ПАЙҒАМБАР (С.Ғ.С.) МЕДИЦИНАСЫНДА ИНФЕКЦИЯЛАРДАН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫ
ПАЙҒАМБАР (С.Ғ.С.) МЕДИЦИНАСЫНДА ИНФЕКЦИЯЛАРДАН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫ

Тек микроскоппен ғана көрінетін және өмірге өте қатерлі ауру түрлеріне себеп болуы мүмкін микроптарға қатысты кей ескертпелерді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен кездестіреміз. Әбу Мұса әл-Әшъариден (р.а.) риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үмбетіме қатер қылыш пен обадан келеді» деген кезде бір сахаба: «Уа, Расулалла, қылышты білеміз, ал оба деген не нәрсе?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көзге көрінбейтін жын секілді дұшпандарымыздың астыртын зиянкестігі. Бұлардың бәріне де шейіт сауабы жазылады», – деп бұйырады[1]

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жұқпалы аурулардан сақтануда жеке бас пен қоршаған орта тазалығын сақтаумен қатар, басқа да түрлі кеңестер берген. Осы мәселелерді назарға алып пайымдар болсақ, микроорганизмдер жайлы алғаш түсіндірме жасаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екендігін байқаймыз. Ол обаның жай көзге көрінбейтін зиянды күші барын, білінбей тарайтынын және аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екенін атап айтқан. Бұған қоса, Ол (с.ғ.с.) мұндай микроптардың адам ағзасына сырттан жұғатынын ишара етіп ескерткен.

ЕСІНЕГЕНДЕ АУЫЗДЫ ҚОЛМЕН ЖАБУ

Ауа арқылы жұғатын ауру түрлерінің көбі өкпе дерттері болып табылады. Ауадағы микроптар терең тыныс алғанда, қолқаға және өкпеге дейін жетіп, дертке шалдықтырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім есінесе қолымен аузын жапсын, өйткені зиянды нәрселер аузына кіреді»[2], – деп бұйырған. Есінеген кезде ауадағы микробтардың көмекей безінен өтіп, тыныс жолдарына дейін жетпеуі үшін ауызды жабу керек. Сөйтіп, үстіңгі және астыңғы тыныс жолдарына жұғатын аурудың алдын аламыз.

ЖҰҚПАЛЫ АУРУҒА ШАЛДЫҚҚАН АДАМНАН ҚАШЫҚ БОЛУ

XIX ғасырда ғылымның ілгерілуінің арқасында ауадағы ұсақ тозаң мен микроорганизмдерді микроскоппен көре алатындай мүмкіндікке қол жеткіздік. Соның нәтижесінде науқас пен басқа адамдардың арасын белгілі дәрежеде ұзақ ұстау керектігі медициналық ереже болып қалыптасты. Медицина тарихында науқас адамдарға тым жақындамау мәселесінде алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алапеске шалдыққан адамнан жыртқыш хайуаннан қашқандай қашыңдар (яғни қорғаныңдар). Алапес адам бір жерге баратын болса, сендер басқа жаққа кетіңдер. Алапеске шалдыққан науқасқа көп қарай бермеңдер. Олармен сөйлескен кезде де араларыңда бір немесе екі найза бойы қашықтықты ұстаңдар»[3], – деген хадис шәріп арқылы ескерту жасайды. Бүгінгі күні медицина мамандары бұл қашықтықтың 70-80 сантиметрден кем болмауына кеңес береді.  

КАРАНТИН

Адамзат тарихында өмірге қауіп төндірген, жаппай қазаға әкеп соқтырған оба, безгек және басқа да кеселді дерттерден миллиондаған адам көз жұмған. Өткен ғасырлардағы жалпақ жұртты жайлаған індет қасіреттері үрей туғызғаны ақиқат. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұған қатысты сөздеріне назар аударалық: «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер бір жерде оба дерті шығып, сендер сол жерде болсаңдар, аурудан қашу үшін басқа жерге шықпаңдар», «Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адамдай күнә жасаған саналады. Ал, сабыр етіп, оба шыққан жерден кетпей ажал тапқан адамға шәйіт сауабы жазылады»[4]. Пайғамбарымыз бұл хадисінде карантиннің жай-жапсарын үйретеді. Карантиннен қашқан адамды соғыстан қашқан кісіге теңеп, аурудан сақтанбаудың  салдары қандай болатынын адамдарға ескерткен. Алла елшісі (с.ғ.с.) науқас адамдардың кеселін сау адамдарға жұқтырмау үшін карантин жариялауға кеңес бергені секілді, ауру малдарды да сау малдың қасына қосуға тыйым салған. Бір хадис шәріпінде: «Ауруға шалдыққан малды иелері сау малдың жанына қосып жүрмесін»[5], – деп бұйырады. Індет – арты өлімге апаратын қауіпті дерт. Оба, безгек, қызылша, шешек, спид және басқа да кейіннен мәлім болатын жұқпалы аурулардың бәрі індет аталады. Жұқпалы аурулардың қайсысына болмасын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Науқасқа жақындаудың қаупі зор»[6], – деп ескертеді.

ӘР ҚОЛДЫҢ ӨЗ МІНДЕТІ БАР

Алла Елшісі (с.ғ.с.) оң қолын ас ішумен таза нәрселерге, ал сол қолын дәрет алуға және лас нәрселерге қолданатын[7]. Медицина тарихына қарайтын болсақ, екі қолдың міндетін бөліп көрсеткен жалғыз адам Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екенін аңғаруға болады. Бүкіл лас істерде сол қолды, таза істе болса, оң қолды қолдануға кеңес береді. Алла елшісі тазаланғанда, киім кигенде оң жақтан бастағанды ұнататын[8]. Ағзаға қажетсіз нәжіс, зәр, қақырық, ірің, тер, маңқа секілді былғаныш нәрсеге немесе солар шыққан жерді тазалауда сол қолды қолдану абзал. Осы арқылы дененің таза жерлеріне кесел тудыратын микроорганизмдердің жанасуынан қорғанамыз.

ТҮШКІРГЕНДЕ АУЫЗДЫ БҮРКЕУ

Беті ашық қалған ыдыстағы тағамға адамның жөтелімен, түшкірігімен немесе шыбын-шіркей яки ауа арқылы микроб түсуі ықтимал. Әбу Һүрайра (р.а.): «Пайғамбарымыз түшкірген кезде қолымен және киімінің бір жерімен аузын көлегейлейтін және даусын бәсеңдетуге тырысатын»[9], – дейді. Расулалланың (с.ғ.с.) бұл әрекетінің хикметі айналадағы адамдарды жұқпалы ауру түрлерінен қорғау болып табылады. Оның осы иләһи хикметке сай өнегесі өзіне уахи арқылы білдірілген.  

ЫДЫС-АЯҚТЫҢ БЕТІН ЖАБЫҚ ҰСТАУ

Ас пен суға арналған ыдыс-аяқтың жабық және таза болуы да денсаулық тұрғысында өте маңызды. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «(Кешке жатарда) есіктерді бекітіңдер. Суы бар сабалардың аузын байлаңдар. Бос ыдыстарды төңкеріп қойыңдар! Ыдыс бос болмаса, бетін жабыңдар және жарықты сөндіріңдер! Өйткені, зиянды тіршілік иелері бекітулі есікті ашпайды. Тышқанның өзі-ақ адам үйінің тоз-тозын шығара алады»[10], – деген. Oның (с.ғ.с.) бос ыдыстарды төңкеріп немесе бетін жауып қоюға кеңес беруі ішіне ештеңе кірмесін дегені. Үйде жөтелетін біреу болса, ашық ыдысқа микроп жұғады. Мұнымен қоса, үй жануарлары, шыбын-шіркей және кеміргіш жәндіктер арқылы бактерия жұғуын болдырмау үшін ас, су ыдыстары жабық тұрғаны абзал.  

АУЗЫ ТАР ЫДЫСТАРДЫҢ АУЗЫНАН СУ ІШПЕУ

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) торсық құсаған аузы тар ыдыстың аузынан су ішуге тыйым салған[11]. Су ішкен адамның үстіңгі және астыңғы тыныс жолдарында инфекция болса, мұны ыдысқа немесе ішкен суына жұқтыруы мүмкін.

ЗӘРДІ КИІМГЕ ЖҰҚТЫРМАУ

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) киімдерінің тазалығына асқан ұқыптылықпен қарайтын. Зәр және қан секілді микробтар тез өніп көбейетін лас нәрселерді киімге тигізбеуді ескерткен. Бір хадис шәріпінде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім дәрет сындыру кезінде зәрінің үстіне шашырамауы үшін жұмсақтау жерді таңдасын»[12], – деген.  

ҚАНДЫ ЖЕРГЕ КӨМУ

Микроорганизмдер көбею үшін көміртек көзі ретінде полисахарид, май, протеин, азот, фермент, күкірт, фосфор, оттегі, сутегі, калий, магний және темір қажет етеді. Қан құрамында осы элементтердің бәрі болатындықтан, оны медицинада көптеген қорек шоғырын байыту мақсатында пайдаланылады. Мұндай жердегі қан мен микроб әлдеқайда оңай әрі тез көбейеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінен қан алдырған кезінде оны Абдуллаһ ибн Зүбәйрге береді. «Мұны алысқа апарып, адам, ит-құс тимейтіндей жерге көм»[13], – деп бұйырады. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бұл кеңесіндегі асыл мақсаты қанның микроптардың көбеюіне қолайлы орын екендігіне назар аудартып, қан құрамында болуы мүмкін микроорганизмдердің жануарлар арқылы қоршаған ортаға таралуының алдын алу болатын.  

МАҢҚА МЕН ҚАҚЫРЫҚТЫҢ КӨЗІН ЖОЮ

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім сіңбіріп яки қақыратын болса, оны дереу жойсын (яғни, көміп тастасын), адамдардың денесіне және киіміне жұғып зиян тигізбесін»,[14] – деп бұйырған. Тағы бір хадисінде: «Көпшілік алдында қақырық шығарған адам оны алақанымен жасырсын, жерге көмсін»,[15] – деп, қақырық пен маңқаны жерге көмуге кеңес береді. Бұл  адам мен жан-жануар баспайтын жер болуы тиіс. Маңқа мен қақырықтың құрамында болатын микроорганизмдердің пайдалы бактерия және зең түрлерімен органикалық құрама затқа айналып, залалсыз күйге келетін жалғыз жер топырақ болып табылады.  

БАТПАҚТЫ ЖЕРДІ ҚҰРҒАТУ

Ми батпағы шыққан жерді безгек секілді кейбір кесел түрлерінің тарауына жол берместей қалыпқа келтіру керектігін мына хадис арқылы білеміз. Айша анамыз (р.а.) Меккеден Мәдинаға келгенінде, Мәдина Араб түбегінің ең бір дерт жайлаған жері болатын. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бутхан ойпатын құрғатуға кеңес береді[16].   Микробтар көп жиналған нәрселерді жерге көму жайында Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар адам бойынан шыққан жеті нәрсені жерге көмуге бұйырды. Бұлар шаш, тырнақ, аққан қан, әйелдердің етеккір матасы, тіс, ұйыған қан, нәрестенің жолдасы»[17]. Алла Елшісі (с.ғ.с.) – қан мен ұйыған қан, шаш пен тырнақ адамға ауру жұқтырғыш әрі ашық қалған кезде адам мен жан-жануарға кеселін тигізер микробтардың көбеюіне қолайлы қоректік орын болатындықтан, оны жерге көму керектігін алғаш ескерткен жан.

КӨПШІЛІК ҚОЛДАНАТЫН ЖЕРЛЕРДІ ТАЗА ҰСТАУ

Әр-бір мұсылман баласы үйін кіршіксіз ұстаумен қатар, қоршаған ортаны да таза ұстауға, су көздерін ластамауға тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоршаған орта тазалығына тиісінше көңіл бөлген. Мұсылмандар да әрдайым бұл ескерту, ұсыныстарға сай болуға тырысқан. Ол (с.ғ.с.) ағаштың түбіне, көлеңке, сая жерлерге, бұлақ көздеріне, көлдерге, жолға, жан-жануарлардың ұясына, ініне дәрет сындыруға тыйым салған.[18]  Алла Елшісі (с.ғ.с.)  бір жолы: «Лағынетке ұшырағандардан болудан сақтаныңдар» дегенде, сахабалар: «Олар қандай адамдар?» – деп сұрайды. Пайғамбырымыз болса: «Көпшілік жүретін жолға, саялы көлеңкеге, суға және ағаштардың түбіне дәрет сындырып былғайтындар»,[19]– деп жауап береді. Демек, қоғамдық орындарды түкірік, қақырық, маңқа, зәр және нәжіспен ластаған адамның дүние мен ақыретте лағынетке ұшырайтындығы анық. Рақым пайғамбары адамдарға зиян тигізер не нәрсенің дереу жойылуын қалайтын әрі мұны иманның бір бөлшегі санаған.

АУРУ ЖҰҚТЫРАТЫН ЖАН-ЖАНУАРДЫ ЖЕКЕ ҰСТАУ

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке секілді үнемі қажылық, умра себебімен көпшілік қауым жиылатын жерлерде ауру жұқтыруы мүмкін жануар түрлерін ұстауды дұрыс көрмеген.  Ол: «Аңға, малға және егін шаруашылығына қажетті иттен артық ит асырамаңдар»[20], – деген.  

АС-АУҚАТТЫ ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯНСЫЗ ЕТІП ДАЙЫНДАУ

Мал өнімдерінен алынатын азық-түлік толық піспесе, адам ағзасын улауы мүмкін. Толық піспеген теңіз өнімдері, ішек-қарын, зәр шығу орындары, шикі ет өнімдерін пайдалану, жан-жануарды ұстағаннан кейін қол жумау немесе микробы бар ауамен тыныстау сүзек, энтероколит, өкпе қабынуы, оба, лимфаденит, бруцеллез (сарып), менингит секілді ауру түрлеріне себеп болады. Бұл кеселдерден сақтану үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, еттің бұзылуына жол бермей дайындау қажет. Ол (с.ғ.с.) соңғы қажылығында құрбан шалынғаннан соң: «Уа, Сәубан! Мына етті бұзып алмай пісір»[21], – деп бұйырады. Осыған ұқсас басқа да көптеген хадистерден аңғарылатыны, қоршаған орта мен ас-су мал мен адамнан шыққан былғанышпен ластанбауға тиіс, шошқа етін жеуге болмайды. Мініс көлігіне мінген соң киім мен дене тазалануы керек.

МОНША, ХАУЫЗ СЕКІЛДІ КӨПШІЛІК ПАЙДАЛАНАТЫН ЖЕРЛЕРГЕ КӨҢІЛ БӨЛУ

Монша мен хауыз тәрізді адамдардың ортақ пайдаланатын жерлерге зең кеселі барларды кіргізбеу керек немесе ондай науқастар ол жерлерге бармауы тиіс. Саңырауқұлақтар – кеселдің ем-домға қарсылық көрсетуге бейім түрі. Оларды емдеу қиын. Науқас емделіп жазылса да, қайта қозуы мүмкін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманында Араб жерінде монша жоқ болатын. Бірақ Ол (с.ғ.с.) ғайыптан берген бір хабарында былай дейді: «Парсы жұрты жақында сендердің қол астарыңа өтеді. Ол жақта монша деп аталатын үйлер көресіңдер. Ол жерге ер азаматтар әурет жерлерін жаппай кірмесін, ал әйелдерді науқас немесе босанған кезде болмаса, жібермеңдер»[22]. Дені сау әйелдердің ауру жұқтыруы мүмкін болғандықтан, моншаға барғанын дұрыс көрмеген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ер кісілердің моншаға бұтын жаппай кірмеуі керектігін «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенетін болса, моншаға жалаңаш кірмесін»[23] деген хадисі арқылы білдірген. Ортақ пайдаланатын жерлерде әурет жерінің ашылуы келеңсіз жайларға себеп болатындықтан тыйым салған.

Адамзат ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) орнатқан қағидаларын ұстанатын болса, тарихтағы жұқпалы аурулардың ешқайсысы болмас еді. Расында, Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы да (ДДҰ) тазалық ережелерін сақтау арқылы осындай нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтуда. Өйткені, Исламмен келген ережелер таза өмір сүруге болатынын дәлелдеді. Ислам адамдардың өмір сүру үлгісін қалыптастырушы дін ретінде келген. Бүкіл адамзаттың кіршіксіз таза ортада өмір сүруге қақысы бар. Дей тұрғанмен, үлкен қалаларда ғұмыр кешіп жатқан ақырзаман үмбетін қияметке дейін қорғаушы медициналық ережелерді Пайғамбарымыз егжей-тегжейлі түсіндіріп кеткен әрі өзі де сол жолмен өмір сүрген.


[1] Әбу Дәуід, Мүснәд.
[2] Әбу Дәуід, Мүслим, Мүснәд.
[3] Мүснәд, Ибн-и Масә, ф. Кадир.
[4] Әбу Дәуід, Мүснәд.
[5] Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуід, Мүснәд, Фаик.
[6] Әбу Дәуід.
[7] Әбу Дәуід.
[8] Бұхари, Мүслим.
[9] Әбу Дәуід.
[10] Бұхари, Mүслим, Mүфрәд.
[11] Бухари, M.Aлийә, ән-Ниһайә, ибн-и Кайим, Mүснәд.
[12] Гүмүшханәуи, Несими.
[13] Kұбра Хаким, Kәшфүл уммал, Ф. Kaдир M. Aлийә.
[14] Mүслим, Бұхари, Mүснәд, Нәсәи.
[15] Бұхари, Mүфрәд, Mүслим, Нәсәи.
[16] Бұхари, Mүслим, Дарими, Mажә, K. Уммал, Рамуз, Л. Укул.
[17] Ж. Сагир, Ф. Kaдир, Kәнзул Уммал.
[18] Mүслим, Бұхари, Әбу Дәуід.
[19] Mүслим, Ибн Mәжә, M. Зәуаид, Фaик.
[20] Бұхари, Mүслим.
[21] Mүслим, Әбу Дәуід, С. Kүбра, K. Уммал.
[22] С. Kүбра, Ибн Mәжә, Бaғдади.
[23] Бағдади, Нәсәи, Mүснәд.

akikat.kz
Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 лет назад 3442
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167