Жауапкершілігі шектеулі серіктестік дегеніміз не?
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік дегеніміз не?

Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлестерге бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) деп танылады; жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты зияндарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді.

Серіктестіктің жарғылық капиталға салымдарын толық  енгізбеген қатысушылары оның міндеттемелері бойынша әрбір қатысушының салым енгізбеген бөлігінің құны шегінде ортақ жауапты болады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушыларының саны жүзден аспауы тиіс.  Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушыларының саны жүзден асқан жағдайда ол бір жылдың ішінде бөлінуге, не ерекшеленуге, не басқа шаруашылық серіктестікке, акционерлік қоғамға немесе өндірістік кооперативке өзгертілуге жатады. Ал бұл мерзім аяқталғаннан кейін қатысушылар саны жүзден азаймайтын болса, мемлекеттік тіркеу жүргізген органның немесе басқа мүдделі тұлғаның арызы бойынша сот тәртібімен жойылуға жатады.

Тек орта және ірі кәсіпкерлік субьектілерге жататын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы 100 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы тиіс.

Шағын кәсіпкерлік субьектіне жататын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы 100 теңгеден кем болмауы тиіс.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалғыз қатысушысы ретінде бір адамнан тұратын басқа шаруашылық серіктестігі бола алмайды.

Бір қатысушыдан тұратын жауапкершілігі шектеулі серіктестікте қатысушылардың жалпы жиналысының құзыретіне жататын шешімдерді жалғыз қатысушы жеке-дара қабылдайды және олар жазбаша ресімделеді.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысы серіктестіктің заңды тұлға ретінде құқықтық мәртебесін белгілейтін құжат болып есептеледі. Жарғыны құрылтайшылардың жалпы жиналысы бірауыздан бекітуге тиіс және оған барлық құрлытайшылар немесе олардың уәкілеттік өкілдері қол қояды және нотариалдық куәландыруға жатады.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар арасында серіктестіктің бір жыл ішінде өз қызметінің нәтижелері бойынша алған таза табысын бөлу серіктестіктің тиісті жылдағы қызметінің нәтижелерін бекітуге арналған серіктестікке қатысыушылардың кезекті жиналысының шешіміне сәйкес жүргізіледі.

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 лет назад 3941
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167