бәраат түні - бір жыл ішінде дүние салатын және қажылыққа баратындардың тізімі жасалатын түн.

Бейхакидің «Шуабул Иманында», Ибни Жәрирдің тәпсірінде және Табаридің өзі Үбайд ибн Адам ибн Әби Иас, Үбайдтың әкесі, Лайс, Уқайл ибн Халид, ибн Шихаб, Осман ибн Мұхаммед ибн әл-Муғира ибн әл-Аһнас арқылы риуаят етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ажал, Шағбан айынан Шағбан айына дейін анықталады. Тіпті біреу үйленіп, балалы болайын деп жатса да, сол жылы қайтыс болатындардың тізімінде аты орын алып жататын кез де болады».[12]

әд-Дәйнури, әл-Жужаләсада Рашид ибн Саадтан алғанына қарағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының ортаңғы түні Аллаһ Тағала өлім періштесіне «осы жылы алынатын адамдардың рухын ал» деп уахи етеді».[13]
Хазіреті Айша (р.а): Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) Рамазанға дейін Шағбан айын толықтай оразамен өткізетін. Сонда мен: «Уа Расулаллаһ! Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?», деп сұрадым. «Иә, бір жыл ішінде өлетіндердің тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалым Аллаһ тағалаға құлшылық етіп, игі амал жасау барысында жазылғанын қалаймын» Ибни Нәжжардың риуаятында «Айша! Бұл айда ажал періштесі рухы алынатындардың тізімін жазады. Менің де атым ораза тұтқан кезімде жазылғанын қалаймын» деген еді.
Ибни Әби Дүния, Ата ибн Иасирдің «Шағбан айының ортаңғы (Бәраат) түні ажал періштесіне тізім жазылған парақ беріледі де оған: «Егер құлым ағаш отырғызып, үйленіп, немесе үй соғып жатса да есімі мына тізімде бар болса оның рухын ал»[14] дегенін айтады.
Бәраат түні - құбыланың Құдыс мешітінен, Қағбаға қарай өзгерген түні.
Бәраат түні құбыла өзгерген. Кейбір ғұламалар Мәдинада құбыланың Қудус мешітінен Меккедегі Қағбаға қарай өзгеруі хижри жыл санақтың екінші жылы яғни Бәраат түніне сай келгендігін айтады.

Бәраат түні - мүбәрак болғандай күндізі де мүбәрак.[15]

Бәраат түнін - құлшылықпен, күндізін оразамен өткізу мұстахап амалға жатады.[16]
Хазіреті Әнас (р.а.): «Төрт түн күндіздері сияқты, төрт күндіз де түндері сияқты (мүбәрак әрі қасиетті)». Аллаһ тағала осы күні серт бергендердің сөзін шыншыл шығарады (ант еткеннің қалауын), тілегеннің тілеуін береді. Адамдарға мәңгі сауап пен сый тарту етеді. Бұл уақыт: «1. Қадір түні, 2. (Құрбанның) арапа түні, 3. Бәраат түні, 4. Жұма түні (бұл күндердің түндері мен күндіздері де)».[17]
Кейбір ислам ғұламалары бойынша: Бәраат түні Құран Кәрімнің «Ләухул Махфуздан»[18] дүниенің көгіне түсірілгендігін, Қадір түнінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) алғаш рет Құран аяттары бөлек-бөлек түсіріле бастаған.

Көптеген тәпсірші ғалымдар «Ха, Мим. Ұлы Құранмен ант етемін! Құранды Біз анығында, мүбәрак түнінде түсірдік. Шынында, Біз адамдарды (сонымен) ескерттік. Сол түнде хикметті істің барлығы (қатесіз, нақты) жіктеледі. Мұның барлығы - Біздің қолымыздағы тағдыр»,[19] деген аяттағы «Ләйла-и Мубарака» (Мүбәрак түн) осы Бәраат түні деп жорамалдайды. Өйткені басқа аятта Құранның Рамазан айында (Қадір түні) түсірілгендігі айтылады. Олай болса Құран, Бәраат түні Ләуһи Маһфуздан дүниенің көгіне түсірілген деген пікірге тоқталады.[20]

Фахриддин Рази былай дейді: Атийаи Харури, Абдулла ибн Аббастан «Анығында, Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік»[21] және «Құранды Біз анығында, мүбәрак түнінде түсірдік»[22] деген аят туралы: «Ұлы Аллаһ тағала Құранды (23 жыл ішінде) бүкіл айда түсіре тұра, «осы түні түсірдік» дегенді түсінбедім» деп сұрайды. Сонда Ибн Аббас (р.а.): «Ей Ибну Әсуад! Құран Кәрім әуелі толықтай Ләуһи Махфуздан дүниенің көгіне түсті. Одан кейін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсірілді»[23] деді.

Ибн Аббас (р.а.) «Дұхан» сүресіндегі «Ха, Мим»[24] аяты «Ұлы Аллаһ тағала қиямет күніне дейін ненің болатынын және қалай болатынына пәрмен етуі. «Түсірілген бұл кітап...»[25] Құран, ал «мүбәрак түн...» Шағбан айының ортасы, яғни он бесінші түн. Бәраат түні»,[26] дейді.

Сондықтан да мүбәрак болған Бәраат түнін құлшылықтармен (тәубе етіп, дұға жасап, намаз оқып, ораза тұтып, Құран оқып, пайғамбарымызға салауат айтып, жоқ-жітіктерге көмек беріп т.б.) өткізген абзал.
Бәраат түні - жақындарымызбен, көрші қолаң, дос жарандарымызға «Құдай тағала құт-береке жаудырсын» деп тілейік. Осы бір мүбарак түні біріміздің хал жағдайымызды сұрап, қайғы мен қуанышымызға ортақтасып, ұлтымыздың бірлігі мен тұтастығын, болашағы мен баяндылығын, жеріміздің, қала берді күллі адамзат баласының қайғы мен қасіреттен аман болып, бақытты болуы үшін Ұлы Жаратушыға жан жүрегімізбен жалбарынайық.

Қалмахан Ержан

 

[1] «Дұхан», 44/3; Тафсири Табари, 13/109; Суюти, Дүррул Мансур, 7/401-404; Ибни Атийа, әл-Муһаррар, 13/263; Елмалылы, Хақ Діні, 7-68-70
[2] Жайлани, Гуниятут Талибин, 77-80, 83-84. Жайлани бұл хадисті Әбу Насрдың әкесі Яхия ибн Сайд, Үруа жолымен хазіреті Айшадан (р.а) риуаят еткендігін айтады.
[3] Пайғамбарымыз Хазрет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір сүрген дәуірі.
[4] Абдулла Ибни Әюб, Мүбәрак гүнлерин-гежелерин фазилети, 37
[5] Ахмад ибн Ханбал, 6/238; Тирмизи, Саум, 39; Ибн Мажә, Иқамә, 191; Мунзири, әт-Тарғибут-Тарһиб, 2/118
[6] Мунзири, әт-Тарғибут Тарһиб, 2/118
[7] Суюти, Жалалед-дин, Жамиус Сағир, 3/454, Бейрут, 1972
[8] Абдулла Ибни Әюб, 65
[9] Елмалылы, 7/68; Алуси, 13/112
[10] Жайлани, 87-88
[11] Жайлани, 84-86
[12] Тафсири Табари, 13/109; Суюти, Дүррул Мансур, 7/401
[13] Суюти, Дүррул Мансур, 7/401
[14] Суюти, Дүррул Мансур, 7/402
[15] Дәйлами, Ахмад Зияуддин Гумушһанауи, Рамузул Аһадис, 69; Абдулла ибни Әюб, 66
[16] Ибн Мажә, Иқамә, 191; Кәнзул Уммал, хадис №35177; Бәйхаки, Шуабул Иман; әт-Тарғибут Тарһиб, 2/119
[17] Дәйлами, Рамузул Әһадис, 69
[18] Сақтаулы тақта: бүкіл жаратылысқа тән нәрселердің негізгі жады.
[19] «Дұхан», 44/1-5. Бұл аяттың жалғасы ретінде: «Анығында (пайғамбарларды) Біз жібердік. Раббының рахымы деген осы. Ол, сөз жоқ, бәрін естіп, біліп тұрады. Егер шын сенуші болсаңдар, тегінде, көктің де, жердің де, оның екі арасындағылардың да иесі сол. Одан басқа тәңірі жоқ. (Ол) тірілтеді, тірінің жанын алады. Сендердің де, бұрынғы ата-бабаларыңның да Раббысы - сол», «Дұхан, 44/6-8
[20] Елмалылы, 7/68-69
[21] «Қадір», 97/1
[22] «Дұхан», 44/3
[23] Фахриддин Рази, 27/240; Суюти, 7/398; Алуси, 13, 1/111; Куртуби, әл-Жамили Аһкамил Құран, 16/126
[24] «Дұхан», 44/1
[25] «Дұхан», 44/2
[26] Жайлани, 70-71

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
9 лет назад 3647
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167
Прямой эфир