Бау-бақшадағы шырмауықтан тұзды су құтқарады немесе онымен күресудің өзге де тәсілдері
Бау-бақшадағы шырмауықтан тұзды су құтқарады  немесе онымен күресудің өзге де тәсілдері

Шырмауық басқан жерге 5-6 жыл көлемінде оның шамасы келмейтін бидай, күнбағыс, қияр, асқабақ, қарбыз секілді өсімдіктерді еккен жөн.

Бау-бақша өсіру аса мұқият болуды, төзімді талап етеді. Бақшаның басты жауларының бірі – шырмауық. Ол барлық жерде өсе береді және өте тез көбейіп, кез-келген өсімдікті шырмап тастайды. Шырмауықты жою, одан құтылу оңайға соқпайды.

Жалпы табиғатта шырмауықтың 15-тен астам түрі және жапырақтарының түсі мен формасы бойынша әртүрлі 1000-ға жуық сәндік сорттары бар. Біз бүгінгі жазбада шырмауықтың ең көп таралған түрі – арамсояу (повилика) жөнінде айтпақпыз. Төмендегі жазбадан арамсояудың бақшаға келтіретін зияны және одан қалай құтылуға болатыны жөнінде біраз мағлұмат біле аласыздар.

Арамсояу – біржылдық, өсімдікке бұйраланып жабысып өсетін паразит. Ол сары немесе қызғыш түсте, ұзын жіп тәрізді болып келеді. Жуан жіңішкелігіне қарай арамсояу екіге бөлінеді: жіңішке сабақтысы шөптесін өсімдіктерге жау болса, жуан сабақтысы ағаштар мен бұталарға жабысып өседі. Арамсояу шілде мен тамыз айында гүлдейді. Оның ұсақ ақ немесе қызғылт, ашық жасыл түсті гүлдері бүкіл сабағын жауып кетеді. Сондықтан арамсояудың ұрығы өте көп болады.

Зияны көп

Арамсояу – жоғарыда айтып өткендей өте жылдам көбейеді, өміршең және ол өсімдіктің бойындағы бар қажеттіні сорып алады. Арамсояу басқан өсімдіктердің кейбір түрі өнім беруден қалады, көпшілігінің өсуі мен өнім беруі тежеледі, суыққа төзімділігі жойылады. Мамандардың мәліметінше, қазіргі кезде шырмауықтың бір ғана түрі, арамсояудан әлемнің 165 елі зардап шегуде екен. Сондай-ақ, өсімдікте қалып қойған бір ғана бөлігінен қайта өсіп-өне алады.

Арамсояу – тек өсімдіктер үшін ғана емес, жануарлар үшін де қауіпті. Себебі, оның бойында улы алкалоид бар. Құрғақ арамсояуды шөппен бірге жеген жануарлар тез уланады. Құтылу жолдары Негізі шырмауықтан құтылу өте қиын. Егер ол бау-бақшада пайда болса, онда уақытында күрескен жөн. Арамсояуды жоюдың бірнеше тиімді тәсілдері бар.

Агротехникалық тәсіл

- Арамсояудың тамырының жоқтығы – оның әлсіз тұсы. Мұның осы осал тұсын пайдалану үшін, оны уақытында байқап қалу керек. Яғни, бақшаңызда арамсояудың пайда болғанын байқаған сәтте өсімдікке толық оралып қалмай тұрып тазарту керек. Тіпті, кішкентай ғана бөлігінің өзі қалмауын қадағалау керек. Егер арамсояу өсімдіктің тұла бойына оралып қалса, онда сол өсімдікті тамырымен алып өртеп жіберген дұрыс.

- Сондай-ақ, арамсояудан құтылудың тиімді тәсілі – топырақты аудару, тырмалау. Яғни, арамсояудың тамыры болмағандықтан ол тек топырақтың бетінде ғана өсе алады. Сондықтан арамсояу басқан өсімдікті тазарту мүмкін болмаған жағдайда топырақпен 30 см шамасында етіп көму керек. Топырақты аударып өсімдікті көму, шырмауықтың өнуіне кедергі келтіреді.

- Тағы бір тиімді тәсіл – жиі суғару. Тек бұл әдісті ерте көктемде әлі көкөністерді екпей тұрып немесе қара күзде көкөністерді жинап теріп болған соң жасау керек. Жиі суғарылған арамсояу тез өседі. Сондықтан оларды жинап өртеп жіберуге қолайлы немесе оралатын өсімдік болмаған соң өзімен-өзі өсіп, бір жарым апта ішінде жойылып кетеді. Ал күзде жиі суғарылған жердегі арамсояу үсіктен жоқ болып кетеді.

-Арамсояу басқан жерге 1 жыл ештеңе екпеген дұрыс. Болмаса 5-6 жыл көлемінде арамсояудың шамасы келмейтін бидай, күнбағыс, қияр, асқабақ, қарбыз секілді өсімдіктерді еккен жөн.

Химиялық тәсіл

Арамсояуды химиялық жолмен жою өте оңай. Бірақ, химиялық препараттардың көпшілігі арамсояумен қатар өсімдіктерді де жойып жібереді. Бірақ, химиялық құралдардың ішінде арамсояуды жойып, өсімдіктердің барлығына бірдей зияны тие қоймайтын түрлері де бар. Олар: «Рейтар», «Гезагард», «Титус», «Тарга супер». Бұл препараттар қолданғаннан кейін 2 сағат ішінде әсер ете бастайды. Ал арамсояудың толық жойылуы үшін 2 апта уақыт қажет.

Халық әдісі

Арамсояудан құтылудың халық арасында тараған ең тиімді тәсілі – тұзды су. Ол үшін 10 л суға 1 кг тұзды араластырып, арамсояу басқан жерге себу керек. Бұл әдіс өте қалың болып өсімдктерді толықтай шырмап алған арамсояулар үшін дәрменсіз. Ал жаңадан жаулап келе жатса - тиімді. Сондай-ақ, арамсояу басқан аймаққа күзде жиын-терімнен кейін күл немесе әк сеуіп өңдеген жөн.

Алдын-алу шаралары

Бау-бақшаны арамсояу баспас үшін алдын-ала бірнеше ережені сақтасаңыз жетіп жатыр. Дәлірегі: 

- Жерді шіріп үлгермеген жаңа көңмен тыңайтуға болмайды. Оның құрамындағы паразиттер тез тіріледі.

- Жинап алынған арамсояу, шырмауықтарды бірден өртеп жіберу керек.

- Күзде жерді терең етіп аударған жөн.

Дайындаған: Э.Базарбаева, ERNUR.KZ

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
4 года назад 2020
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167