Бұл туралы “Егемен Қазақстан” газетінде дәстүрлі түрде жарияланатын Ұлттық Банктің “Ұлттық банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді” айдарымен берілген сұхбатта ҰБ төрағасының орынбасары Дина Ғалиева мәлімдеді.
– Дина Төлеубекқызы, соңғы уақытта қоғам Қазақстанның зейнетақы жүйесіне едәуір назар аударып отыр. Бұл жағдай түсінікті де, себебі бұл мәселе барлық қазақстандықтарға қатысты. Қазақстанның зейнетақы жүйесінің бүгінгі жай-күйін және даму перспективаларын қалай бағалайсыз?
– 1998 жылы басталған реформалардың нәтижесінде Қазақстанда түрлі қаржы көздерінен зейнетақы төлемдерін көздейтін зейнетақымен қамсыздандырудың көп деңгейлі жүйесі қалыптасты. Ортақ және базалық зейнетақылар мемлекеттік бюджеттен төленеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) төлемдерді міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналарының есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан төлейді. Болашақта 2030 жылдан бастап базалық зейнетақының орнына бюджеттен ең аз кепілдік берілген зейнетақыны енгізу болжанып отыр, ал 2026 жылдан бастап жаңа шартты-жинақтаушы құрауыштан алғашқы төлемдер басталады, ол құрауыш жұмыс берушілердің БЖЗҚ-ға өзінің әрбір қызметкері үшін енгізетін 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын болады.
Осылайша, бүгінгі күні біздің зейнетақы жүйеміз: 1) ортақ, 2) жинақтаушы және 3) шартты-жинақтаушы құрауыштардан тұрады. Зейнетақы төлемдерінің көздерін осылайша әртараптандыру зейнетақы жүйесінің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді және бір құрауыштың кемшіліктерін екінші құрауыштың артықшылықтары есебінен икемдеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, зейнетақымен қамсыздандырудың бірнеше құрауыштарын пайдалану жоғалған жалақының орнын ауыстыру коэффициентін (зейнетақы мөлшерінің салымшының еңбек қызметі кезеңінде алған кірістердің деңгейіне қатынасы) 40 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді.
Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың негізгі мақсаты осы көп деңгейлі жүйені дамыту болып табылады, ол орнықты әрі зейнетақының барабар мөлшерін алуға мүмкіндік береді. Мемлекет зейнетақының базалық деңгейі, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді және БЖЗҚ қызметіне өзіне жауапкершілік алады. Алайда, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы және толық аударуға және қызметкердің шартты-жинақтаушы шоттарын толықтыруға жауапкершілігі жұмыс берушіге де, сондай-ақ, әрбір салымшыға, яғни әрқайсымызға тиесілі. Ерікті зейнетақы жарналарын дамыту – жүйені дамытудың маңызды бағыты. Есептеуге сәйкес, тұрақты негізде жүргізілетін ең аз ерікті жарнаның өзі зейнетақы жинақтарын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өз пайдасына енгізілетін ерікті зейнетақы жарналарының сомалары зейнетақы шотына аударылған кезде салық салудан босатылады.
Қазақстанның зейнетақы жүйесінің ағымдағы үлгісін бағалай отырып, оның озық халықаралық практикаға сәйкес келетінін сеніммен айтуға болады. Қазақстан зейнетақы жүйесін реформалаған кезде Швеция, Германия, Норвегия, Чили және басқа елдердің тәжірибесін пайдаланды, ол елдерде жаңа жинақтаушы құрауыштарды енгізу қажеттілігі туындаған болатын.
Бүгінгі күні Қазақстанда салымшылардың 10 миллионнан астам жеке зейнетақы шоттары бар, оларда 6,9 трлн теңге зейнетақы жинақтары жинақталған. Міндетті зейнетақы жарналарының есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының орташа көлемі 727 мың теңгені құрайды. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істегеннен бастап зейнетақы төлемдерінің көлемі 900 млрд теңгеден асты. Зейнетақы жинақтарының сомасындағы «таза» инвестициялық кіріс үлесі шамамен 20 пайызды құрайды.
Зейнетақы жүйесінің көп деңгейлі үлгісі табысты жұмыс істеуде және жасалған таңдаудың дұрыс екендігін растады. Сондықтан, зейнетақымен қамсыздандырудың қолданыстағы қағидаттарын сақтау ғана емес, сол сияқты оларды одан әрі дамыту да маңызды.
– Осыған дейін зейнетақы жүйесінің реформаланатыны, атап айтқанда, нарыққа жеке басқарушы компанияларды жіберу арқылы реформаланатыны туралы хабарланған болатын. Осы реформаны дайындау қандай сатыда?
– Ұлттық банк қолданыстағы заңнаманың нормаларына түзетулер дайындады, онда зейнетақы активтерінің бөлігін салымшының таңдауы бойынша жеке – қазақстандық және шетелдік – басқарушы компанияларға беру мүмкіндігі көзделеді. Зейнетақы активтерін басқаруды басым түрде жеке басқарушы компания жүзеге асыратыны болжанып отыр. Бәсекелес ортада жұмыс істеу басқарушылардан одан да көп инвестициялық кіріс алуды талап етеді, себебі, кірістілік деңгейі және қаржы құралдарының сапасы олардың бәсекелес басымдықтары болып табылады. Зейнетақы активтерін инвестициялау мемлекеттік органдардың тарапынан жіті бақылауда жүзеге асырылатын болады. Салымшылар зейнетақы активтерін басқару процесінің тиімділігін дербес бағалауға және барынша табысты басқарушы компанияларды және инвестициялық стратегияларды таңдауға мүмкіндік алады.
Жеке басқарушыларды тарту зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыру және тиісінше, активтерді басқаруға байланысты тәуекелдердің жалпы деңгейін төмендету бойынша жүргізілетін жұмыстың бөлігі болып табылады. Сонымен бірге, бұл халықаралық қаржы нарықтарында активтерді инвестициялық басқарудың ауқымды тәжірибесін пайдалануға жағдай жасайды. Зейнетақы жинақтарын басқару жүйесінің болашақ реформасының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының Үкіметімен талқылануда.
Біз ұсынылатын реформаны іске асыру зейнетақы қызметтерінің нарығына жағымды әсер етеді, салымшыларға қызмет көрсету сапасын арттырады және отандық қор нарығын жандандыруға серпін береді деп күтеміз.
– Жинақтаушы зейнетақы жүйесін реформалағаннан кейін оның әрбір қатысушысының рөлі туралы айтып берсеңіз? Ұсынылатын үлгінің басымдықтары қандай?
– БЖЗҚ зейнетақы қаражатының және жеке зейнетақы шоттарының көлемін есептеу орталығы болып қалатыны болжанып отыр. Ол сондай-ақ, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің орнықтылығы бойынша актуарлық есептерді жасайды және олардың негізінде оны дамыту бойынша ұсыныстар енгізеді. Активтерді басқаруға үміткер компанияларға барынша қатаң талаптар, ең алдымен, меншікті капитал бойынша талаптар қойылатын болады, оларға компания тиімсіз басқару жағдайында жауап беруге тиіс. Сондықтан, нарықта көп басқарушы компания болмауы мүмкін. Зейнетақы активтерін басқарушы компаниялар зейнетақы активтері бойынша кірістілік деңгейін Ұлттық Банк айқындайтын бенчмарк деңгейінде қамтамасыз етуге тиіс. Компания кірістіліктің белгіленген деңгейіне жетпеген жағдайда, ол алынбаған айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті болады. Зейнетақы активтерін басқаратын компаниялар өзара үш өлшемшарт бойынша: кірістілік деңгейі, қаржы құралдарының сапасы және алынатын комиссия мөлшері бойынша бәсекелес болады.
Ұлттық банк, өз кезегінде, басқарушы компанияның пайдасына таңдау жасамайтын салымшылардың зейнетақы активтерін, сондай-ақ, консервативтік инвестициялық стратегия бойынша зейнетақы және зейнетақы алдындағы жастағы адамдардың зейнетақы жинақтарын басқаруын жалғастырады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесін реформалаудың ұсынылып отырған үлгісі: біріншіден, жеке зейнетақы жинақтарын басқарған кезде мемлекет мүдделерінің қақтығысын болдырмауға, екіншіден, зейнетақы активтерін және инвестициялық стратегияны басқаратын компанияны таңдау жолымен салымшыны өз зейнетақы жинақтарын басқару процесіне тартуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, қор нарығы да жандануға тиіс – оған зейнетақы активтерін басқаратын компаниялар түрінде жаңа «зәкірлік» инвесторлар, жеке басқарушы компаниялар және өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялар шыға алады. Бұл тұжырымдама қазіргі кезде түрлі деңгейде, оның ішінде Жинақтаушы зейнетақы жүйесі мәселелері жөніндегі БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңесте де талқылану үстінде. Тағы да толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл тәсілдің біз үшін басым болуы оның мемлекет бақылайтын бәсекелес орта болуында.
– Қазақстан үшін зейнетақы жүйесінің әртараптандырылған үлгісін сақтау неліктен маңызды?
– Әлемнің бірде-бір елінде зейнетақы жүйесінің мінсіз үлгісі жоқ екендігі сөзсіз. Әрбір, үлгінің мықты және осал тұстары бар және ол белгілі бір міндеттерді шешуге бағытталған. Зейнетақыны түрлі құрауыштан төлеуді көздейтін зейнетақы жүйесінің әртараптандырылған үлгісі зейнетақы жүйесінің түрлі құрауыштарының мықты және осал тұстары арасында оңтайлы теңгерім табуға және бір құрауыштың кемшіліктерін екінші құрауыштың артықшылықтары есебінен өтеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан көптеген Еуропа елдері сияқты халықтың қартаюы проблемасына кезігеді, ол кезде жыл өткен сайын зейнеткерлердің саны тұрақты түрде өсіп, ал жұмыс істемейтін азаматтардың саны баяу өседі. 90-шы жылдары экономикалық белсенді халықтың зейнеткерлерге арақатынасы 1-ге 1,8 болатын. Бүгінгі күні жағдай шамалы ғана жақсарды – Дүниежүзілік банктің деректері бойынша 2015 жылы Қазақстанда осы арақатынас 1-ге 2,2 болды. Сондықтан зейнетақы жүйесінде тек ортақ құрауыштың болуы тұрақты түрде не зейнеткерлік жасты арттыруды не салықтарды (бюджетке түсімдерді) ұлғайтуды, не жиынтығында екеуін де талап етеді.
Ортақ жүйеге қарағанда, белгілі бір жарналары бар жүйе қағидаты бойынша құрылған жинақтаушы құрауышы қаржылық тұрғыдан орнықты болып табылады. Салымшылар өздерінің еңбек кірістерінен зейнетақы жарналарын енгізу және инвестициялық кіріс алу есебінен еңбек қызметі кезінде өздері жинақтаған ақшасын алады. БЖЗҚ-дан төлемдер салымшының шотындағы сома аяқталғанша жүзеге асырылады. Әрбір жеке салымшыда бар зейнетақы жинақтарының және төлемдер мөлшерінің арасындағы арақатынас оның: 1)жүйеге қатысу ұзақтығына, 2) жүйеге енгізілген зейнетақы жарналарының санына, 3) жинақталған инвестициялық кіріске және 4) жалақының өсу қарқындарына байланысты. Дәл осы себеппен 1997 жылы белгілі бір жарналары бар жинақтаушы құрауыш Қазақстанның зейнетақы жүйесіне енгізілген болатын. Қазақстанның зейнетақы жүйесі қаржылық тұрғыдан орнықты болуы үшін зейнетақы төлемдерінің көздерін әртараптандыру қағидатын сақтау және ортақ құрауыштың үлесін біртіндеп азайта отырып зейнетақы төлеудің жаңа көздерін енгізу қажет. Қазіргі кезде біз осы жұмысты жасап жатырмыз.
– Ұлттық банк зейнетақы активтерін сақтау және олардың кірістілігін арттыру жөніндегі инвестициялық басқарушы ретінде қандай жұмыс жүргізуде?
– 2016 жылдан бастап БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау бағыттарын айқындау бөлігіндегі мәселелерді қарау мәртебесі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің деңгейіне дейін арттырылды. Зейнетақы активтерін инвестициялау Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін ескере отырып жасалған БЖЗҚ Инвестициялық декларациясында белгіленген талаптарға және шектеулерге сәйкес жүзеге асырылады.
2016 жылы Ұлттық Банк ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсынымдарына сәйкес БЖЗҚ-ның шетел валютасында номинирленген зейнетақы активтерінің үлесін ұлғайту жұмысын бастады. Нәтижесінде 2016 жылғы 1 қаңтар – 2017 жылғы 1 сәуір аралығындағы кезеңде зейнетақы активтерінің валюталық бөлігі зейнетақы активтері көлемінің 17 пайыздан 27 пайызға дейін ұлғайды. Бұл ретте Ұлттық Банк орта мерзімді перспективада валюталық позицияны ұлғайтуды және портфельді одан әрі әртараптандыру мақсатында оның үлесін зейнетақы активтері көлемінің 30 пайызы деңгейінде ұстап тұруды жалғастыруды жоспарлап отыр. Жалпы алғанда портфельді валюталық әртараптандыру инвестициялар географиясын және зейнетақы активтерінің есебінен сатып алынатын қаржы құралдарының аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жаңа шетелдік нарықтарға шығу инвестициялық портфельдің сапасын жақсартуға және оның өтімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарының сақталу деңгейін арттыру үшін Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыруды, оның ішінде Қазақстан банк секторының БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфеліндегі жалпы үлесін қысқартуды және инвестициялардың жекелеген екінші деңгейдегі банктерде шоғырлануын төмендетуді жалғастыруды жоспарлап отыр. 2016 жылғы 1 қаңтар – 2017 жылғы 1 сәуір аралығындағы кезеңде Қазақстан банк секторының үлесі БЖЗҚ зейнетақы активтерінің 33,9 пайыздан 26,4 пайызға дейін төмендегенін атап өткен жөн. Мұндай қысқару зейнетақы активтерін жаңадан екінші деңгейдегі банктерге инвестициялаудың қысқаруы есебінен, сондай-ақ, банктердің өз міндеттемелерін жоспарға сәйкес өтеуі нәтижесінде болды.
– 2016 жылдан бері зейнетақы активтері дағдарысқа қарсы шаралар жоспарында айқындалған бірқатар бағыттар бойынша инвестициялануда. Статистиканы айта аласыз ба? Банктер мен квазимемлекеттік секторға инвестициялау қандай қағидаттар бойынша жүзеге асырылуда?
– 2016 жылы Кеңестің ұсынымдарына, сондай-ақ, Үкіметтің Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен 2016 жылғы 10 ақпандағы кеңейтілген отырысында қабылданған шешімдерге сәйкес БЖЗҚ-ның 1161,2 млрд теңге мөлшеріндегі зейнетақы активтері бірқатар бағыттар бойынша нарықтық талаптармен инвестицияланды. Республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін айналыс мерзімі 7 жыл және инфляция мен сыйлықақыға тең жылдық 0,1 пайыз мөлшеріндегі кіріспен 170 млрд теңге сомаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынды; сонымен қатар, шетелдік қаржы нарықтарына инвестициялау үшін 500 млрд теңге сомаға шетел валютасы сатып алынды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру үшін 112,8 млрд теңге сомаға 3,5 жылдық өтеу мерзімімен және орташа алынған кіріс мөлшері жылдық 15,5 пайыз болатын екінші деңгейдегі банктердің негізделген депозиттері орналастырылды. Қазақстан экономикасы нақты секторының басым жобаларын қаржыландыру үшін 378,4 млрд теңге сомаға айналыс мерзімі 1 жылдан 15 жылға дейінгі және орташа алынған кіріс мөлшері жылдық 15,1 пайыз болатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің негізделген облигациялары сатып алынды.
БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің негізделген облигацияларына инвестициялау 2016 жылғы 15 ақпанда Үкімет отырысында мақұлданған Дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралардың 2016 жылға арналған жоспарына сәйкес жүзеге асырылды. Осы жоспарға сәйкес жобалардың игерілуін және қаржыландырылуын бақылауды тиісті мемлекеттік холдингтер («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ) жүзеге асырады. Бұл холдингтер бөлінген қаражаттың игерілуі жөніндегі ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Президент Әкімшілігіне жібереді.
Осылайша, квазимемлекеттік ұйымдар Қазақстан экономикасы нақты секторының жобаларын қаржыландырады. Бұл ретте зейнетақы активтерін инвестициялау нарықтық пайыздық мөлшерлемелермен қайтару негізінде жүзеге асырылды.
– 2017 жылы инвестициялаудың қандай басты бағыттары айқындалды?
– Инвестициялық стратегияға сәйкес Ұлттық Банк 2017 жылы республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін еліміздің мемлекеттік бағалы қағаздарын, халықаралық қаржы ұйымдарының теңгемен номинирленген облигацияларын иеленуді, сондай-ақ, зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыру мақсатында шетел валютасын сатып алуды жоспарлап отыр. Валюталық позицияның болуы зейнетақы активтерін инвестициялау географиясын және зейнетақы активтерінің есебінен сатып алынатын қаржы құралдарының аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл, өз кезегінде, зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ете отырып, инвестициялық портфель сапасын жақсартуға және оның өтімділігін арттыруға әкеледі.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің 2017 жылғы наурызда мақұлдаған инвестициялық бағыттарының ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің негізделген борыштық бағалы қағаздарын сатып алу және бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін инвестицияларды қоса алғанда, мемлекеттік емес ұйымдардың қаржы құралдарына инвестициялау көзделген.
Квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алынатын облигацияларының белгіленген айналыста болу мерзімі және нарықтық сыйақы мөлшерлемесі бар, бұл салынған қаражаттың қайтарымдылығын және инвестициялық кіріс алуды қамтамасыз етеді. «Қазақстанның Даму банкі» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және толығымен Үкіметтің бақылауындағы басқа компаниялар секілді сенімділігі жоғары ұйымдар облигациялардың эмитенттері болып табылады.
БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін халықаралық кредиттік рейтингтері «ААА» деңгейіндегі ірі халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларына инвестициялауға қатысты айтар болсақ, ол да нарықтық талаптармен жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте Еуропа Қайта құру және Даму Банкі, Азия даму банкі және Халықаралық қаржы корпорациясы сияқты халықаралық қаржы ұйымдары сенімділігі жоғары қаржы институттары болып табылатынын атап өткен жөн. Осылайша, ұсынылып отырған инвестициялар БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін қаржы құралдарының түрлері, валюталар, секторлар, эмитенттер бойынша әртараптандыруға мүмкіндік береді және жалпы алғанда портфельдің сақталуына және кірістілігіне жағымды әсер етеді.
– Қызметінің ашықтығын арттыру БЖЗҚ алдына қойылған міндеттердің бірі болды. Бұл тапсырма, сіздің пікіріңізше, қаншалықты сәтті орындалып жатыр?
– «БЖЗҚ» АҚ қызметінің ақпараттық ашықтығын арттыру үшін компания Басқармасы ақпараттық-түсіндіру жұмысы жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті және осы жоспар жүйелі түрде іске асырылуда. Мәселен, осы жоспарды іске асыру барысында БЖЗҚ Басқармасының төрағасы БЖЗҚ жанынан Қоғамдық кеңес құруға бастама жасады, оның құрамына баспасөз өкілдері, қаржы сарапшылары, қор салымшыларының өкілдері, зейнетақы төлемдерін алушылар және қоғамдық ұйымдар өкілдері кірді. Кеңес қордың өзінің қызметін де, тұтастай алғанда жинақтаушы зейнетақы жүйесін де жақсарту жөнінде ұсыныстар бере отырып, белсенді жұмыс істеуде. Сонымен бірге, Қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысын іске қосу, «БЖЗҚ» АҚ Басқармасы төрағасының ресми блогын құру және жүргізу сияқты іс-шаралар іске асырылды. Қор сайтын жетілдіру жұмысы жүргізілуде, ақпаратты неғұрлым түсінікті ету және оның жан-жақты әрі толық болуы мақсатында оны беру сапасы жақсартылуда. Бұл мәселеде қор басшылығы Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынымдарын ескереді. Қордың барлық филиалдарында Ашық есік күндері өткізіледі, БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын белсенді түрде жүргізуде.
Әрине, халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сенімін нығайту үшін көп нәрсе істеу қажет. Бірақ басталған жұмыс, менің ойымша, дұрыс бағытта жүріп жатыр.
– Осы жылғы 13 қаңтарда БЖЗҚ Директорлар кеңесі қор қызметін жетілдіруге бағытталған бірқатар шешімдерді қабылдағаны белгілі. Олардың кейбірі қордағы ішкі бақылау рәсімдерін күшейтумен байланысты болды. Бір бөлігі БЖЗҚ-ның меншікті активтерін басқару функцияларын Ұлттық Банкке беруге қатысты болды. Ол қалай іске асырылуда?
– Өте дұрыс, 2017 жылы қордың алдына жаңа міндеттер қойылды, олардың бір бөлігі белгілі болған жағымсыз оқиғаларға және халықтың БЖЗҚ-ға деген сенімін қайтару қажеттілігіне байланысты болды. Ұлттық банк басқармасы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-тың меншікті қаражатының бір бөлігін сенімгерлік басқаруға қабылдау туралы шешім қабылдады. Ұлттық банк пен БЖЗҚ арасында тиісті сенімгерлік басқару шартына қол қойылды және ағымдағы жылғы сәуірден бастап Ұлттық банк осы қаражатты басқаруға кірісті.
Ішкі бақылау және аудит рәсімдерін күшейтуге қатысты міндеттерді іске асыру бойынша да біраз жұмыс істелді. Атап айтқанда, Ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыру саясаты және Алаяқтық тәуекелін басқару саясаты сияқты маңызды құжаттар жаңа редакцияда әзірленді. Директорлар кеңесі халықаралық стандарттарға бейімделген және әлемдік практикада ең үздік деп танылған бұл құжаттарды бекітті. Ішкі нормативтік құжаттар тәуекелдерді басқару әдістерін, бизнес-процестерді бақылау жүйесін, алаяқтық тәуекелінің алдын алу тәсілдерін көрсетеді, сондай-ақ «БЖЗҚ» АҚ-тың қызметін қорғаудың үш деңгейлі жүйесін көздейді. Қордың ішкі аудиті күшейтілді. Әрбір филиалдың штат кестесіне қордың өңірлік бөлімшелерінің операциялық қызметін бақылау жүйесін қамтамасыз ететін ішкі аудиторлар енгізілді. Сонымен бірге, БЖЗҚ-да 2016 жылғы зейнетақы және меншікті активтер бойынша қаржылық есептілікке сыртқы аудит жүргізілді. Тәуелсіз аудиторлық компанияның қорытындысына сәйкес барлық маңызды аспектілер бо-
йынша зейнетақы активтері бойынша қаржылық есептілік есептіліктің қаржылық есептілік стандарттарына сәйкестігін растайды.
Егер БЖЗҚ-ның жақын және орта мерзімді перспективаға арналған мақсаттары мен міндеттері жайында айтар болсақ, бірінші кезекте жаңа салымшыларды тарту және белсенді салымшылар үлесінің өсуі есебінен халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтудың ұлғайғанын атап өту қажет, себебі болашақта зейнетақымен қамсыздандыру жарналардың тұрақты және толық төленуіне байланысты. Сонымен бірге, халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы зейнетақыны жоспарлау мәдениетін дамыту бойынша алда үлкен жұмыс жасау қажет.
Әңгімелескен
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»