Діни терминдерді қазақшалау жайында
Діни терминдерді қазақшалау жайында

Терминтанушы ғалым, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Ұлт тілінде термин жасап, ғылыми-техникалық терминологияны ұлт тілі негізінде қалыптастыру үшін термин шығармашылығында іске қосылатын амал-тəсілдер мен термин жасауда пайдаланылатын ішкі көздерді айқындап, олардың əрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін көрсетудің маңызы айрықша» [1], – деген болатын. Қазақ тілінің ғылым тілі ретінде орнығуы үшін терминологиямыз тұрақталып, бірізденуі керек.

Қазақ тілінің терминологиялық қорының қалыптасуы өз бастауын сонау көне, орта ғасырлардан алады. XIX ғасырдың екінші жартысында Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлихановтар термин мәселесімен арнайы айналыспағанымен, терминдік ұғым арқалаған сөздерді қолданды. Ал, ХХ ғасыр басында Əлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмахан Күдерин, Елдес Омарұлы, Нəзір Төреқұлұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жұмақан Күдеріұлы, Телжан Шонанұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды қазақ зиялылары ұғымға атау беруге ұлттық таным тұрғысынан қарауды өздеріне міндет тұтып, қазақтың ғылыми терминологиясының тұтас жүйесін мақсатты түрде қазақыландыру жолында жасады. Соның нəтижесінде ғылымның тіл білімі, педагогика, психология, математика, медицина, және энергетика салалары қазақша сөйлеп, терминқорымыз ұлт тілі негізінде қалыптаса бастады.

Терминтанудың жеке ғылым ретінде даму тарихына байланысты терминтанушы ғалым, академик Өмірзақ Айтбайұлы былай дейді: «Қазақ тілінде терминжасау ісін шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарауға болатын сияқты. 

Бірінші кезең XX ғасырдың 10-жылдары мен 30-жылдардың екінші жартысындағы аралықты қамтиды. Бұл – терминжасам процесінің бастапқы кезеңі. Əуелгі қалыптасу тұсында түрлі талас-тартыстардың, неше алуан бағыт-бағдарлардың болғаны мəлім. Соған қарамастан, термин жасауда, негізінен, тіліміздің бар байлығын сарқа пайдалану бағыты, басқаша айтқанда, терминдерді қазақыландыру бағыты басым болды. Бұл жерде, сөз жоқ, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Х. Досмұхамедұлы тəрізді тұлғалардың ықпалы зор болғаны көрінеді.

Екінші кезең 30-40-жылдарды қамтыды. Бұл кезде арабшылдар мен латыншылдар айтыса келе, кейінгілер жеңген, сөйтіп барып латынды тастап, кириллицаға ұласқан жылдар еді. Бұл кезеңнің басты белгісі – интернационалдық терминдер мен орыс атауларын тілімізге түпнұсқадағы пішінін бұзбай, сол қалпында қабылдау болатын. Осының нəтижесінде тіпті қайсыбір қазақ сөздерінің өзін орысша мақаммен айтатын дəрежеге жеттік. Алфавитімізге тіл табиғатына тəн емес дыбыстар енгізілді, бөтен префикс пен жалғаулар енді. Емле ережелері осы бағытта түзілді.

Үшінші кезең ретінде 40-50-жылдар аралығын əңгімелеуге болады. Мұның термин қолданыста алдыңғы кезеңнен айырмасы шамалы. Негізінен, сол терминологиялық лексикамызды интернационалдандыру, орыстандыру бағыты жүріп жатты. Бұл жылдардың ұлттық лексиканы дамытуға қосқан үлесі шамалы.

Төртінші кезең 50-70-жылдар аралығының үлесіне тиесілі. Бұл – қазақ зиялыларының соғыстан кейінгі жылдары еңсе көтеріп, рухани дүниемізді зерделей бастаған дəуірі. Газет, журналдарда қазақ мəдениетінің мəселелері көтеріліп, жазу-сызуымызға көңіл бөліне бастайды. Сол кездегі баспасөз материалдарынан көптеген интертерминдердің қазақша баламалары жасалып, орыс сөздерінің қазақша сөйлей бастағанын байқаймыз. Тіпті асыра сілтеп те жіберген кездеріміз болды. Соған қарамастан, бұл өз тіл байлығымыздың қадіріне жете бастаған сəт есебінде бағаланды.

Бесінші кезеңге 70 жəне 90-жылдардың екінші жартысына дейінгі аралықты жатқызуға болады. Бұл жылдардың ішінде болған сан алуан қоғамдық өзгерістер ыңғайына қарап, мұның өзін үш бөлікке жіктеп қараймыз. Алғашқысы – тоқырау жылдары атанып, тарихқа енген Брежнев заманы, екіншісі – қайта құру, үшіншісі – Кеңес Одағының құлап, Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығының пайда болған заманға сəйкес туындаған тіл қозғалысы. Бұл құбылыстың əрқайсының тілде қалдырған өзіндік ізі бар. Əсіресе қайта құру мен тəуелсіздік туы желбіреген соңғы бес-он жылдың мемлекеттік тілімізге, оның ішінде қазақ терминологиясының қалыптасуы мен дамуына жасаған ықпалы ұшан-теңіз.» [2]

2000-жылдардан кейін де терминтанушылар қатары жаңа буын өкілдерімен толығып, салмақты ойы бар ғылыми еңбектер жазылды.

1924 жылы Орынборда Қазақ ғылыми қызметкерлерінің 1-съезі болып, онда терминологияны қалыптастырудың жолы А.Байтұрсынұлы ұстанған қағидаттарға негізделіп, съезд қаулысымен ресми бекітілген еді. Талай қиын кезеңдерді артқа тастап, 2017 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін кирилицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығы шыққаннан кейін, ұлттық терминалогия мәселесі қайта көтеріліп, жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл, шын мәнінде, ұлтымыз үшін маңызды қадамдардың бірі болды.

Ш.Құрманбайұлы ұлттық терминологияның қазіргі жағдайын XX ғасыр басындағы термин жасау үрдісімен салыстыра  келе, мынадай тұжырым жасайды: «Байтұрсынұлы кезеңінде қазақ тілі білікті ұлттық кадрлардың арқасында ғылыми-техникалық прогреске шапшаң икемделіп, лап берген терминдер тасқынына тойтарыс беріп, оларды игеруге мүмкіндігі мол тіл екендігін дəлелдей бастаған болатын. Өкінішке қарай, өктемдік етушілерге осы бағыт үрей туғызғандықтан да оған күшпен тосқауыл қойылды. Ал кейінгі жаңа заман талабына толық сəйкес келетін бағыт қазақ терминологиясын бүгінгідей жағдайға жеткізіп, термин жасаудан гөрі дайын терминдерді қорытпай қабылдай беруге үйретті. Тіліміз мемлекеттік мəртебеге ие болған бүгінгі таңдағы термин жасаудағы жаңа үрдіс XX ғасыр басында болған құбылысқа өте ұқсас. Айырмасы – онда қазақ жұрты ғылым əлеміне енді аяқ басқан болса, қазір ғылыми-техникалық прогрестің бел ортасында жүрміз. Алғашқы кезеңде А. Байтұрсынұлы бастаған ғалымдар термин жасау принциптеріне келісіп, бір бағытта жұмыс істеген болса, бүгін олай болмай отыр. Оның себептері жеткілікті. Ең алдымен, лек-легімен өзгеріссіз қабылдап алған мыңдаған терминдеріміз бір-екі ұрпақтың санасына сіңіп, оқулықтар мен ғылыми əдебиеттерде əбден орнығып, құлағымызға үйреншікті естіліп, көзімізге ыстық көрінетін дəрежеге жетті. Сондықтан да оларды шаң жуытпай қорғаушылардың табылуы табиғи нəрсе. Оған таңданудың қажеті жоқ. Бұл тек лингвистикалық қана емес, психолингвистикалық, əлеуметтік лингвистикалық та мəселе. Сол себепті терминологияны жетілдіру, реттеу жұмыстарын жүргізу кезінде мəселенің осы қырына да міндетті түрде мəн беруге тура келеді.» [1] Осындай түрлі жағдайларға байланысты елімізде ұлттық терминалогияны қалыптастыру әлі де болса дұрыс жолға қойылмай отыр.

Бүкіл қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей әсер еткен А. Байтұрсынұлының термин жасаудағы ұстанған бағыты ұлттық терминалогияның кешегі тарихы үшін ғана емес, оның алдағы уақыттағы дамуы үшін де аса қажет. «Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «ұлтшылдық», «пуристік» бағыт ұстады деп, ол жасаған терминдердің біразы қолданыстан шеттетілгені белгілі. Соған қарамастан, А.Байтұрсынұлы еңбегінің көпшілігі өзінің өміршеңдігін танытып келеді. Ал, арнайы шеттетілген терминдердің арасында бүгінде қайтадан қажетімізге жарайтындары да аз емес. Сондай-ақ, оның қаламынан туындаған терминдер арасында авторы өзі екендігі ұмытылып кеткендері де бар. Ұлы тұлғаның термин жасауда ұстанған бағыты мен оның қаламынан туған басы ашық терминдерінен А. Байтұрсынұлы қазақ терминологиясының негізін қалаушы және ғасыр басындағы бүкіл ғылыми ой-сананың қалыптасуына ықпал ете білген жан екенін дәлелдейді.» [3] Қазақ тілінің ішкі ресурстарын, лексикалық байлығын, сөзжасам тəсілдерін мүмкіндігінше пайдалануға айрықша мəн берген ұлт жанашырының термин жасау барысындағы негізгі ұстанған қағидаттары төмендегідей: 

« 1.    Термин жасауда ең тиімді жол ретінде ұғымдар мен мағынаны дәлірек білдіретін қазақ сөздері көбірек тартылсын;

  1. Егер қазақ тілінде мұндай сөздер табылмаған жағдайда туыс тілдерден сөз алу;
  2. Жалпыға бірдей халықаралық терминдерді де қабылдауға болады. Алайда, мұндай термин қазақ тілінің табиғатына тән заңдылықтарды бойына сіңіріп, өзгере енуі тиіс. Ал қазақ тілінде оған сәл де болса сәйкес келетіндей үлгі табылса, оларды қатарластыра беріп, оқырманға таңдау мүмкіндігін қалдыру қажет. Шетел сөздерін өздік ету үшін олар тіліміздің дыбысталу ерекшелігін қабылдауы керек;
  3. Қазақ сөздерінің табиғатына сәйкес келмейтін шет сөздер, біріншіден, олардың бойында біздің тілге жат дыбыстар керекті дыбыстармен ауыстырылады; екіншіден, олардың суффикстері қазақшасымен алмастырылады; үшіншіден, қосарлы дыбыстардың бірі алынып тасталады; төртіншіден, қазақ тіліне тән емес қосымшалар қазақша айтылу ыңғайына көшеді. Мысалы: Оренбург – Орынбор, пуховой – бөкебай, покров – боқырау, Адамовский – Адамау т.т.» [4]

VIII ғасырда қазақ даласына ислам дінінің таралуы мен оның идеологиялық ұстанымдарының күшеюіне байланысты араб тілі барлық салаларда үстемдік етті. Ал, арабтардан кейін Оңтүстік Қазақстанда билік құрған парсылардың Саманидтер династиясы дәуірінде ресми тіл болып танылған парсы тілі араб тілі сияқты беделді тілге айналды. Осы кезеңдерден бастап тіліміз араб, парсы сөздерімен толықты. Тіл мамандарының көрсеткен мəліметтеріне сүйенсек, қазіргі қазақ тілінің сөздік қорының 30 пайызға жуығын араб, парсы сөздері құрайды екен. Өмірзақ Айтбайұлы «Олардың басым көпшілігі діни, ғылыми, қоғамдық-саяси жəне түрлі шаруашылыққа, ұсақ өндіріске, қолөнеріне қатысты термин сөздер болып келеді» [2], – дейді. Осы тілдерден тікелей келген бұл сөздердің көбінің дыбыстық тұлғасы қазақ тілінің заңдылығына бағынған. Сондай-ақ, алгебра, алкоголь, атлас, адмирал секілді араб төркінді сөздердің орыс тілі арқылы енгенін айта кеткен жөн.

Ы.Алтынсарин «Шариату-л-ислам» атты еңбегі арқылы ислам діні негіздерін, мазмұнын, қағидаларын қазақша айтып, түсіндіруге болатынын көрсеткен. Ал, А.Құнанбайұлы өзінің отыз сегізінші қара сөзінде дінге қатысты  сөздердің қазақша аудармасын «яғни» деп былай келтіреді: «Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым, құдірет сипаты бірлән сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет олула боларлық нәрселер ме? Әлбетте, ғылым құдіреті бар болады: хаяты – мағлұм, бірі – ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нәрсеге харекет бермейді. Һәммаға харекет беретұғын өзі. Ол ирада ғылымының бір сипаты кәләм, яғни сөйлеуші деген, сөз қаріпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті және басар, сәмиғ, яғни көруші, есітуші деген. Алла тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты. Бірі – тәкуин, яғни барлыққа келтіруші деген сөз.» [5]

Соңғы уақытта діни ұғымдарды өзгертпей сол қалпында қабылдау және фонетикалық-графикалық жағынан әбден игеріліп, сіңісіп кеткен  дін арқылы келген сөздерді қайта өзгерту үрдісі байқала бастады. Мысалы: «Аллаһ» «машаллаҺ», «иншаллаҺ», «әлхамдулиллаҺ», «бидғат», «ширк», «халал», «мәкрүһ»  т.с.с. Бұлар жиі қолданылып, үйреншікті сөзге айналғандай. Тіпті қазақ тілінде баламасы бола тұра ауызашарды «ифтар», бауырым, інішек сөздерін «ақи» түрінде жазып та, айтып та жүргендер бар. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында, ислам ережелерін түсіндіруге арналған әдебиеттерде кездесетін діни терминдерді біріздендіру керек екендігі тайға таңба басқандай көрініп жүр.

А.Б.Жиекбаева өзінің «Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің терминденуі» атты еңбегінде «Арабтар исламды қабылдаған адамды муслим деп атаса, парсыларда бұл ұғым мусулман сөзімен беріледі. Сол сияқты періште деген сөз парсылардағы фариште, исламда бұл малак түріндегі араб сөзі, періште деген сөзді Құраннан кездестіре алмадық. «Жұмақ» мағынасындағы пейіш сөзі де парсының беһишт сөзі, араб тілінде осы мағынаны беру үшін джаннатун сөзі қолданылады. Намаз сөзі де парсы тілінікі, арабтар осы мағынаны беруде салатун сөзін қолданады. Қазақ тіліндегі ораза термині парсы тіліндегі руза сөзінен шыққан, ал арабтар рамазан айындағы ауыз бекітуді-оразаны саум сөзімен атайды»[6], – дейді. Қарап отырсақ, арабтар былай тұрсын, парсылар да тіл тазалығына ерекше мән береді екен.

Қорыта келгенде, терминдерді ұлттық негізде дамыту, сондай-ақ олардың ішіндегі діни терминдерді осы жолда жүйелеу – кезек күттірмейтін мәселе. А.Байтұрсынұлы өз заманында «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі дара сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін алмастыра-алмастыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айрылып қалуы ықтимал. Сондықтан, мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болады» [7], – деп бекер айтпаса керек. Қазақ тілі  мәңгілік елдің мәңгілік тілі болуы үшін халықаралық терминдердің орнына ұлт тіліндегі баламаларды барынша қолдануға талпыну керек деген ойдамыз. 

Қолданылған әдебиеттер 

  1. Құрманбайұлы Ш., Қазақ терминологиясы: зерттеулер, оқулық, сөздік, библиография, «Сардар», Алматы – 2014, – 7, 185-186 беттер.
  2. Айтбайұлы Ө., Қазақ тіл білімінің терминологиясы мəселелері, «Абзал-Ай» баспасы, Алматы – 2013, – 79-80, 83 беттер.
  3. Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультеті Қазақ тіл білімі кафедрасы, «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ филологиясы: өткені, бүгіні мен болашағы»: Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» атты қазақша әліппесіне 105 жыл толуына орай ғылыми-әдістемелік G-Global платформасындағы онлайн-семинар материалдары, (2017 жылдың 12-19 қаңтары), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы – 2017, – 118 бет
  4. Терминжасам қағидаттарын қалыптастырудағы кейбір жаңа міндеттер, https://termincom.kz/articles/?id=71
  5. Жиреншин Ә., Абай Құнанбаев, Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы – 1961, – 471 бет
  6. Жиекбаева А. Б., Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің терминденуі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы – 2014, – 96 бет
  7. Зейнулина А.Ф., Тоқсанбаев Д.О., Техникалық сала терминдерінің қазақ тіліне аударылуы мен қолданылуы, Известия Национальной академии наук Республики Казахстан, № 3, Алматы – 2014, – 44 бет 

Қуаныш Жұмабек

PhD докторы,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

adyrna.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
5 лет назад 2832
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167