ҚҰДАЙСЫЗ ҚҰЛДЫҢ ҚЫЛЫҒЫ
ҚҰДАЙСЫЗ ҚҰЛДЫҢ ҚЫЛЫҒЫ

Бұл 1928-ші жылдары болған оқиға екен. Бұдан 10 жыл бұрын "төңкеріс" дейтін дүние келіп, өз жайымен жүріп жатқан қазақ қоғамын басын аяғына, аяғын басына қаратып "төңкеріп" қойған заман. Онымен қанағаттанбай елдің ішінде «Құдайсыздар ұйымы» деген құрылып құдайға қараған мүмін-мұсылманды қиратып жатқан шақ.

Көненің сүрлеуін жақсы білетін қазақы қариялар дүлей күшке қарсы келмесе де, ішін бермеген заман. Бірде Жүніс дейтін молдаға әпербақан шолақ белсенді шошаңдап болмапты. Жүкең сұрапты:
-Осы сендер қандай үкімет құрғалы жінігіп жүрсіңдер?
-Байды кедейге теңейміз, – деп дәурігіпті ана бейбақ. Жүніс молда басын шайқап, мырс етіп күліпті де:
– Ей, шырағым-ай, әу баста қате кеткен екенсіңдер, есі дұрыс үкімет қайта кедейді байға теңемей ме?!
Содан бірде «Құдайсыздар ұйымының» басшысы өкірген бәлшебектің ер жеткен жалғыз ұлы ажал құшыпты. Дінсіздің ұлы өлді деп қарап отыратын емес ішінде Жүніс молда бар елдің ақсақалдары жиналып келіп, көңіл айтады. Ұлы өлген комәніс бейбақ қолына ұзын кездік ұстап алған оны аспанға құлаштап лақтырып жүр дейді. Не болды десе, – Менің жалғыз ұлымды алған құдайдың көзін ағызам, – дейтін көрінеді. (Астағыпыраллаһ).
Мына қылықты көрген шалдар шошып кетіпті. «Ойбай мына ақымақ құдайға тіл тигізіп, үлкен күпір етті, бұның маңына жолауға болмайды, құрысын кеттік» деп, ошарылып орындарынан тұрады.
Ел дүрлігіп жатса Жүніс молда үнсіз сақалын сипап отыр. Шалдар ентігіп есік көзінде тұр. Содан Жүкең, – Ей, халайық, – депті. – Неге дүрлігіп кеттіңдер, сабыр-сабыр, бері таман келіңдер, қараңдаршы ана бейбақ аспанға кездік лақтырып жүр, ол нені білдіреді, баласын берген де, алған да бір Алла екенін біліп өзінше төбелесіп жүр. Алда-жалда баламды сендер өлтірдіңдер деп біздің көзімізге пышақ лақсырса не болдық. Бұл бір. Екіншіден, әкесі күпір болды делік, мына марқұм баласының жазығы не, ертең құдайдың алдында мына мәйіттің жаназасы үшін біз жауап береміз, әкесі ана қылығы үшін өзі жауап береді. Барыңдар да дәрет алыңдар, жаназаға тұрамыз, – деген екен.
Бұрынғы қазақтарда хикмет деген ұғым болған. Бұл жерде Жүніс молда хикметпен үкім айтып тұр. Қазір бізде білім бар бірақ осы хикмет жоқ.

Бекен Кайратулы

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
8 лет назад 3345
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167