ЕЛІМІЗДЕ ҚОҚЫС ҚАЛДЫҚТАРЫ ҚАЛАЙ ӨҢДЕЛЕДІ?
ЕЛІМІЗДЕ ҚОҚЫС ҚАЛДЫҚТАРЫ ҚАЛАЙ ӨҢДЕЛЕДІ?

ҚР Энергетика министрлігінің мəліметінше жыл сайын полигондарға 6 млн тонна қоқыс тасталады екен. Мысалы, Астана қаласынан бір жылда шамамен 800 млн тонна қоқыс қалдығы шығарылады. Ал сарапшылар еліміздегі қатты тұрмыс қалдықтарының тек 3%-ы ғана өңделетінін алға тартып отыр. Еліміз жасыл экономиканы дамытуды алдына мақсат етіп қойды. Алайда бұл сала қоқыс өңдеу саласымен тығыз байланысты, әрі бұл мәселеде шешімін таппаған мәселер де жоқ емес. Осыған байланысты Baq.kz тілшісі «ӨКМ Операторы» компаниясының атқарушы директоры Сергей Юрчамен тілдесті.

«Бізде қатты тұрмыс қалдықтарын өңдеу саласы тиісті дәрежеде дамымаған. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде қатты тұрмыс қалдықтарының тек 3%-ы ғана өңделеді. Ал қалған бөлігі полигондарға жіберіледі. Жалпы бұл салада шешімін таппаған мəселе көп. Кейбір қоқыс тастайтын орындар экологиялық талапқа сай келмейді. Салдарынан қоршаған ортаға зиян келуде», – дейді басшы.

Оның айтуынша, Қазақстан қоқыс өңдеуден қомақты қаржы таба алады.

«Елімізде қоқыс қалдықтарын шикізат ретінде пайдалануға болады. Осылайша, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикаға табыс әкелуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қоқыс өңдеу саласы жасыл экономикаға көшуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. «ӨКМ Операторы» еліміздегі қоқыс өңдеу саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге өз үлесін қосуда», – деді ол.

Осы орайда басшы елімізде жұмыс істеп тұрған қоқыс өңдеу кәсіпорындарын атап өтті.

«Жалпы Қазақстанда қоқысты сұрыптайтын 4 кәсіпорын бар. Бұл орындар арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Олар қоқысты өңдемейді, тек сұрыптайды. Қажетті тұрмыстық қалдықтарды кәсіпорындарға жібереді. Мысалы, бізде шыны өңдейтін 3 кәсіпорын бар. Сондай-ақ, қағаз бен картонды өңдейтін 3 орын заңды түрде жұмысын жүргізуде. Алдағы уақытта 4-ші кәсіпорын ашылады. Ал пластиктен жасалған өнімдерді қайта кәдеге жаратып, пайдалану өте күрделі. Бірақ бұл салада 20-30 шағын кәсіпорын өз міндетін атқаруда», – деді ол.

Әңгіме барысында Сергей Юрча енді ірі тұрмыстық техниканы өндіруші компаниялар өз өнімдерін жинауға міндетті болатынын алға тартты.

«2017 жылдың 26 қаңтарынан бастап, тұрмыстық техниканы өндірушілер енді өз қалдықтарына жауап береді. Біз ҚР Энергетика министрлігімен тиісті келісімге келдік. Олар осы саланы дамытуға 1 млрд 250 млн теңге бөлгелі отыр. Біз тиісті жұмыстарды бастап кеттік. Кәсіпкерлер жаңа талапқа бейімделуі керек. Бизнес өкілдерімен, экологтармен қоқыс қалдықтарын кәдеге жарату мөлшерлемесін анықтау мақсатында тиісті келіссөздер жүргізілуде», – деді ол.

Компания өкілі елімізге енгізілген жаңа талаптың қалай жұмыс істейтіндігін түсіндірді.

«Компаниялар тұрмыс қалдықтарының 10-20% жинап алуы тиіс. Себебі, ірі тұрмыстық техниканы өндіруші компаниялар өнімді бірден жинап алуға мүмкіндігі болмайды ғой. Оларға сол үшін уақыт беріп отырмыз. Жаңа талап бойынша компания өнімін кез келген өзіне тиімді жолмен жинап алуы керек. Яғни тиісті орындардан, арнайы контейнерлерден барып алады. Егер олар (компаниялар – автор) жаңа талапқа келіспесе, тиісті қаражатты «ӨКМ Операторына» төлейді. Кейінгі жұмысты біз жүргіземіз», – деп түйіндеді сөзін Сергей Юрча.

Айта кетейік, соңғы жылдары мемлекет қоқыс өңдеу саласына мән бере бастады. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 90 мың тоннаға жуық ескі шина қалдығы, 95 000 тонна май қалдығы, 33 000 тоннаға жуық аккумулятор қоқысқа тасталады екен. Осы орайда «ӨКМ Операторы» компаниясының көмегімен 2016 жылы тозығы жеткен шиналарды жинап, қайта өңдеуге 557 млн теңге, май қалдықтарын жинап, өңдеуге 84 млн теңге, әрі тозығы жеткен аккумуляторды жинап, қайта өңдеуге 1 млрд 29 млн теңге бөлінген екен.

Дәурен ЕРБОЛАТ, Baq.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
8 лет назад 3137
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167