Қазақстандық миллионер Қытайдың мұнай компаниясына қалай айыппұл салғызды?
Қазақстандық миллионер Қытайдың мұнай компаниясына қалай айыппұл салғызды?

Марат Әбиев жас шенеуніктерді жемқор басшыларын әшкерелеуге шақырды.  

Ботақара Марат Әбиевті ел «Форбстың» қазақстандық нұсқасы арқылы таныды. 31 жасында 11 млн доллар тапқан жігіт жұртқа талантты кәсіпкер ретінде таныстырылған болатын. Өзінің айтуынша, қазір табысы 11 мллион доллардан асып кетіпті. Кейін оның аты Энергетика министрінің орынбасарына қатысты даумен тағы шықты. Мұнай өндірісіне қажетті болат құбыр шығаратын зауыты бар жас кәсіпкерге Қытайлық CNPC компаниясның Қазақстан мұнайын игере отырып, оған қажет материал мен құрылғының бәрін өз елдерінен таситыны ұнамайды. Сөйтіп, Қазақстан заңдарына  пысқырып та қарамаған инвестордың бұл әрекетін Энергетика министрінің орынбасарына айтып, айпыппұл салуды талап етеді. Ол талабы орындалмай қалғаннан кейін Марат Әбиев сол кездегі министр Владимир Школьниктің атына ашық хат жазып, вице-министрді «қорқақ» деп атаған болатын. «ANTIKOR ORTALYGY» ақпарат алаңында сұхбат берген миллионер сол оқиғаның әрі қарай қалай өрбігенін баяндап берді.

«Үлкен ақша табу үшін басқаша ойлай білуің керек, қорықпауың керек. Бір кейсті айтып берейін. Ақтөбеде тұрған кезімізде «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» компаниясымен келісімшарт жасасқымыз келді. Бұл өзі қытайлық мұнай-газ компаниясы. Бірақ, қытайлықтар біз ұсынған қазақстандық құбырларды алғысы келмеді. Оның орнына Қытайдан шыққан құбырлар сатып алып отырды. Ол кезде «Отандық өндірушілерді қолдау туралы» Заң бар болатын. Сол заң бойынша кез келген мұнай компаниясы қазақстандық өндірушіден тауар алуға міндеттелген. Мысалы, «CNPC-Ақтөбемұнайгаздың» келісімшарттарында жергілікті құрам 25 пайыз ғана болды. Ал заң бойынша кемінде 30 пайыз болуы керек еді. Егер олардың қазақстандық тауарды сатып алмағаны дәлелденсе, Энергетика министрлігі мемлекеттің атынан айыппұл сала алатын», – деп еске алады кәсіпкер.

Бірақ, Энергетика министрі қытайлық компаниядан Қазақстан заңының орындалуын талап етуге асықпапты. Амалы таусылған жігіт ақыры тәуекелге бел буып, БАҚ өкілдеріне жүгінеді.  

«Біз әуелі CNPC-дің сатып алуларына талдау жасадық.  Сөйтек, олар мүлде қазақстандық тауар сатып алмайды екен. Бәрі қытайлық. Барлық тендерді 5 қазақстандық компания ғана кезек-кезек ұтып отырған. Олардың бәрі CNPC-дің еншілес компаниясымен байланысты екенін анықтадық.  Яғни, осы компаниялар арқылы қытайлықтар өз тауарын жеткізіп отырған. Осының бәрін құжаттадық та, Энергетика министрлігінде баяндама жасадым. Бәрі аң-таң болды. Сонда да Қытай компаниясы біздің құбырды алғысы келмеді. Энергетика вице-министрі болған Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбеге ұшып келді. Заң бұзғаны үшін айыппұл салыңыздар десем, тартыншақтай берді.  Ақыры БАҚ-қа шығып, «Мағзұм қорқақ» деп мәлімдедім. Осыдан кейін ғана вице-министр халықтың қаһарынан қорқып, Қытай компаниясына айыппұл салды. Ал мен заңды жолмен ақша таптым.  Мен бар болғаны заңның орындалуын талап етемін.  Заңды талап ету арқылы да ақша табуға болатынын осыдан көруге болады», – деді кәсіпкер.

Марат Әбиев өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен жаңа жоба бойынша келісімшарт жасапты. Өзінің айтуынша, жобаның құны – 7 млрд. доллар.  Негізгі мақсаты – аграрлық саланы реформалау. Оны іске асыру үшін жемқорлыққа қарсы тұрғысы келетін 10 мың жас азаматты дайындап, сыбайлас жемқорларға қарсы сауатты әрі жүйелі күрес жүргізбекші.

«Біз өзіміздің бағдарлама арқылы 1200 жасты мультимиллионер еткіміз келеді. Бұл бағдарлама Қазақстанға экономикалық дағдарыстан шығуға көмектеседі. Жобамыз бос сөз емес. Біз «Делойт» компаниясына аналитикалық тапсырыс бергенбіз. Олар осы жоба арқылы Қазақстанды дағдарыстан құтқаруға болатынын растап отыр. Өйткені біздің бағдарлама аграрлық реформаға бағытталған.  Аграрлық сала қазір Қазақстан үшін жаңа мұнай деуге болады.  Бірақ, қазіргідей жемқорлық бар кезде бұл реформаны сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Біз қосымша жаңа бағдарлама жасап жатырмыз. Бір жыл ішінде 1000 жемқорды әшкерелеп, сотқа тапсырмақшымыз. Ол үшін 19 бен 35 жас арасындағы 10 мың адам керек. Бұл мәселемен қазір айналыспасақ, бағдарламамыз утопияға айналады. Өйткені, жемқорлықтың терең тамыр жайғаны сонша, тіпті, пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрі жемқорлықпен ұсталды деген ақпарат тарады. Әрине, әзірге оның кінәсі дәлелденбеген де шығар. Бірақ, күдіктің пайда болуының өзі Үкіметіміздің өзі жемқорлыққа батқанын көрсетеді деп ойлаймын», – деген жоба жетекшісі жастарды «жемқор ағатайлардан жиіркенуге үндеді.

«Қазір бізде баюдың классикалық жолы пайда болған. Миллионер болу үшін жемқор ағатайың болуы керек. Оның алдында бүкіл жұрт құр аттай жорғалап тұруы тиіс. Бұл дұрыс емес. Ондай ағатайларды сыйлаудың орнына соттау керек. Естеріңізде болсын, жемқордың ата-анасы мен әйелін ешқашан аяуға болмайды. Өйткені, оған жемқор бол деп тәрбие беретін сол әкесі мен шешесі. Ал әйелдері қымбат тон мен сәнді көлік сұрап, күйеуін жемқорлыққа итермелейді. Сондықтан оларды аямау керек», – деген миллионер жас шенеуніктерге қаратып бірауыз сөз айтты.

«Мен білем, сіздер о баста мемлекеттік қызметке келген кезде өз елдеріңіздің париоты едіңіздер. Бірақ, жемқор басшыларыңыз біртіндеп сіздерді де осы жүйеге жекті. Енді жемқор жексұрын болуға баулып жатыр. Сіздерде әлі де мүмкіндік бар. Қайтадан патриотқа айналып, жемқор басшыларыңыз туралы мәлімет ұсыныңыздар. Біз арнайы E-mail жасап жатырмыз. Соған түскен мәліметтерді зерделеп, бір жылдың ішінде 1000 жемқор туралы фильм түсіреміз. Ол фильмде барлық жемқорлар қамтылады. Бірақ, басты назар топ-шенеуніктерге бағытталады», – дейді ол.

Марат Әбиев жемқорлықпен күрестің әділ жүрмеуіне мемлекет басшыларының жұмсақтығы да кесірін тигізіп отырғанын айтады.

«Біздің Елбасы мен Президент – тым мейірімді адамдар. Бір министр жемқорлықпен ұсталса, ортаға түрлі адамдарды салады. Олар әлгі жемқорды мақтап, ақтай бастайды.  Шындығында ол жемқор жексұрын ғой.  Ал Елбасы мен Президент аяп, жібере салады. Қосар стандарт деген осындайдан пайда болады. Әділетсіздік осылай туындайды», – деді жас миллионер.

Есжан Ботақара

inbusiness.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
4 года назад 4829
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167