Қазақ діни партия құруға дайын ба?
Қазақ діни партия құруға дайын ба?

Қазір елімізде ресми тіркелген «Nur Otan» Халықтық-Демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік Халықтық партиясы, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ақ Жол» демократиялық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) сынды партиялар бар. Бірақ, ылғи да әлемдік дін өкілдерінің басын қосуға мүдделілік танытып, үнемі халықаралық деңгейдегі түрлі басқосулар өткізуге аса белсенді қазақ билігі елімізде ислам партиясын құруға қатысты неге құлықсыз? Әлде тұрғындарының 90 пайызы мұсылмандар болып табылатын мемлекет өз азаматтарының Ата Заңмен бекітілген құқығын аяққа таптауды құп көре ме?

Қазір әлемнің демократиясы дамыған барлық елдерінде діни партиялар сайлауға қатыстып, өз дауыс берушілерінің құқығын елішілік және жер жаһандық деңгейде қорғауда. Неге бізде олай емес, мұсылмандарды парламентке жолатпаудың артында не бұғып жатыр? Осы сұрақ еліміздегі мұсылман қауымының көкейіндегі өксікке айналды.

Жаһандану дәуірінде діни партияларда өзгеріске түсіп, әлемдік демократияның дамуына өз үлесін қосуда. Ислам мен Мәсіхшіл парияларды сөз етпей, басқа діндегі партияларға қатысты сөз қозғар болсақ, онда буддашылардың жапон жерінде Комэйто (жап. 公明党 Комэйто; ағыл. New Komeito) партиясы, еврейлердің көбедей көп діни-саяси партиялары бар.

Комэйто – Сока Гаккай будда ұйымы құрған жапонның оңшыл саяси партиясы талай рет парламент сайлауына қатысып, соңғы 2016 жылы өткен сайлауда 13,5% дауыс жинап, жоғарғы палатадан 25 орынды иеленді.

Ең діни партиясы көп ел Израилде биылғы 2019 жылдың 17 қыркүйегінде Кнессеттің 21 шақырылымдағы парламент сайлауында 120 депутаттық мандатты иелену үшін өзара топтасқан 50-ге таяу партия мен қозғалыстар қатысты. Олардың ішінде 40-қа тарта діни партия өз бағын сынады. Кнессете өз депутаттары арқылы еврей мүддесін әлем бойынша қорғауда 1912 жылы құрылған Агудат Исраэль (ивр. ‏אֲגֻדַּת יִשְׂרָאֵל‏‎, «Израиль Одағы») партиясының орны бөлек.

Бізге саяси демократия жағынан үлгі-өнеге болған Еуропада да діни партиялар сайлауға қатысып, өз саяси дауысын естіртіп қояды. Біз болсақ, дінге жат LGBT (Lesbian, Gay, Bisexual және Transgender), феминизм, жалған гендер, отандық «Ұят» т.б. қозғалыстардың шашбауын көтеріп, «Нағыз демократия – Осы» деп сан шапақтап, өлеурей өңеш жыртамыз. Батыста «Өз және Өзге» дейтін қосарлы стандарт барлығын неге сезінбейміз?!

Еуропаның барлық елдерінде діни партиялар саяси тіркеліп, өз елдерінің парламент сайлауларына еркін қатысады. КСРО-ның шекпенінен шыққан Балтық елдері бұл жағынан бізге үлгі болады. Латвияда – Христиан-демократиялық одағы (лат. Kristīgi demokrātiskā savienība, KDS), Литвада: Елдестік Одағы – Литова христиан демократтары (лит. Tėvynės sąjunga – Lietuvos krikščionys demokratai, TS-LKD), Литованың христиан-демократиылық партиясы (лит. Lietuvos krikščioniškosios demokratijos partija, LKDP) және орыс тілділерге күн көрсетпейді деген елде діни бағыттағы Литва поляктарының сайлау акциясы (пол. Akcja Wyborcza Polaków na Litwie, AWPL; лит. Lietuvos lenkų rinkimų akcija,LLRA) және Эстонияның христандық құндылықтарды мұрат еткен діни бағыттағы Ел (эст. Isamaa) партиясы бар.

2017 жылғы Бундестаг сайлауына 5% дауыс жинап, 709 депутаттық мандатты иелену үшін 42 саяси партия қатысып, осы кедергіні тек 6 партия ғана еңсере алды. Христиан-демократиялық одағы мен Христиан әлеуметтік одағы фракциясы 34.7% дауысты еншіледі.

Бірақ ТМД кеңістігінде діни партия құруға заңмен тыйым салынса да, әлі күнге дейін қажы Алиакрам Алиев негізін салған 74 жергілікті комитеті бар, 50 мың адамнан аса мүшесі бар Әзербайжанның Ислам партиясы өмір сүруін жалғастыруда, Тәжікстанның Ислам партиясы да жасырын әрекетке көшкен.

Көрші Ресейде 1995 жылы діни партиялар сайлауға қатысып, "Христианско-демократический союз - Христиане России" – 0,13% дауыс, "Блок, включающий руководителей... партии православных, народной христианско-монархической партии..." – 0,21% дауыс, "НҰР"  мұсылман қозғалысы – 0,68% иеленді. Кейін бұл үрдіске тыйым салынды.

Белоруссияда "Беларуская хрысьціянская дэмакратыя" және "Партыя БНФ" бар.

Түрік бауырларымыз да өз діни ұстанымдағы партияларға еркіндік беріп отыр. Режеп Тайып Ердоған басында тұрған түріктің "Бір қалыпты исламдық әділдік пен даму" партиясы өз елі үшін көп нәрсе істеді.

Тек Орталық Азиядағы бес мемлекет қана Ислам партиясы десе, қандарын ішіне тартып, жылан көргендей жиырылады.

Дінге сүйенбеген кез келген партияның болшағы бұлыңғыр. Осыны Батыс та, еврейлер де жақсы түсініп, діни партия құрып, оны елдің саяси-қоғамдық өміріне аластырып отыр. Енді кезек қазақ қоғамына келді. Бірақ, біз діни партия құра аламыз ба? Құрсақ, «аққу, шортан һәм шаян» сияқты жан-жаққа тартып, сансырап қалмаймыз ба?!

Қыр астындағы келесі сайлауға дейін «Алаш Ислам Партиясы» құрылып, оған қатысып, ел дауына өз үлесін қоса ала ма? Ұлтымыз Батыстың «қосарлы стандарт» арқылы аярлықпен дінсіздендіруіне қарсы ең басты саяси күресте жеңіске жете ала ма?

«Демократиясы дамыған Батыста неге діни партия құрылып, сайлауға қатысады, бізде неге олай емес!?» деген сауалдың жауабын жабыла іздеп, ұлт болып ұйыса қорытынды шығаратын сәт туды.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
5 лет назад 2254
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167