Кейде сөздік қорымыз тарылып, тіліміз жұтаң тартып тұрады. Сонда бір сөздің синонимін, басқа баламасын іздейміз. Бүгінгі материалымызда синононимдік қатары көп сөздер тізімін ұсынамыз, деп жазады Stan.kz порталы.
Қазақ тілі синонимге өте бай екені белгілі. Алдыңғы материалда антоним, омоним, синоним сөздер жайлы түсіндірген едік.
Синонимдер – айтылуы, естілуі, жазылуы әр алуан, мағыналары бір-біріне жақын, жуық мәнді сөздер. Мысалы, Менің анам сұлу, келбетті әйел деген сөйлемдегі сұлу, келбетті сөздері бірінің орнына бірін ауыстырып қолдануға болатын, мағыналары бір-біріне жақын, бір сөз табынан болған синоним сөздер.
Синонимдердің бәрінің мағынасы бірдей емес екенін атап өткен жөн. Бұл синонимдер дерексіз ұғымдар жөнінде айтылғанда, бірінің орнына бірі қолданыла береді, ал заттық, құбылыстық ұғымдармен байланыса келгенде, бірі шеттеп шығып қалып отырады.
- Арғымақ — тұлпар — сәйгүлік
- Дидар — ажар — кескін-келбет — бет-әлпет — түр — өң — пішін — рең— шырай
- Көрікті— келбетті— сұлу — әдемі — әсем — сымбатты — ажарлы
- Амандасу — сәлемдесу — қал сұрасу — есендесу — жағдай сұрасу
- Салмақты — сабырлы — байыпты — ұстамды
- Тез — жылдам — шапшаң — лезде
- Жақын — таяу — жуық — қашық емес — жырақ емес
- Кір — лас — нас — таза емес
- Ақпарат — мәлімет — дерек — мағлұмат — хабар —жаңалық
- Қайғылы — уайымды — мұңды — қасіретті — қапалы
- Семірту —шелдену—майлану—тойыну - жуандау—толу—қоңдану
- Екі — қос — жұп — сыңарлы — егіз
- Құнды — қымбат — бұлды — татымды — бағалы — арзан емес
- Әзіл — оспақ, — әжуа — сықақ — қалжың — кекесін — қағытпа
- Батыл — өжет — ержүрек — жүрек жұтқан — ер — батыл
Айта кетейік, синонимдер басқа сөздермен тіркескен кезде мәтін, сөйлем контекстіне қарап қолдану маңызды. Себебі, кейде синоним сөздерді бірінің орнына бірін әр уақыт қолдана беруге келмейді. Неғұрлым көп синоним сөз білу сөздік қорыңызды кеңейтеді. Алайда, кей сөздердің басқа сөздерге қарағанда эмоционалдық реңкі жоғары болатынын, ал кейбірін әдеби тілде қолданған жөн екенін есте сақтау жөн.
Біз, Stan.kz редакциясы, қазақстандықтар қазақ тілінде сауатты жазып, сөйлегенін қалаймыз. Осы орайда, "Таза тіл" шығарылымдар сериясын жарияладық.
Қазақ тілінде сөйлеуде тағы қандай сәттерде қиындық туындайды? Адамдар қай кезде жиі қателеседі? Егер сауалдарыңыз болса, келесі форма арқылы бізге сұрақ жолдаңыз