Ешкі сүті – жоғары азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағам. Өзінің физикалық-химиялық қасиеттері мен дәміне сай ешкі сүтінің сиыр немесе басқа да ауыл-шаруашылық жануарларының сүтімен салыстырғанда тиімді айырмашылықтары мол.
Ешкі сүті де сиыр сүтіндей казеиндік топқа жатады. Бірақ ешкі сүтінде сиыр сүтіндегі аллергиялық серпіндердің көзі саналатын — альфа-ls-казеин жоқ. Сондықтан ол сиыр сүтіне аллергиясы бар адамдар үшін ұсынылады. Құрамында бета-казеин мол болуына байланысты, ешкі сүті әйелдердің емшек сүтіне жақын. Ешкі сүті нәруыздарының көпшілігінің құрамында альбуминнің мол көлемі болуына байланысты, құрамдас бөліктерге ыдырайды, яғни қорытылмаған күйінде сіңбей, ұсақ үлпектер түрінде ұюға ұшырайды, деп жазады muslim.kz.
Сондықтан ол ағзаға жеңіл сіңіп, ас қорыту жүйесінің бұзылуына жол бермейді. Құрамында лактозаның төмен мөлшері (сиыр сүтінен 13% кем, әйелдердің емшек сүтінен — 41% кем) болуы — бұл өнімді лактоза жеткіліксіздігі бар адамдар үшін қолдануға мүмкін етеді. Ешкі сүтіндегі май ағзаға жақсы сіңіріледі және 4,0-4,4% майлылықта ешкі сүті 100 пайыз сіңеді. Ешкі сүтінде адам ағзасының тіндерінде холестерин жиналуына қарсы тұратын ерекше метаболикалық қасиеті бар және ағзаның қорғаныс қызметін арттыратын қанықпаған майлы қышқылдардың 67 пайызы бар.
Жоғарыда келтірілген артықшылықтарынан басқа ешкі сүтінде көп кальций (143.0 мг), магний (14.0 мг), фосфор (89.0 мг), марганец (17.0 мкг), мыс (20.0 мкг), А (0.1 мг), В (0.04 мг), С (2.0 мг) және Д (0.06 мг) дәрумендері, аскорбин қышқылы бар. В12 дәруменінің құрамына кіретін және қан өндірімі үрдістеріне жауап беретін кобальттың мөлшері сиыр сүтімен салыстырғанда ешкі сүтінде 6 есе көп. Сүттің құрамында кальцийдің мөлшерінің мол болуы — жүрек-қантамыр жүйесіне оңтайлы әсер етеді.
Бірақ ешкі сүті сиыр сүтіндей темірге бай емес. Темір қандағы гемоглобиннің түзілісіне ғана емес, төтемелік жүйенің қалыпты жұмысы мен мінез-құлық сипатының сәйкестігін қамтамасыз ету үшін де қажет. Дегенмен ешкі сүтіндегі темір сиыр сүтіндегіден гөрі жақсы сіңеді. Бірақ әйелдердің емшек сүтінің сіңу дәрежесіне жете бермейді. Осылайша, ешкі сүті минералдық заттектерге, дәрумендер мен микроэлементтерге сиыр сүтінен гөрі байырақ, ешкі сүтінің нәруыздары асқазанда тығыздалмауына байланысты сіңімдірек келеді.
Ешкі сүтінің майы адам ағзасында 100 пайыз дерлік сіңіріледі, құрамында лактоза аз болуына сай, лактоза жеткіліксіздігі бар адамдарға ұсынылады. Құрамында аллергия тудырушы альфа-ls-казеин болмауына байланысты азықтық аллергиясы бар адамдарға қолдануға болады.
Ешкі сүтінің көптеген емдік қасиеттері бар. Әсіресе, асқазан ауруларында, анемияда, көздің нашар көруінде, диатезде пайдалы. Емшек жасындағы балаларды қоректендіру үшін аса қолайлы. Швейцарияның таулық шипажайларында туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққандарды әу бастан-ақ ешкі сүтімен емдеген.
XIX ғасырдың аяғынан бастап ешкі сүті үшін өрлеу кезеңі басталды. Осы кезде медицина мамандары ол жайлы әйелдердің емшек сүтін алмастыруға басқалардан қолайлы екендігін айтты. Ешкі туберкулезбен, бруцеллезбен, сиыр ауыратын басқа да аурулармен ауырмайды. Ешкі сүтінің сапасы сиыр сүтінен гөрі анағұрлым жоғары, біртекті, құрамында нәруызсыз азот жоқ. Оның нәруыздары аса сапалы, басқа азықтарға қарағанда тиаминге бай. Ал тиамин — «В» тобы дәрумендері арасындағы маңызды дәрумен, өмірдің әр кезеңінде пластикалық және энергиялық алмасуға қатысады.
Негізгі азықтық құрамбөліктерінің — нәруыздар, майлар мен көміртектердің мөлшері ешкі мен сиыр сүтінде ұқсас келеді. Бірақ әйелдердің емшек сүтінен салмақты айырмашылығы бар: жануарлардың сүтінде нәруыздар едәуір көп, бірақ майлар мен көміртектер аз болады.
Осы айырмашылық адам ағзасында ешкі мен сиыр сүтінің түрлі әсер етуін түсіндіреді. Ешкі сүтінің қорытылуы кезінде пайда болатын қою ұйынды сиыр сүтінікіне қарағанда тығыз емес. Ас қорыту ферменттері үшін өңдеуге оңай келеді. Емшектегі сәбиге ешкі сүтінің ұйындысы ана сүтінің қорытылуындай әсер береді.
Ешкі сүтінің майлық құрамбөліктерінің сипаты да сиыр сүтіне қарағанда оңтайлы. Мысалы, ешкі сүтінің май домалақтарының көлемі кішірек келеді. Бұл майлардың жақсы сіңірілуі үшін ешкі сүтінде ортатізбектік үшглицеридтердің болуы ықпал етеді. Олар — лимфалық қылтамырларды айналып өтіп, бірден веналық жүйеге енетін, ішекте өтсіз сіңетін ерекше қабілеті бар майлар. Ешкі мен сиыр сүті минералдық тұздардың, микроэлементтер мен дәрумендердің үйлесімі жағынан әйелдердің емшек сүтіне жете бермейді. Бірақ ғалымдардың дәйектері бойынша, ешкі сүтінің құрамында темір аз болуына қарамастан, ол баланың ішегінде сиыр сүтіндегі темірге қарағанда тиімдірек сіңеді. Ал ешкі сүтіндегі В12 дәруменінің жеткіліксіздігі бұл сүтпен қоректендендірілген сәбиде мегалобласты анемия туындауының себебі болуы мүмкін. Бұл дімкәстің себебі — азықта В12 дәрумені мен фолий қышқылының тапшылығы болуынан, соңғысының мөлшері ешкі сүтінде де аз болады.
АҚШ мамандарының пікірінше, ешкі сүті сиыр сүтіне қарағанда адамның физиологиялық қажеттіліктерін оңтайлы қанағаттандырады. Олардың деректеріне сай, сиыр сүтіне аллергиясы бар адамдардың көпшілігі ешкі сүтін жеңіл көтереді. Бұл пікірді итальяндық медицина қызметкерлері жоққа шығаруда. Олардың зерттеулері керісінше нәтиже берген: сиыр сүтін көтере алмайтын балалар ешкі сүтін де бірдей әсермен қабылдаған. Канадалық дәрігерлердің айтуынша, ешкі сүті тері мен буын ауруына шалдыққан адамдардың денсаулығына жақсы әсер етеді, әрі өт-тас ауруларын емдеуде, фибромиома мен балалар эпилепсиясын емдеуде аса пайдалы.
Жалпы, педиатрлар ешкі сүтіне бірауыздан ықылас білдіруде. Балаларды қоректендіруде сиыр сүтіне қарағанда, ешкі сүті жарамды келеді. Әрине, бала үшін ана сүтіне жететін тағам жоқ. Бірақ жасанды немесе аралас қоректендіруде ешкі сүті ана сүтін алмастыру үшін лайықты және 6 айдан асқан балалар үшін қосымша қорек ретінде пайдалануға болады.
Жалпы, ешкі сүтінің ерекше және сиқырлық қасиеттері жайлы пікірлерді салмақтай отырып, мамандар оның бойында бірқатар пайдалы ерекшеліктері бар екенін және сиыр сүтін көтере алмайтын және оның нәруыздарына аллергиясы бар балаларды тамақтандыруда тиімді колдануға болатынын айтады. Жақында Ресей нарығында ешкі сүті негізінде жасалған, ана сүтін алмастыратын, бейімделген қоспалар пайда болды. Сондықтан ата-аналардың өздерінің сәбилерін ешкі сүтімен қоректендірудің жоғарыда айтылған ерекшеліктерін байқап көруіне мүмкіндіктері бар.
Төрт айға дейінгі сәбилердің тағам үлесі емшек сүтінің алмастырғыштарымен шектелуіне сай аллергия тудыратын өнімді алып тастау қиынға түседі. Сиыр сүтінің нәруыздарына немесе соя нәруыздарына аллергия болған жағдайда, ешкі сүті негізіндегі бейімделген қоспалар пайдаланылады. Оларды сәбилерге туғаннан бастап қолдануға болады.
Ешкі сүті сәбилерді іш өтуден сақтайды. Аллергологтар оны сиыр сүтінен жасалған өнімдерді көтере алмайтын балаларға да ұсынады.
Ешкі сүтінен немесе оны қосып ашытқан өнімдердің пайдасы да мол. Швейцарлық сырлардың атағының құпиясы — сиыр сүтіне ешкі сүтін қосып жасауында болса керек. Йогурт секілді танымал өнім ешкі сүтінен шыққан. Профессор Мечников ешкі сүтінен жасалған болгар йогуртынан емдік лактобациллинді бөліп шығарды.
Қорыта айтқанда, ешкі сүтін ерекше химиялық құрамына сай пайдалы тағам өнімдеріне жатқызуға болады. Халықтың жаппай тұтынатын өнімі ретінде түрлі жас топтары арасында қолданылуымен қатар, ешкі сүтінің түрлі аурулардың алдын алу шараларында да тиімділігін ескерген жөн.