Талдықорған қаласындағы «Иман» мешітінің жамағаты аналарын құрметтеп, ардақтаудың үлгісін көрсететін өзгеше шара өткізді.
Жиынға қатысқан әрбір мұсылман анасына деген махаббатын шын жүректен білдірді. Анасына Алладан дұға етіп, амандығын сұрап, қолдарынан сүйіп, мүбарак зәмзәм суынан ұсынды және аналарының аяғын жуып берді, деп хабарлайды ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша баспасөз қызметі.
Әз аналардың аяғын жуу рәсімін өткізген соң, аналар қауымы өзінің балаларына ризашылығын білдірді. Хадисте: «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында», – делінген.
Алла Тағала Құрандағы «Лұқман» сүресінің 14-аятында: «Маған және әке-шешеңе шүкір ет», – деп бұйырған. Ал, Пайғамбармыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Жаннат – аналардың табандарының астында» делінген. Біз, мұсылмандар, аналарымызды тек Наурыз мейрамы кезінде ғана емес, өмір бойы сыйлап өтуге міндеттіміз, борыштымыз.