Дін қайраткері, жазушы Халифа Алтайды білмейтін қазақ кемде-кем. Қазақ руханиятының елеулі тұлғасының орны қазіргі кезде ойсырап тұрғаны анық.
Ғұлама ғалым, діни ағартушы ұстаз Халифа Алтай Ғақыпұлы 1917 жылдың 18 желтоқсанында Шығыс Түркістан аймағы Шіңгіл ауданының Жарынты өзенінің бойында дүниеге келген. Сауатын алғашында әкесі Ғақып Қаракеленұлынан, кейін ауыл молдасынан ашқан ол бүкіл өмірінің бастапқы кезеңі қуғын-сүргін, көші-қон азаптарымен өтсе, кейінгі ғұмырында діни, ағартушылық, имандылық бағытында өнімді еңбек еткен.
1933-1938 жылдары Қытайдағы қуғын-сүргінге байланысты ел-жұрты Баркөл, Гансу, Цинхай аймағына қоныс аударған. 1940 жылдардағы дүрбелең Халифа Алтайдың өміріне де тікелей байланысты. Бұл көш үш лекке бөлінген. Бірінші бөлімі – Елісхан батыр бастаған, екінші бөлімін Зуха батыр қажының баласы Солтаншәріп бастаған, Құсайын тайжы елдің бір бөлегін алып Гаскөл деген жерге кетеді. Ал, төртінші бөлімі екі жылдай сандалып, кейін Баркөл, Шонжы, Нориға қайтады. 1950 жылдың соңына қарай Солтаншәріп, Құсайын тайжы бастаған көш Гималайдың солтүстігінен Тибет заңғарынан асып, 1951 жылы Кашмир өлкесіне табан тірейді.
1952 жыл Араб, урду тілдерін білген Халифа Алтай алғашында Пәкістанның Пешавар қаласында қызмет етеді. Сонда құрылған «Шығыс түркістандық қазақ көшіп келушілері қоғамының» жауапты хатшысы болады. Ал 1953-1954 жылдары Пәкістандағы қазақтардың Түркияға көшін ұйымдастырған қайраткер ретінде танылды.
Алтай асып, Гималайдан өткен қатерлі де қайғылы көш басынан сан түрлі жағдайды өткерді. Жан сауғалап жүріп қашты, қашып жүріп соғысты, соғысып жүріп ауруға шалдықты. Көш ақырында Түркияға жетіп орнықты. Түрік жазушысы Исмаил Шынғыз: «Түркия қазақтарының көші қозғалғанда 20 мың адам еді. Содан 2 мың адам Түркияға тірі жетті. Бұл – үлкен трагедия» деген деректі келтіреді.
Алтай Халифа Түркияда шығармашылықпен айналысып, Шығыс Түркістаннан басталған азапты сапар туралы «Естеліктерім», «Атажұрттан Анадолыға дейін», «Алтайдан ауған ел» атты өмірбаяндық кітаптар жазды. 1977 жылы Ыстамбұлда «Қазақ түріктерінің шежіресі» атты зерттеу еңбегін шығарған. Халифа Алтайдың 1991 жылы тарихи отаны Қазақстанға біржолата көшіп келуінің өзі сол уақытты маңызы зор айшықты оқиға болған. Журналист Ұларбек Нұрғалымұлы ғұлама діндардың Қазақ елінің азаттық алу сәтіндегі көңіл күйін былайша сипаттайды. «1991 жылы желтоқсан айының ортасында Ыстамбұл көшесінде келе жатып, көпшілік радиодан «Бүгін Қазақ елі тәуелсіздік алды, жер бетінде Қазақстан деген дербес мемлекет пайда болды!» деп түрік тілінде саңқылдап жатқан дауысты естиді. Естиді де, егіліп жылайды. Сол тұрған жерінде құбыланы тауып алып, сәждеге кетеді. Жаратқан Иеден: «Иә, Аллам, қазақ деген халыққа ақыры еркіндік келді-ау, абырой бердің-ау! Айбарлы мемлекет қыла гөр! Ғұмырлы қыла гөр!» деп дұға тілейді. «Қуаныштан ыршыған көз моншақтарым тас еденге тырс-тырс тамады. Сәжде қылған жерімде ұзақ жатып қалыппын» деп естелік айтып еді ақсақал».
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Халифа Алтай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен атажұртқа қоныс аударды. Халифа Алтай – Қазақ елінде үлкен беделге ие болған ірі тұлға. Дін қайраткері ретінде оның 1991 жылы аударған «Құран Кәрімнің қазақша мағынасы мен түсінігі» Фахд баспаханасында басылып, 800 мың данамен таратылды. Сондай-ақ Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының жанынан құрылған «Инабат» имандылық тәрбие орталығының төрағасы болудан бөлек, Ислам дінін уағыздап, діни кітаптар аударып, таратуға еңбек сіңірген. 1995-2000 жылдары Қазақ радиосынан әр жұма сайын ислам дініне байланысты арнайы хабар жүргізді. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев қадірлі қарияның ел ішінде зор абыройға ие болған айтулы тұлға екенін жазады: «Мен Халифа Алтай ақсақалмен Қазақстанның біраз жерін араладым. Жұртшылықпен кездескен көптеген сәттерін өз көзіммен көрдім. Міне сондай кезде қай жерге барсақ та, кімдермен кездессек те, жиналған жұрттың бәрі Халифа ақсақалды айрықша қадір тұтатынын, ол кісіні бір көріп, сөзін тыңдағанды ерекше уақиға деп бағалайтынын байқадым. Халифа Алтай ақсақал келе жатыр десе, ауылдағылар тайлы-таяғы қалмай алдынан шығатын, кездесулер өткізетін жерге жұрт лық толып сыймай кететін. Тіпті, күн сайын қарбалас тіршіліктен қолдары босамай жататын аудан, облыс басшылары да Халекеңнің хабарын естісе, барлық жұмыстарын жинап қойып, құрметті ақсақалға сәлем беруге келетін».
Халифа Алтай өмірінің соңғы кезеңінде біржола шығармашылық жұмыстармен айналысты. «Сияри Нәби» (Хазірет пайғамбар Ғалаһіссаламның өмірбаяны) еңбегін шығарып, 1911 жылы Қазан қаласында «Ел-Итқан» деген атпен татар тілінде шыққан кітапты қайта қарап, қалыпқа келтіріп бастырды. Аударма саласында да өнімді еңбек етіп, діни, имани кітаптардың қазақ оқырмандарына жетуіне септесті. Айталық, «Бір жылдың 48 жұмасы мен екі мейрам құтпасы», «Қысқаша ислам тарихын» атты кітапты қазақшаға аударып шықты. «Ғибадатул ислам», «Құран әліппесі және имамның шарттары», «Иманшарт», «Ғылымхал» (Діни қағидалар), «Таңдаулы хадистер» секілді зәру тақырыптарда 11 діни кітап жазып, елінің рухани-діни кеңістігіндегі білімін толықтыруға ерік-жігерін сарқа жұмсады. Халифа Алтай – әдебиет тарихында халықаралық «Алаш» сыйлығын алғаш иеленген қаламгер. Сонымен қатар оны «Түрік әлемінің ғұламасы» деп жоғары бағалаған. Ақыл-парасатымен жұртқа жаққан, халқына қадірлі, еліне шапағатшыл болған қария 2003 жылы 86 жасында Алматы қаласында өмірден өтті. Қазақстандағы Ислам дінінің таралуына баға жетпес еңбек сіңірген Халифа Алтай есімі республика бойынша сыйымдылығы жағынан үшінші орын алатын Өскемен қаласындағы үлкен мешіт пен Алматы облысының Қырғауылды ауылындағы жаңа мешітке берілді.
Заңғар КӘРІМХАН
history.kz