Қазақстанда шілде айынан бастап дәрілер нұсқаулықсыз сатылмайды
Қазақстанда шілде айынан бастап дәрілер нұсқаулықсыз сатылмайды

Шілде айынан бастап дәрі-дәрмектер дәрігердің нұсқаулығынсыз сатылмайды. Заң күшіне енгеннен кейін аталған талапты орындамаған дәріханалар жапуаркешілікке тартылады. Бұл бастама үнемі дәрі қабылдайтын азаматтар үшін бірқатар қиындық туындатпақ.

Сұлтанның демікпе ауруына шалдыққанына біраз уақыт болған. "Тұмаудың соңы асқынып кетті" дейді. Дәрілерін тастамай алып жүретін болған. Қолданысқа енгізілгелі жатқан заңның шикі тұстары барын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Астма ауруымен ауырып жүрмін. Маған инголятор деген нәрсе керек болып тұрады. Мен көптеген аптекаларға барамын, маған сатпайды. Себебі ол рецептімен беріледі. Мен мысалы тұншығып қалуым мүмкін. Менде тек 2 минутым бар. Көбінесе инголятор себемін. Ауа жетпей қалады. Құлап қаламын. Әрі қарай қиын болады", - деді қала тұрғыны Сұлтан Құрманов. 

Мұндай өзгеріске дәріханалар қаншалықты дайын екенін білмек болып Сұлтанды ертіп біраз мекемені аралап қайттық. Қанша сұрағанымызбен барлық жерден бірдей жауап алдық: 
-          Нұсқаулықсыз болмай ма негізі?

-          Ал сізге кімге бұл?

-          Өзіме. Маған біліп алу керек еді. 

-          Тек нұсқаулықпен беріледі. Дәрігердің рұқсаты немесе жазған анықтамасы болуы керек. 

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бұл мәселеге байланысты арнайы баспасөз жиынын өткізді. Мамандардың айтуына қарағанда дәрілерді нұсқаулықпен сату баяғыда енгізіліп қойған үрдіс екен.  

"Қазақстанда нұсқаулығы бойынша дәрі-дәрмек сату Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа талабы емес. Бұл жүйе 15 жылдан бері қолданылып келеді. Дәрігердің нұсқаулығынсыз сатылатын препараттардың тізбесімен министрліктің интернет-ресурстарында танысуға болады. Нұсқаулық жазып беру мен дәріханалардан препараттарды алу жолын жеңілдету үшін 2020 жылдан бастап министрліктің ақпараттық жүйелерінде жұмысты толық электрондық форматқа көшіру жоспарланып отыр", - деді ҚР ДСМ тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова. 

Әлбетте, жасалып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға келмейді. Бірақ, оқыс жағдай тіркеліп, адамның өміріне қауіп төнетін болса қайтпек керек?

"Тура бір сондай жағдай болса мен ойлаймын сол дәріханада тұрған  провизор немесе фармацевт көмектесе біледі деп. Ал біздің айтайын деп отырғанымыз дәріні шексіз пайдалану ол зиян", - деді ҚР ДСМ тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төраға орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.

Жағдайды түсінер, қолұшын созар деп ауызша айтып қоя салуға болмас. Барлық жағдай заңда жазылып, реттеліп қою керек шығар? Заңгер Ернұр Таукешов нұсқаулықтар болуі тиіс екенін айтады. 

"Ауырып жатқан, жағдайы болмай жатқан адамның өзі емес, ол кісінің өкілдері немесе көмектесемін деген, қол ұшын созамын деген азаматтар болса, сол кісілер дәріханаға барып ,аты-жөнін бәрін белгілеп қандай дәрілерді қандай сомаға сатып алғанын айтса. Сосын ауырған адам тәуір болған соң  бұл дәрі-дәрмектер шынайы сол ауру адамға пайдаланылды деген керек болатын шығар", - дейді заңгер Ернұр Таукешев. 

Министрліктің дерегі бойынша, елімізде 7 792 дәрі-дәрмек тіркелген екен. Оның ішінде, 6 033 рецепті бойынша, ал 1 759 рецептісіз босатылады. Шілдеде күшіне енетін заң кез келген дәріні сатып алу үшін ақ халаттылардан рұқсат алу керек деп тұрған жоқ. Бірақ, 90 процент жағдайда рецепт қажет болады.  

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
5 лет назад 2436
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167