Пәтерді жалға беретін агенттіктердің әрекеті алаяқтық па?
Пәтерді жалға беретін агенттіктердің әрекеті алаяқтық па?

Оппа! Бәсе, қай кезде хабарлассаңыз да, арзан бағалы пәтерлердің өтіп кеткенін айтып, басқа пәтер болып жатса ескертетін болып уәде беретіндері осы екен ғой. Алтынның әңгімесі мұнымен біткен жоқ, қызығы алдыда екен. 

Бірде Астанаға өзге қалада тұратын досым келді. Вокзалдан күтіп алған соң, ол екі күнге пәтер жалдайтынын айтты. Мен өз үйіме жата беруін ұсындым. Бірақ іс-сапар қағаздарын толтыру үшін пәтер иесінен екі күндік пәтер ақы төледі деген анықтама ала салуды ұмытқан жоқпыз. Сол кезде пәтер иесімен сөйлесудің сәті түсті.

Олар қаладағы ұзақ мерзімге жалға берілетін пәтерлерді алады екен де, соны тәуліктік жалға беру қызметімен өзгелерге ұсынады. Мысалы айын 100 мың теңгеге жалға алады да, өзі күніне 5-тен 20 мың аралығында ұсынады. Бұл көп адамның күнкөріс көзіне айналып кеткен қазіргі таңда.

Жақында бұған дейінгі тұрып жатқан үйімізді қожайыны сатып жіберді де, қаладан тағы да пәтер іздеуге тура келді. Жарнамалық сайттарды қарап отырып қазіргі таңда Астанада 100 мың теңгеден төмен бағада 1 бөлмелі пәтер табудың қиындығына көзім жетті.

Сонымен, басынан бастап өз басымнан өткен оқиғаны тізіп шығайын. Біреу болмаса, біреу сабақ алар деген ойдамын.

Жаңағы жарнамалық сайттардан баспананы жалға беретін агенттік қызметкерлерінің телефон номерлерін алдым да хабарластым. «Осылай да, осылай, маған сол жағалаудан 1 немесе 2 бөлмелі пәтер керек» - дедім. «Бағасы 70 пен 100 мың теңге аралығында болсын» дегенді де қостым. Агенттік қызметкерлері бірден шыр ете қалды, «аға, ондай сомаға бұл ауданнан пәтер табылмайды» дейді. «Неге?» десем, бұл ауданның қымбат екенін, ЭКСПО-ға жақын екенін, сол жағалауда көбінде барлық жағдайы жасалған үйлер екенін алға тартты.

Сонымен, бір риэлтормен келісіп, баспана тауып беруін сұрадым. Ол кісі де бір Құдайға қараған жан екен, маған қолынан келгенін жасап, өзіммен бірге жүріп пәтер іздеді.

Көшеде бірге жүрген соң оны әңгімеге тарта бастадым. Агенттікке жұмыс істеуден бұрын заңгер болған екен. Мемлекеттік қызметтің шаршатқанын, айлығының мардымсыз екенін алға тартқан азаматша аты-жөнін Алтын деп таныстырды.

Сонымен Алтын екеуміздің әңгімеміз осы пәтер жалдау мәселесіне ойысты.

Ол маған агенттіктердің пәтерді жалға беру мәселесі бойынша біраз «құпияның» бетін ашты.

«Бізге пәтерін жалға беретін азаматтардан ұсыныс түседі. Біз сол бойынша жұмыс жасаймыз. Тіпті түспей қалған күннің өзінде біз пәтер іздеген азаматтарды өзімізге шақырып аламыз» - дейді Алтын.

«Қалай шақырып аласыздар?» деген сауал аузымнан еріксіз шығып кетті.

«Ол былай болады. Мысалы бүгін таңертең жұмысқа келдіңіз. Агенттікке ешқандай пәтер түскен жоқ. Бірақ сіз де қарап отырмайсыз ғой. Нәпақа табуыңыз керек. Сондықтан аламыз да жарнамалық сайттарға жалған ақпарат жаза бастаймыз. «Бәлен көшеде бәлен бөлмелі пәтер жалға беріледі. Бағасы арзан». Болды. Қалғаны өз қолымызда. Сол ақпаратты оқыған пәтер іздеушілер хабарласа бастайды. Біз оларға ол пәтердің өтіп кеткенін айтамыз, бірақ, варианттар болып жатса хабарласатынымызды айтып, номерін сақтап аламыз» - дейді риэлтор.

Оппа! Бәсе, қай кезде хабарлассаңыз да, арзан бағалы пәтерлердің өтіп кеткенін айтып, басқа пәтер болып жатса ескертетін болып уәде беретіндері осы екен ғой. Алтынның әңгімесі мұнымен біткен жоқ, қызығы алдыда екен.

«Әрине, бір күнде бір адам пәтерін жалға бермеуі мүмкін емес қой. Өз үйінде жақсы «квартиранттардың» тұрғанын кім қаламайды дейсіз? Баспанасын жалға беретіндер хабарласа бастайды. Ондайда, әсіресе бұрын жалға пәтер беріп көрмеген кісілер не айтсаң соған сенеді. Және пәтерін де арзанға бағалауы мүмкін. Мысалы 2 бөлмелі үйді 100 мың теңгеге жалдауы мүмкін. Осындайда саудаға біз араласамыз. Қожайынға үйінің жақсы ауданда орналасқанын, барлық жиһазы бар екенін, бұл аумақтағы басқа пәтерлердің қымбат екенін айтып, сендіреміз, мұндай болмаса да. Сондықтан бағаны көтеруді ұсынамыз. Пәтер иесі шынымен сондай екен деп ойлап, бағаны тым болмағанда 120 мыңға көтереді».

Тағы да сөз аяғын күтпестен мұның не керегі барын сұрап қалдым.

«Біз процентпен жұмыс жасаймыз ғой. Мысалы қазір сізге пәтер тауып берсем, сіз маған сол бағаның 10 процентін, үй иесі 10 процентін бересіздер. 100 мыңның 10 проценті – 10000, 120 мыңдікі – 12000. Айырмашылық – 2000 теңге. 24000 теңгені агенттікпен 60/40 үлесімен бөлісеміз. Мен қанша көп тапсам, проценті де көп болады» - дейді Алтын.

Ойлап көріңізші, бір рет қана алатын 10 процент үшін айдаладағы қаймана қазақтың қалтасынан 20 мың теңге өзгенің қалтасына кетіп жатыр. Өз қалтасына түсер 2000 теңгеге бола өзгені сорлату қаншалықты дұрыс? Әрине, бұл менің ішкі ойым, Алттының әңгімесін әлі де тыңдап келемін.

«Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Мысалы мен пәтер иесіне жалға алушыларды тауып беремін де, оларды бір уақытта пәтерді көруге шақырамын. Сол кезде үй иесі де келіп, жалға алатын адамдарды таңдап алады».

«Таңдап алғаны несі?» дедім тағы да шыдай алмай.

«Ол былай. Бір пәтерді көруге 5-6 адам келуі мүмкін. Солардың ішінен қожайын өз үйінде тұратын отбасыны таңдап алады. Мысалы, баласы жоқ немесе баласы аз, отбасындағы адамдардың қызметте болуы, құрылысшылар болмауы керек, студенттер болмауы керек, мүгедек адамы болмауы керек, бойдақ жігіттер қыздар әкелмеуі керек, арақ ішіп, темекі шекпеулері керек т.б. өз талаптарын қояды. Баласы көп отбасы болса үйдің жиһаздарын бүлдіріп тастайды дейді көбі. Сондықтан қожайынның көңілінен шығамын десеңіз жоғардағы талаптарды сақтағаныңыз дұрыс» - дейді Алтын риэлтор.

Осы кезде ойыма үй иелерінің «балаңыз бар ма? Неше адамсыздар?» деп сұрақтың астына алатыны сап ете қалды.

Міне, мәселе қайда жатыр. Мынадай талаптардан кейін қазақ қалай көбейеді? Қазақтың бойдақ жігіттері мен кәрі қыздарының саны қалай азаяды?

Осы кезде агенттік қызметкері өз басындағы жағдайды да жасырып қалмады.

«Рас бұл жерде ақшаны жақсы табуға болады. Бірақ сізден алған 10000 теңгенің 4000-ы ғана менің қалтама түседі. Сондықтан да біз агенттік атынан келісімшарт жасамауға тырысамыз. Себебі, қожайын мен жалға алушы өзара келісіп, пәтер ақыны төлеу уақыты мен жалға алу мерзімін белгілейтін болса, біздің қалтамызда көбірек ақша қалады. Тіпті сіздерден алатын ақша тұтастай қалуы мүмкін» - дейді Алтын.

Бұлар да жанымен жан сақтап отырған жандар ғой. Дегенмен, агенттіктердің жаңағындай құйтырқылығы қарапайым халықтың сорына айналып отырғаны жаныңа батады екен. 

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
8 лет назад 3135
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167