Болашақтан келген технологиялар
Болашақтан келген технологиялар

Технологияның көз ілеспес жылдамдықпен дамуы адамзат үшін бұрын фантастика, қиял саналған құрылғыларды қолданысқа енгізіп жатыр. Төмендегі тізімде келтірілген технологиялардың кейбірі қазірдің өзінде қолданыла бастаса, кейбіреулері өндірістің алғашқы сатысында. Демек, біз адамзат тарихындағы жаңа технологиялық дәуірге қадам бастық. Ал ғылыми фантастикалық фильмдерде көрсетілетін технологиялар жақын болашақта жарыққа шығады.

Hyperloop

«Футурама» анимациялық сериялын көрсеңіз, бірден көз алдыңызға қала тұрғындары жүретін арнайы құбырлар елестер. Ал Hyperloopтехнологиялары осыған ұқсас идеямен жұмыс істейді. Аталған тұжырымдаманы алғаш рет 2013 жылы Элон Маск ұсынған. Бұл – жабық вакуумдық құбырлардағы қалалар арасындағы көлік жүйесі. Жолаушылар арнайы капсулаларда отырып, бір қаладан екінші қалаға сағатына 1300 шақырым жылдамдықпен бара алады.

 

Hyperloop. Фото: www.ixbt.com

Нанотехнология

Нанотехнологиялар ұзындығы небәрі 2500 нм болатын лазер түзуге мүмкіндік бердін Нанотехнология арқылы бактерицидті медициналық аспаптарға, сондай-ақ, компьютер клавиатурларына, телефон-коммуникаторларға, тіпті, кәдімгі ыдыс-аяққа арналған жабынғы-пленка жасауға болады. Сонда оларға зиянды микроағзалар беки алмайды. Қазіргі кезде машинаның майына пластикалық нанобөлшектер қосу басталды. Мұның арқасында үйкелу коэффициенті төмендейді. Нанотехнологиялар арқасында болаттай берік алюминий де жасалынып жатыр.

Голограма

Үйлердің дизайны. Видео ойындары. Ғарышты зерттеу. Мұның бәрі үш өлшемді кеңістікте жүзеге асады. Бұл – бізге голографиялық технологиялар уәде еткен болашақ. Физикалық әлемді сандық жүйемен толықтыруға қабілетті бұл технология бізге белгілі барлық салаларда үлкен әлеуетке ие. Ауада сурет салу, Марстың бетімен жүру, жанартаудың сағасы мен Жердің құрылымына қарау, тағы басқа. Яғни, голограма барда мүмкіндіктер шексіз. Тек қиялыңызға ерік болсаңыз болғаны.

2019 жылы Гавай университетінде лекцияларды голограма түрінде жүргізілді. Фото: vogazeta

Бионика

Мүмкін, біз болашақта түстерді «ести» аламыз немесе электр өрістерін «сезінеміз». Тіпті, матрица фильміндегідей миға жаңа ақпарат жүктей аламыз. Бионика адамзаттың келбетін өзгертеді. Сөзсіз. Біз технологияға тәуелді болған сайын, мүмкіндіктеріміз қазіргіден артады. Көзге бейнекамераларды орнату, биіктіктен секіру және жылдамырақ жүгіру қабілеттерін жетілдіру, тіпті, электронды құрылғыларды адам санасының күшімен басқару, тағысын тағы.

Бионика. Фото: sciencepop.ru

Биониканың басты міндеті — тірі табиғаттың құрылу принципін зерттей отырып, биологиялық жүйелерді техникада пайдалану. Мысалы, теңізде тіршілік ететін медузалардың келе жатқан толқынды дауылды 13 — 15 сағат бұрын сезетіні анықталды. Ал теңіз барометрі оны 2 сағат бұрын ғана біледі. Медузаның осы қасиетінің негізінде теңізде дауыл боларын болжайтын аспапты жасауға мүмкіндік туды. Жыландардың да температураны айыра білетін қасиеттері бар екені анықталып отыр. Мысалы, ысылдап дыбыс шығаратын жылан мен қалқантұмсықты жыландардың басының 2 жағында жылуды сезетін шұңқыры болады. Ғалымдар жыландардың термолокаторлық қасиетіне сүйене отырып, жылылық пен суықтықты дәл өлшейтін термометрлер ойлап шығарды. Су сүңгуір қоңызы, шегіртке, сүлік, балық, т.б. жер сілкінуді алдын-ала сезеді. Осыған байланысты сілкініс жиі болып тұратын жерлерде балықтың жер сілкінуді сезгіш түрін аквариумда ұстайды. Масаның нәзік иіс сезу ерекшелігіне байланысты жасалынған аспап, шахтада улы газдардың пайда болғанын хабарлайды.

Биониканың бір мысалы. Фото: googleusercontent

Соңғы кезде ғалымдар дельфиндерге көп көңіл аударуда, дельфин терісі су толқындарына оңай қысылады және серпімді келеді. Осыған байланысты теңіз кемелерінің суға бататын бөлігіне дельфин терісіне ұқсас қолдан тері жасап, қаптайтын болды. «Дельфин терісімен» қапталған кеме су кедергісін шұғыл азайтып, шапшаң жүзеді. Биониканың техникаға енген үлкен жетістігінің бірі — гиротрон. Ол — ұшақтарды тұрақтандыру үшін қолданылатын аспап. Гиротрон кейбір жәндіктердің (көбелек, қоңыз) биоанализаторларының жұмыс істеу қабілетіне сәйкес жасалынған. Мысалы, ұсақ жәндіктердің ұшу ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу нәтижесінде оларда ұшу бағытының өзгеруін тез арада сезетін арнайы мүше болатындығы анықталды. Осының негізінде өте жоғары жылдамдықпен ұшатын ұшақтардың бағытын жоғары дәлдікпен қадағалайтын аспап жасалды. Биониканың кеңістікті бақылауға және көруге болмайтын жағдайда, заттарды іздеп табуға арналған өте күрделі техникалық аспаптарды құрастыруда, т.б. техника мен медицина мәселелері үшін маңызы зор.

Ғарыштық туризм

Әр адам Жер планетасын ғарыштан көруді армандаса керек-ті. Бұл арман қазір ақиқатқа айналған. Ғарыш туризмі енді сәлден соң бұқаралық ойын-сауық түрінде таралмақ. Мәліметтер бойынша «Space Adventures», «Роскосмоспен» бірлесе отырып, 10 туристі «Байқоңырдан» ғарыш сеңгіріне ұшырған. Соның ішінде Чарльз Симони екі рет ғарышта болып қайтты. Бірақ, оларға орбитаға аттану үшін «астрономиялық сомалар» (алғашында 20-23 миллион, 2009 жылдан кейін 40 миллион доллар) төлеуге тура келді: өйткені, ол үшін адам саны үшеумен шектелетін «Протон» зымырантасығыштары пайдаланылды.

Киборгтар

Бір қарағанда, адам денесіне RFID-чиптерді орнату фантастикалық фильмдердегі адам сенбес көріністей көрінгенімен, шынайы өмірде ол көпшіліктің көзі үйренген пирсингке ұқсас. Иә, жай ғана пирсингке. Тек хирургиялық болаттан жасалған элементтер орнына, денеге «арнайы құжат» немесе «электронды әмиян» функциясын орындауға қабілетті микроэлектроника «кіріктіріледі». Қазір әлемде қолдың механикалық протездері жасалған, сырқат оны кәдімгі өз қолындай басқара алады: датчиктер адамның жүйкелеріне қосылған. Жасанды көз де сынақтан өтті: ол цифрлы бейнекамерасы бар көзілдірік түрінде болып келеді. Ол көру жүйкесіне қосылған чипке сымсыз арна арқылы көрініс береді. Бұл арқылы адам айналаны «жаңа көзбен» тани алады.

Мәтін: Арай Жұматай 

Дерек көзі: "The Qazaq Times" 

Фото: googleusercontent.com 

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
3 года назад 2169
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167