Мәжіліс депутаттары 2017-2019 жылдарға арналған бюджет туралы заң жобасына енгізілген ең төменгі жалақы мөлшерін сынға алды. Заң жобасын Қаржы және Ұлттық экономика министрлері таныстырған.
Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.
Мұхтар Тінікеев 24 мың теңгеге қалай өмір сүруге болады деген сұрақты министрлерге төтесінен қойды. Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі: - Ең төменгі жалақы мөлшері 24 459 теңге. 24 мың теңге деген не? Ең төменгі зейнетақы 28 мың дегенді түсінуге болады. Ата-анамызға көмектесеміз. Жалғызбасты қариялар тамақты аздау жейді, жастарға қарағанда. Ал 24 мың неге жетеді? Осындай мөлшерді бекіткен кезде неге сүйенесіздер? Көптеген жұмыс берушілер салықтан жалтару үшін қызметшілеріне 70-100 мың теңге төлесе, оны ең төменгі жалақы мөлшерімен көрсете алады. Осы жалақыдан зейнетақы алымдары алынады. Жол ережесін бұзсаң, айыппұлы 20 мың теңге. Соны төлесе, қалған 4 мыңға қалай өмір сүреді?
Мемлекеттік қарыз мөлшерін есептегенде, депутаттар сыртқы борышымыздың бірнеше есе артқанын естіп, жаға ұстады. Олар қарыз министрлердің есебінде көрсетілген сандардан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтып алаңдаулы. Өйткені, статистикада көрсетілген қарыз мөлшерінде квазимемлекеттік сектор саналатын ұлттық компаниялардың борышы ескерілмеген.
“2008 жылы мемлекеттік кепілдендірілген қарыз 2,2 млрд болса, бүгінде 32 млдр АҚШ долларынан асты. Қарызға кеткен шығындар 8 есе өсіп, білім беру және медицина сынды салалардың шығындарынан асып кетті. Мемлекеттік қарыздың күрт артуы, бюджеттің тұрақтылығына қатты әсер етеді. Әсіресе, Ұлттық қор қаражатын сақтап қалуда қауіпті”, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Аманжан Жамалов.
“Қарыз бойынша өсім бар, ол кірістердің төмендеуімен және бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырумен байланысты. Сондықтан, халықаралық қаржы ұйымдарынан жұмсақ қарыздарды аламыз. Әзірге үкіметтің қарызы 21 пайыз, ал мемлекеттің қарызы 24 пайыз деңгейінде. Оның бір бөлігі қысқа мерзімді және Ұлттық банктің операцияларымен байланысты”, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.
Қуандық Бишімбаев 2017-21 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жайлы атап өтті. Теңге бағамы 2017-19 жылдары 1 АҚШ доллары 360 теңге, ал 2021 жылы 340 теңге мөлшерінде болады деген есеппен алынған. Сонымен қатар, 2017-19 жылдары мұнай бағасының баррелі 35 доллар, 2021 жылы 45 доллар деп болжанған. Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 2017 жылы 79,5 млн тоннаны құрап, 2021 жылға қарай 86,5 млн тоннаға дейін артады деп күтілуде. ЖІӨ нақты өсімі 2017 жылы 1,9, 2018 жылы 2,1, 2019 жылы 2,7 пайыз, ал 2021 жылы 3,1 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2017 жылы 6-8 пайыздың шегінде болып, 2021 жылға қарай 3-4 пайызға дейін төмендейді,- деп болжады министр.
Stan.kz