ОҚО-да екі қолсыз өмірге келген жан көпшіліктен көмек сұрайды (видео)
ОҚО-да екі қолсыз өмірге келген жан көпшіліктен көмек сұрайды (видео)

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданында Кеңесарық деген ауыл бар. Бұл жерде Гүлфайруз Дүйсебаева есімді өмірге құштар жан тұрады.

Мына өмірге екі қолы жоқ болып келген Гүлфайрузды біз таяуда арнайы іздеп бардық. Биыл жасы 42-ге келген ол ашық-жарқын жан болып шықты, деп жазады Замана газеті хабарлайды.

«Мені анам перзентханада босанған екен. Алайда ол кісі алғашқы кезде менің кемтарлығымнан бейхабар болыпты. Себебі мейірбикелер екі қолымның орнына жаялықтар қойып, білдірмеуге тырысыпты. Дегенмен анам байқұс ақыры дүниеге мүгедек қыз әкелгенін естіп, қайғыдан қан жұтқан екен», – дейді Гүлфайруз. – Кейіннен дәрігерлер анама: «Қызыңызды мүгедек балалар үйіне өткізесіз бе?», – деген екен. Бірақ анам ондай қадамға бармайтынын, қандай жағдай болса да өзі бағып-қағатынын айтыпты.

Сонымен, мен есімді білгенше үйде болдым. Ата-анам мен бауырларым үнемі мені әлдилеп отырды. Отбасында менің айтқаным – заң. Қазір де солай. Бір өкінішім бар, ата-анам осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден өтті. Бәлкім олардың тым ерте о дүниелік болғанына менің мүгедектігім де себеп болған шығар деп ойлаймын».

Гүлфайруз орта білімді «Көксәйек» ауылындағы мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатта алған. Сол жерде жүріп аяғымен жазуды үйренген. Ал 3-ші сыныпты бітірген кезде әкесі Ресейдің Ленинград қаласына арнайы ертіп апарып, протез жасатып берген екен. Дегенмен тек сән үшін жасалған жасанды қолды Гүлфайруз аса жақтырмапты. Көп өтпей оны шешіп тастап, бар тірлікті аяғымен істей бастаған. Бүгінде ол аяғымен тігіс те тіге береді, жеңіл-желпі киімдерін өзі жуып алуға дағдыланған. Одан бөлек, аяғымен самаурын қайната біледі, көрпе-төсекті де жинай алады. Қысқасы, кейбір он екі мүшесі сау адамдар істеуге ерінетін тірлікті тап-тұйнақтай етіп орындауға икемді. Бүгінде ол үлкен ағасының отбасымен бірге қарашаңырақта тұрады.

«Жаратушы ием менің бауырларымды мейірбанды етіп жаратқан. Олар мен десе жанын беруге даяр. Жеңгелерім де бетіме келіп, жаман сөз айтқан емес. Сол кісілердің қамқорлығына, ерекше ілтипатына бөленгендіктен бе, кейде өзімнің мүгедек екенімді ұмытып та кетемін», – дейді кейіпкеріміз.

Гүлфайруз күні бүгінге дейін ешкімнен ешқандай көмек сұрамаған. Үкіметтің мүгедектік үшін беретін 44 мың теңгесіне шүкіршілік етіп келген болатын. Бірақ енді қайырымды жандардың қолдауына зәру болып отыр.

«Ұят та болса айтайын, ауылдық жерде тұрамыз ғой, әжетханамыз сыртта. Бұрындары жас болдым ба, онша қиналмайтынмын, соңғы бір-екі жылдан бері қыстыгүні қиындық тудырып жүр. Сол себепті осыдан екі жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрғанмын. Бірақ оны алу үшін көп күтетін сияқтымын. Мүмкін болса, ертерек армандаған баспанама қол жеткізсем деймін. Соған қол ұшын беретін қайырымды жандар бар ма екен? Одан бөлек, кішігірім бір кәсіп ашып беретін қайырымды кісілер табылса деп те армандаймын. Ешкімге алақан жаймай, соны басқарып, қолымнан келетін тірлікті істеп жүрсем, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Гүлфайруз Дүйсебаева.

Расында да Гүлфайруз мүгедекпін деп қарап отыратын жан емес. Ол өзіне сеніп тапсырылған бар тірлікті тындырмайынша тыным таппайды. Яғни оған қол ұшын созып, кішігірім кәсіп ашып беремін дейтін жомарт жандар табылса, үдесінен шығады деп сенеміз. Гүлфайруздың байланыс телефоны – 8-705-982-90-83.

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
8 лет назад 2542
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167